Сақшы қыз


Ақботаның құқық қорғау саласына келгеніне жылға жуық уақыт өтті. Әрине көп уақыт емес, алайда жас маманның осы аз уақыт ішінде еткен еңбегі елеулі. Жас болса да табандылығы мен талапшылдығы, жауапкершілігі мен ауыр жүкті жігіттермен қатар көтере білетінін көрдік. Әсіресе ауданда өткен республикалық терроризмге қарсы оқу-жаттығу жиынында оның қырағы екенін көзіміз шалды. Осындай қайсар мінезді қазақтың қаракөз қыздары қоғам тыныштығын күзетуі де керек-ақ.


Уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артып келеді. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Осы түздегі темірдей тәртіпке бағынған сақшы қыздарды қалай дәріптесек те жарасымды.
Ақбота Шынтемір полиция қызметкері болуды өзі таңдаған. Бұл мамандықты бала кезінен армандағанын мақтанышпен айтты.
– Осы салаға келуге ата-анам қарсы болмағанымен, қыздар үшін ауыр екенін ескертті. Бала кезгі арманым болған соң батыл қадамға баруға тура келді. Жоғары оқу орнын да жақсы бағамен тәмамдадым. Еңбек жолым енді басталған соң үлкен жетістіктерге жету үшін талмай ізденіп, білімімді жетілдіріп, тәжірибемді толықтыра түсуім керек. Қыз бала үшін жауап­кершілік жүгі ауыр сала екенін әу бастан түсіндім. Бірақ, сол қиындығына қарамастан өзімнің арманымның шындыққа айналуы жолында бар күш-жігерімді жұмсаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Ақбота кенттегі №163 орта мектепте білім алған. 2017 жылы осы мектептен түлеп ұшып, Алматы қаласындағы Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түседі. 2021 жылы жоғары оқу орнын «Құқық қорғау қызметкері» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жаңақорған ауданының поли­ция бөлімінде бастайды. Қазір ол аудандық полиция бөлімі­нің криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл лау­азымында қызмет атқарып ке­леді.
– Алғашқы кездері үйрену оң­ай болмағаны рас. Бізде белгі­лі бір жұмыс уақыты біткенше ғана жұмыста болу деген жоқ. Кейде күні-түні табанымыздан тік тұрып қызмет етуге тура келеді. Түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Осындай жағдай­лар, қызметім мені қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиеледі. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны болуға, мықты сақшы болуға бейімделдім. Осы уақыт ішінде көптеген тәжірибеден өттім. Нәзік жанды болсам да, ең басты мақсатым – қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау деп ойлай­мын. Сондықтан да, ерлермен қатар қиындық болса да төзуге тырысамыз. Өйткені, бұл менің қызметім, – дейді Ақбота Қыдыр­бекқызы.
Күнделікті күйбең тіршілік барысында осы қызметте жүр­ген нәзік жандылардың жан­кешті еңбектері көзге іліге де бермейді. Қазіргі ақпараттық технологияның дамыған зама­нында аруларымыз қоғамның барлық саласында тер төгуде. Тіпті, олардың полиция қата­рында қызмет етуі ерекше мақтанарлық жайт. Сондықтан әйелдер мерекесі қарсаңында антына адал, қайсар мінезді ару туралы басшылық қауым да ізгі ілтипатын білдіріп, оның қызметтегі еңбексүйгіштігін сөз етті.
– Былтыр жас маман ретінде Ақбота Қыдырбекқызын қыз­мет­ке қабылдадық. Бірер ай оның іскерлік қабылетін, жауап­кершілігін саралап көрдік. Ол өзін өжет, ұқыпты қызметкер ретінде көрсете бастады. Бізге келген арулардың көбі дерлік жоғары лауазымға ауысып ке­тетіні бар. Өйткені еңбек қашанда еленеді, – дейді аудан­дық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев.
Жалпы, қазақ батырларының арасында еліне, жеріне қорған болған аналардың ерлігі тарлан тарихта таңба болып басылды. Табиғаты нәзік болса да, қайсар мінезді қыз-келіншектер отан­шыл рухта тәлім алып, отба­сының да ұйытқысы бола тұра елдің тыныштығы үшін ер азаматтармен қатар жүрді. Осындай жауапкершілігі мол құқық саласының мерейін өсі­ріп, рухын көтеріп жүрген жан­дарға қандай мақтау айтсақ та жарасымды.
Қазір аудандық полиция бө­лімінде осы қызметте жүрген төрт бірдей ару бар, олардың әрбіріне өзіндік қызмет жүгі міндеттелген. Сондықтан сақшы қыздардың еңбегіне сәтті­лік тілеп, біз де мерекемен құт­тық­тағымыз келеді.

Әлібек ТЕМІРБЕК

06 наурыз 2022 ж. 537 0