» » Қайсар мінезді қарлығаш

Қайсар мінезді қарлығаш


Уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай шаруа емес екендігі бәрімізге белгілі. Мұны жедел уәкіл Ақбота Қыдырбекқызының жеткен жетістігінен аңғардық.

Ішкі істер саласында ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді, міндет ортақ, ереже, тәртіп бәріне бірдей. Темірдей тәртіпке бағынған арулардың арқалаған жүк жеңіл емес.
Ақбота Шынтемір полиция қызметкері болуды өзі таңдаған. "Бұл мамандықты бала кезімнен қаладым. Бұл ойыма ата-анам қарсы болмағанымен, бұл кәсіптің қыз бала үшін ауыр екенін ескертті. Бала кезгі арманым болған соң батыл қадамға баруға тура келді. Үлкен жетістіктерге жетуде талмай ізденіп, білімімді шыңдап келемін. Қыз бала үшін кәсіп қиындығын мойындасам да мойымауға тура келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Ақбота кенттегі №163 орта мектепте білім алған. 2017 жылы осы мектептен түлеп ұшып, Алматы қаласындағы Мақан Есболатов атындағы Алматы акдемиясына» оқуға түседі. 2021 жылы жоғары «Құқық қорғау қызметкері» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жаңақорған ауданының полиция бөлімінде бастайды. Қазір ол аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл лауазымында қызмет атқарып келеді.

– Алғашқы кездері бұл қызметке үйрену оңай болмағаны рас. Жұмыс тәртібінде шектеулі уақыт жоқ, күні-түні табанынан тік тұрып қызметте жүреміз. Түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Қызмет жағдайы еріксіз қаталдыққа, ер мінезділікке мәжбүрлейді екен. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны болуға, мықты сақшы болуға бейімделдім. Осы уақыт ішінде әдеуір тәжірибе жинақтадым. Ең басты мақсатым – қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын не қорғау деп ойлаймын. Сондықтан да, ерлермен қатар қиындық болса да төзуге тырысамын. Өйткені, бұл менің қызметім. Өз жұмысымды жауапкершілікпен, адалдықпен атқаруға тиіспін, – дейді Ақбота Қыдырбекқызы.

Бүгінгідей ақпараттық технологияның дамыған заманында криминалистика саласында да жаңашылдықтар аз емес. 8 наурыз – Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында антына адал, қайсар мінезді қарлығаш туралы арнайы тоқталғанды жөн көрдік.
Жалпы, еліміздің өткен тарихында еліне, жеріне қорған болған аналарымыздың ерлігі тарих беттерінде таңбаланған белгілі. Табиғаты нәзік болса ерік-жірері мықты сақшы қыздарымыз үшін мақтанамыз.

Мақпал МАРҚАБАЙ

08 наурыз 2025 ж. 204 0

Ұқсас жаңалықтар: