Дала төсіне дән тасталды

«Егіні бітіктің қырманына қыдыр қонады» дейтін шаруа қауымы дала төсіне дән сеуіп, еңбек көркін қыздыра түсті. Ерте көктемнен егіс басында жүріп, алажаздай тер төгіп, өнімнің бітік шығуына жұмылатын диқан қауымның бейнеті қашанда құрметке лайық. Алты ай алқаптағы арпалыстың, маңдай тердің ақысы түйір дәнде жатыр. Жылдағы дәстүр бойынша «Дала күнін» атап өту ұйғарылып, істің басында бата беріліп, игі жақсылар ізгі тілегін білдірді. Биыл дала еңбеккерлерінің мерейлі мерекесі Сунақата ауылындағы «Әмір» шаруа қожалығының танабында ұйымдастырылды. “Жақсыны – көрмекке”, еңбек майданына арнайы ат басын бұрдық.
Жыл сайын әртараптандыруға басымдық беруге дағдылана бастаған шаруалар күріштің көлемінен гөрі аяқсу тапшылығына алаңдайды. Әсіресе, аптап ыстықта керек су жетпей қала ма деген күмән сейілер емес. Бір шүкір етерлігі, еткен еңбек жерде қалмай, әр жыл жемісті түйінделіп жүр. Былтыр да межені ойдағыдай орындаған диқандар биыл сол қарқынды бәсеңдетпеуге тырысуда. Биылғы дәнді бірер күн кеш сепкен ауылдағы ағайын егінінің бітік шыққанын тілеп отыр.
Ахтан Пірманов төрағалық ететін қожалықта өткен дәстүрлі семинарға қатысып, қырманның басындағы қыруар шаруаны көзбен көру үшін жолға шыққан аудан әкімі Мажит Самитұлы, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек пен аудандағы ардагерлер қауымы дала төсі дүбірінің лентасын қиды. Алдымен ауданға арнайы ат басын бұрған алматылық компания мен «Аlemagro» мекемесі өз өнімдерін таныстырды. Бірі дрондарының тиімділігін алға тартса, екіншісі дәрі-дәрмек, яғни гербицидтерін көрмеге арнайы алып келген екен. Одан кейін аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев қосымша ақпараттармен бөлісіп, биылғы егінжайдың жайын жүйеледі.
Бөлім басшысы ауданға жаңашылдық әкелген, оның ішінде лазер мен дрондарды кеңінен қолданысқа енгізген «Диас ЕБ» шаруашылығының жұмысы жөнінде қысқаша мағлұмат берді. Былтыр инженерлік жүйеге келтірілген 400 гектар егістік алқапта лазерлік тегістеу жүргізілсе, биыл 35 гектар жерге картоп пен көкөніс егу жоспарланған. Келесі кезекте «Әмір» қожалығының төрағасы шаруашылығын таныстырып, биылғы жоспарымен бөлісті. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып, маусымдық кезеңде ауыл жастарын жұмыспен қамтып келе жатқан еңбек адамының қызметін жергілікті жұрт жақсы біледі. Жас болса да іскер азамат жыл сайын кәсібін кеңейтіп, егін мен мал шаруасына дем беріп келеді.
– Биыл 200 гектарға күріш, 50 гектарға жоңышқа және 20 гектарға мақсары дәнін тастадық. Жаңа технологиялардың арқасында өнім бітік шықты, биыл да межені орындауға тырысамыз.
Жалпы қожалықтың негізгі бағыты – егін және мал шаруашылығы.
Биыл қосымша 14 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен бақша мен көкөніс дақылдарын егудеміз. Қауын мен қарбыз және картопты егуді бастадық. Ауыл шаруашылығы техникалары бойынша қазір астық жинайтын 3 комбайн, 3 трактор, «МТЗ-150», 2 дана КамАЗ бен дән сепкіш бар. Биыл алынған тыңайтқыштар да көңілге қонымды, ең бастысы – еткен еңбектің ақталғаны, – деді төраға.
Жалпы Сыр бойын қоныстанған аудандағы барлық ауылдар егінмен нәпақасын тауып отыр. Мұнда Төменарық аймағындағы ағайынның да өзіндік үлесі бар. Сунақтаталық ауыл жұрты межелі өнімді иеленуге білек сыбана кірісті.
– «Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді дана халқымыз. Осы ұлағатты сөздің мәні әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатын жандар үшін терең. Бүгінгі таңда өңіріміздің диқандары мен шаруа қожалықтары ел ырысы үшін аянбай еңбек етіп, ертеңгі күннің берекесі үшін маңдай терін төгуде.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы көлемі мемлекеттік қолдаулар аясында қаржы ұйымдары арқылы бөлінуде. Қазіргі таңда 13 шаруашылық 278,5 млн теңге көлемінде қаржы алып, қосымша 20 шаруашылықтың жалпы сомасы 420 млн теңгені құрайтын өтінімдері мақұлданды. Су үнемдеу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 1 500 гектар егістік алқапқа лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл көлемді 4 000 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында табиғи газбен қамтылған тау беткейіндегі 5 елді мекенде жылыжай құрылыстары бастау алды. Қазіргі таңда 2 кәсіпкер мемлекеттік 2,5 пайыздық несие арқылы қаржыландырылып, 2 жылыжай іске қосылып, алғашқы өнімдерін нарыққа шығарды. Тағы 3 жылыжайдың құрылысы басталып, екінші кезеңге дайындық жүргізілуде, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімінен соң Әсет Жиенқожаев қария ыстық лебізін білдіріп, дала еңбеккерлеріне сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Бата алып, сәйгүлігін сайлаған диқан қауымы дән себуге кірісті.
Дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізе алады. Жаңақорғандық шаруалар да тынымсыз еңбектің арқасында табыстың тайқазанын тасытады деген сенім мол.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ