№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Аудан төріндегі «Дала күні»

Аудан төріндегі «Дала күні»




«Егіні біткеннің, қырманына қыдыр қонады» дейтін диқаншы қауым дала төсіне дән сеуіп, еңбек көркін қыздыра түсті. Ерте көктемнен егіс басында жүріп, ала жаздай тамшы тер төгіп, егіннің бітік шығуына жұмылатын шаруалардың қызметі қашанда құрметке лайық. Сондықтан жылдағы дәстүр бойынша «Дала күнін» атап өтіп, істің басында бата беріліп, игі жақсылар ізгі тілегін білдіреді.

Биыл да жаңақорғандықтар дала еңбеккерлерінің мерейлі мерекесін Қыркеңсе ауылындағы «Бекарыс-С» шаруа қожалығының танабында ұйымдастырды.
Серік Мырзабаев төрағалық ететін қожалықта өткен дәстүрлі семинардың жылдағыдан өзгешелігі мен қырманның басындағы қыруар шаруаны көзбен көру үшін аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов арнайы қатысты. Аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов және ауыл әкімдері бас қосқан диқандар дала дидарына дән тастады.
Алдымен қожалық төрағасы шаруашылығын таныстырып, биылғы жоспарымен бөлісті. Бүгінде 25 адамды жұмыспен қамтып, маусымдық кезеңде ауыл жастарына нәпақа табуға қызмет қылып жүрген Серік Мырзабаевтың еңбегін ел біледі. Жас болса да іскер азамат жыл сайын кәсібін кеңейтіп, егін мен мал шаруасына дем беріп, дамуы жолында еңбек етіп келеді.
– Сыр бойы халқының негізгі тіршілік көзі ауылшаруашылығы саласы. Оның ішінде Жаңақорған ауданы да бұл салаға бейім. Төрт түлік бойынша облыста озық ауданның егін шаруасы да ширақ. Тек су тапшылығы егіс, оның ішінде күріш көлемін көбейтуге мүкіндік бермей тұр. Бірақ бұл өтпелі кезеңді де еңсеріп, жақсы жетістікке жетеміз деген сенімдеміз. Бұйырса биыл да диқандардың еңбегі ақталып, өнім бітік шықсын. Ырысы мол болып, табысымыз артып, әлеуметтің әлеуеті арта түссін. Ең бастысы, жсудан таршылық көрмей, егініміз еңселі болсын, – деді аудан басшысы.
Жылы лебізден кейін бата беріліп, лента қиылды. Иә, Жер Ананы еміп, ала жаздай маңдай терін сарп еткен күрішші қауымның өнімі мол шығып, еткен еңбек ақталсын.

Али Жарықбаев
28 сәуір 2022 ж. 2 603 0