Өнертапқыш жастар елдің болашағы

Қазір ғылымның дамыған заманы, яғни технология мен өнертапқыштық, сондай-ақ өндірістің өркендеген кезеңі. Барлық саланың шарықтау шегі, өрлеуінің баспалдағы осы ғылымнан бастау алады. Өнертапқыштары өрге басқан елдердің ұтары көп, сондықтан мемлекеттің басты міндеті өнертапқыш жастарды қолдауға бағытталады. Бұл саланы мектеп кезінен қолға алып, балалардың ойлау қабілетінен туындаған төл туындыларын әрі қарай дамыту бәрінен маңызды. Барлық мектепте оқушылардың идеясынан туындаған туындылар талданып, көрмелерге жол тартып, енді бірі ғылыми байқауларда бақ сынап жатыр.
Өнертапқыштық жас талғамайды, бастауыш сынып оқушылары да бұл тұрғыда белсенді. Өткен апта басында мектептің бастауыш сыныптарының көрмесі өткізіліп, әрбірі өз өнерлерін таныстырды. Көрмеде жеткіншектердің жұмысына жоғары баға беріліп, ұстаздар дән разы болды. Керемет жобалар көрермендердің де көңілінен шықты. Міне, бала танымы осылай қалыптасады, бұл тәжрибеде жапондар көш басында. Олар бастауыштан бастап ғылымға аса мән береді. Келесі кезекте, робототехника бағыты, бұл да бүгінгі күннің сұранысындағы сала. Дамыған елдерде роботтар іске қосылып, барлық салаға ене бастады. Алдағы елу жылдықта адамзат істейтін жұмыстың тең жартысын роботтар атқарады деген болжам бар. Демек, оқушылардың осы бағытқа қызығуы өте дұрыс үдеріс.
Робот құрастыруда физика, математика, химия, биология және информатика пәндерінің берері мол. Тыңнан түрен салған таланттар үшін төзімділік қажет. Өйткені бір роботты құрастыру барысында миллиондаған майда лего құрастырғыштармен жұмыс істеу қажет. Болашақта бар қызметті құлтемірлер атқаратынын ұмытпаған жөн. Бұл бәсекеде бәсіміз биік тұруы үшін бүгінгі жас таланттарға көбірек мүмкіндік берген дұрыс.
Мектеп басшылығының роботехника мен жасанды интеллектке ден қоюына түлектердің де таңдауы себеп. Өйткені әлемдегі үздік оқу орындарына түсуді көздеген оқушылар осындай тың жобаларды жасау арқылы өз мүмкіндіктерін делелдеулері қажет. Сонда ғана біздің оқушылар әлемдік бәсеке алаңында өз өнерлері арқылы ел дамуына айтарлықтай жаңалық алып келе алады.
Сымбат Бийжігітова,
№163 мектептің информатика пәні мұғалімі