БІЛІМНІҢ БҰЛАҒЫ БАСТАУЫШТА
Баршаға белгілі, ел арасында «жеке мектеп» термині жиі естіліп, айтылып жүр. Бұл – Еуропа, Америка, Корея сынды алпауыт елдердің білім беру методикасынан Қазақстанға да келіп жеткен науқан. Бәсеке бар жерде нәтиже болатыны айқын. Жеке мектептердің бәсекелестігі – оқу ұясындағы ұжымдық қарым-қатынастың артуына, оқушылардың тұлғалық тұрғыда жан-жақты дамуына ерекше серпін беруде. Соның бірі, биылғы оқу жылында алғашқы шәкірттерін қабылдаған «Қыран» негізгі орта мектебі. Білім саласының аудандық ардагер-ұстазы, республикаға танымал педагог, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Шолпан Мажитова басқаратын білім ұясының бүгінгі басты міндеті – сапалы білім, саналы ұрпақ қалыптастыру.
Білікті басшының бағытымен сусындап, еңбек жолында нақты мақсаттарды межелеген біздер үшін жас ұрпақтың келешегі бәрінен де қымбат. Кез-келген дүниенің іргетасы болатыны сынды, білімнің іргетасы – бастауыштан бастау алады. 1-сыныпқа енді ғана аяқ басқан оқушының үлкен мектепке қандай оқу үлгерімімен баратыны, оқуға деген ынтасы мен ықыласының ашылуы, білімге қызығушылығына ықпал етуші – бастауыш білім беру ұясы. Бастауыш білім беру пәнінің ұстаздары мен сынып жетекшілері.
«Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген бабалардан қалған тәлім сөз расында бастауыш мектеп оқушысына айтылғандай. Өмірлік тәжірибемізденбайқалып жатқандай, әрбір үйдің еркесі болған балалардың тілін табу, оқуға деген қызығушылығын ашу, бәрі де бастауыш білім беру ұстазына тікелей міндет.
Қыркүйек айы басталғалы өзім жетекшілік ететін 2-сынып оқушыларымен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Тұғырлы тіл – тіршіліктің тынысы» атты апталықтың ұйымдастырушысы болып, мектепішілік сайыста көш бастадық. Алда келе жатқан Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 9-ақпандағы туған күніне орай тартысты жыр кешін жоспарлап отырмыз. Мұқағалиды әні мен жырын музасына балаған барша оқырмандарды керемет кешке «Қыран» негізгі орта мектебіне аудан тұрғындарын шақыруда. Қорыта айтқанда, барлық білімнің балбұлағы, бастауы – бастауыш...
Тұрсынай АЛДАБЕРГЕН,
«Қыран» негізгі орта мектебінің
бастауыш білім беру оқытушысы