Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дала төсіне дән тасталды

Дала төсіне дән тасталды

«Егіні біткеннің, қырманына қыдыр қонады» дейтін шаруа қауымы дала төсіне дән сеуіп, еңбек көркін қыздыра түсті. Ерте көктемнен егіс басында жүріп, ала жаздай тер төгіп, өнімнің бітік шығуына жұмылатын диқан қауымның бейнеті қашанда құрметке лайық. Алты ай алқаптағы арпалыс, тамшы тердің ақысы түйір дәнде жатыр. Жылдағы дәстүр бойынша «Дала күнін» атап өту ұйғарылып, істің басында бата беріліп, игі жақсылар ізгі тілегін білдірді. Биыл жаңақорғандықтар дала еңбеккерлерінің мерейлі мерекесі Өзгент ауылындағы «Қыр-Өзгент» шаруа қожалығының танабында ұйымдастырылды.


Биылғы ауа-райының тосын сыйы егіншілерді елең еткізгені рас. Бірақ диқаншыларға табиғаттың тосы мінезі емес, аяқ судың мәселесі мазаны алып тұрғанын жиі айтады. Әсіресе, аптап ыстықта керек су жетпей қалады ма деген күмән сейілер емес. Бір шүкір етерлігі, еткен еңбек жерде қалмай, үміт ақлапы жатқаны. Міне, биылғы дәнді бірер күн кеш сепкен ауылдағы ағайын егінінің бітік шыққанын тілеп отыр.
Самат Базарбаев төрағалық ететін қожалықта өткен дәстүрлі семинарға қатысып, қырманның басындағы қыруар шаруаны көзбен көру үшін жолға шыққан аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Шәріпбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков пен аудандағы ардагерлер қауымы дала төсі дүбірінің лентасын қиды. Алдымен ауданға арнайы ат басын бұрған алматылық компания мен «Аlemagro» мекемесі өз өнімдерін таныстырды. Бірі дрондарының тиімділігін таныстырса, екіншісі дәрі-дәрмек, яғни гербициттерін көрмеге арнайы алып келген екен. Одан кейін аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев қосымша ақпараттармен бөлісіп, биылғы егін-жайдың жайын жүйеледі.
– Биылғы орналастыратын егіс көлемі – 36026 гектарды құрайды. Оның ішінде, күріштің көлемін 6035 гектарға тұрақтаттық. Ал, әртараптандыру бағытында атқарылатын жұмыстың ауқымы кең. Қожакент пен Жайылма ауылында шамамен 100 гектар егін алқабындағы мал азықтық дақылдарға жаңбырлатып суару және бақша дақылдары үшін 35 гектарға тамшылатып суару технологиясын қолдану жоспарлануда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтасыз ету мақсатында қосымша 400 гектар жер дайындалып, қазір 60 гектарына дән тасталды, – деді бөлім басшысы.
Келесі кезекте қожалық төрағасы шаруа­шылығын таныстырып, биылғы жоспа­рымен бөлісті. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып, маусымдық кезеңде ауыл жастарына нәпақа табуға қызмет қылып жүрген Самат Өсерұлының еңбегін ел біледі. Жас болса да іскер азамат жыл сайын кәсібін кеңейтіп, егін мен мал шаруасына дем беріп, даму жолында еңбек етіп келеді.
– Шаруашылықты 2015 жылы құрып, жұмыс жасап келеміз. Негізгі бағыт – егін және мал шаруашылығы. Биылғы егілетін егістіктің 90 гектары күріш, 50 гектары бидай болса, қалған 70 гектарына жоңышқа ұрығын септік. Бұйырса, жылдағыдан мол өнім алу­ға тырысамыз. Ал ауылшаруашылығы техникалары бойынша қазір астық жинайтын 2 комбайн, 2 оратын комбайн, 3 трактор «МТЗ-82», 2 дана соқа және 2 дана шөп жинақтайтын техникамыз бар. Биыл алынған тыңайтқыштардың ішінде амиак селитрасы 55 тонна болса, алынған тұқымның лидер сорты 20 тоннаны құрады, – деді төраға.
Жалпы Сыр бойын қоныстанған аудандағы барлық ауылдар егінмен нәпақасын тауып отыр. Өзгенттік ағайындардың да үлесі бар. Биыл ауыл жұрты межелі өнімді иеленуге білек сыбана кірісті.
– Өткен жылға өкпеміз жоқ, биылғы межеміз де айқын. Алла амандығын берсе жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз. Сыр бойы халқының негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы саласы. Оның ішінде Жаңақорған ауданы да бұл салаға бейім. Төрт түлік бойынша облыста озық ауданның егін шаруасы да ширақ. Тек су тапшылығы егіс, оның ішінде күріш көлемін көбейтуге мүмкіндік бермей тұр. Бірақ бұл өтпелі кезеңді де еңсеріп, жақсы жетістікке жетеміз деген сенімдеміз. Бұйырса, биыл да диқандардың еңбегі ақталып, өнім бітік шықсын. Ырысы мол болып, табысымыз артып, әлеуметтің әлеуеті арта түссін. Ең бастысы, судан таршылық көрмей, табысымыз артсын, – деді Бекболат Жүнісәліұлы.
Өзгент ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шәмшідин қария ыстық лебізін білдіріп, дала еңбеккерлеріне сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Бата алып, сәйгүлігіне мінген диқан жерге дән себуге кірісті.
Техника және жанар-жағар май
Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына 3 432 тонна дизель отыны бөлінген. Көктемгі дала жұмыстарына 346 техника дайын, 207 дана трактор, 38 соқа, 28 дән сепкіш, 52 трактор тіркемесі толығымен дайын дейді сала мамандары. Айта кететіні, биыл аграрлы сала техникалары 43,9 пайызға жаңартылған. Ерте көктемнен кетпенін иығына асынып, алты ай бойы егін алқабымен арпалысып, еңбек ететін егінші қауым тынымсыз тірлікке ентеледі. Иә, Жер-Ананы еміп, ала жаздай маңдай терін сарп еткен диқан қауымның өнімі мол шығып, еткен еңбек ақталса игі.
Сонымен таңмен таласа тұрған диқангер қауымның бар жігері дән егіп, мол ырыс жиюға деген ұғымға тоқайласқан. Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізуге болатыны анық. Жаңақорғандық шаруалар да тынымсыз еңбектің арқасында табыстың тайқазанын тасатады деген сенім мол.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
05 мамыр 2024 ж. 971 0