№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӨНЕРТАПҚЫШТАРДЫҢ ӨРІСІ

ӨНЕРТАПҚЫШТАРДЫҢ ӨРІСІ


Елбасы биылғы Жолдауында техникалық мамандықтарға басымдық бергені белгілі. Өйткені, адами капитал басты құндылыққа айналған заманда инновациялық жобаларды қаржыландырудың маңыздылығы дәлелденді. Содан болса керек-ті, технология мен роботтар құрастыру ісіне қызығушылық танытқан жастардың қатары артты. Техниканың тілін меңгеруге ниеттенген білімді жас өнертапқыштар ауданда да қалыптаса бастады. Оны №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ошағындағы көрмеден көрдік.
Жетінші және сегізінші сынып оқушылары қатысқан көрмеде шәкірттер өздерінің ізденістері мен қызығушылықтарынан туындаған туындыларын көпшілікке ұсынды. Физика пәнінің мұғалімі Айгүл Тұрсынбаеваның жетекшілігімен ұйымдастырылған көрмеден түйгенімізді тізбектеп көрейік. Алдымен, гидравликалық машина деп аталатын таза су шығаратын құрылғыға зер салсақ. Қарапайым әдіспен таза суды алуға болады екен. Бұл құрылғы көбіне ауылдық округтерге пайдалы екен. Тағы бір жоба – су бұрқақ. Ірі шаһарларға сән беріп тұратын су бұрқақтың биіктігі 10-15 метрге дейін жетеді. Бұл жоба арқылы қаржы мен уақыт үнемдеуге болатынын оқушылар түсіндірді.
Мектеп шәкірттерінің қолынан шыққан қызықты әрі пайдалы жобалар жетерлік. Солардың бірі қала тазалығына қызмет ететін жүк көлігі. Оны сегізінші сынып оқушылары Әділ Әбутәліп пен Шаир Насираддин таныстырды.
– Бұл техника әсіресе облыс орталығында таптырмайтын құрал. Біз күнделікті көріп жүрген көшеге су себетін техниканың соңынан мына көлікпен сыпырып шығуға болады. Біз бұл жобаны тереңірек дамытып, Астананың 20 жылдығына тарту етсек дейміз. Себебі, Елорда төрінің таза болуы мақтаныш. Сондықтан гидравликалық машиналар қазір таптырмас құрал көзі болып табылады, – дейді өнертапқыш жастар.
Паскаль заңына сүйене отырып жасалатын гидравликалық көліктердің іс-әрекеті сұйықтардың тепе-теңдігі мен қозғалыс заңдарына негізделген. Ойы ұшқыр оқушылардың қиялынан туған жоба болашақта үлкен сұранысқа ие болатынына ұстаздары сенімді.
Айта кетейік, физика және математика пәнінен дәріс беретін Айгүл Тұрсынбаевадан тәлім алатын шәкірттері байқаулардан жүлделі оралып жүр. Бұл ұстаз тәлімінің маңыздылығын аңғартатындай.
Технологияны меңгеруге ықылас білдірген жас өнертапқыштар мен ізденімпаз жеткіншектердің тағы бір толқыны аудандық тәрбие орталығы мен №110 мектеп-лицейде тәжірибесін толықтыруда. Олар көбіне роботтандыру бойынша дәріс алады. Яғни, робот техниканы құрастырып, әлемдегі соңғы жаңалықтарымен танысады.
Ұстаздар озық ойлы жас өнертапқыштардың оқу-танымдық ізденістерін одан әрі қалыптастырып, қанаттандыру мақсатында алдағы уақытта жиі көрме өткізуді ұйғарыпты.
– ХХІ ғасыр – зияткерлік пен жаңашылдықтың дәуірі. Заман өзгерістерінен тыс қалмай, өзінің жаңа технологиялық жетістіктерімен ғаламды мойындату – бүгінгі жас ұрпақтың үлесіне тиген үлкен мүмкіндік. Осы орайда, келешегін ғылыммен байланыстыратын жас шәкірттердің еңбегін көпшілікке жиі таныстырып, мүмкіндік болып жатса өзге өңірлерге тәжірибе алмасуға жіберіп тұрсақ деген ниеттеміз, – деді физика пәнінің мұғалімі.
Қорыта айтқанда, ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің, жаңа технологияның дәуірі. Егер әлемдік бәсекеде өз орнымызды табамыз десек, жастардың ақыл-ойы мен күш-жігерін өнертапқыштық салаға икемдеп, технологияны жетік меңгеруіне жағдай жасауымыз тиіс...

Әли ТЕМІРБЕК.
19 мамыр 2018 ж. 1 432 0