НӘЗІК ЖАНДЫ ЖЕДЕЛ УӘКІЛ

Шынтемір Ақбота Қыдырбекқызы жас болса да оның табандылығы мен шын талантын, жауапкершілігі мен жүкті жігіттермен қатар көтере білетінін көрдік. Осындай қайсар мінезді қазақтың қаракөз қыздары қоғам тыныштығын күзетуі де керек.
Уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Осы түздегі темірдей тәртіпке бағынған сақшы қыздар арқалаған жүк жеңіл емес.
Ақбота Шынтемір полиция қызметкері болуды өзі таңдаған. "Бұл мамандықты бала кезімнен қаладым. Бұл салаға келуге ата-анам қарсы болмағанымен, қыздар үшін ауыр екенін ескертті. Бала кезгі арманым болған соң батыл қадамға баруға тура келді. Еңбек жолым енді басталған соң үлкен жетістіктерге жету үшін талмай ізденіп, білімімді жетілдіріп, тәжірибемді толықтыра түсуім керек. Қыз бала үшін жауапкершілік жүгі ауыр сала екенін әу бастан түсіндім. Бірақ, сол қиындығына қарамастан өзімнің арманымының шындыққа айналуы үшін осы уақытқа дейін бар күш-жігерімді жұмсаудан аянбай келемін", – дейді кейіпкеріміз.
Ақбота кенттегі №163 орта мектепте білім алған. 2017 жылы осы мектептен түлеп ұшып, Алматы қаласындағы «Мақан Есболатов атындағы Алматы акдемиясына» оқуға түседі. 2021 жылы жоғары «Құқық қорғау қызметкері» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жаңақорған ауданының полиция бөлімінде бастайды. Қазір ол аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл лауазымында қызмет атқарып келеді.
"Алғашқы кездері бұл қызметке үйрену оңай болмағаны рас. Бізде белгілі бір жұмыс уақыты біткенше ғана жұмыста болу деген жоқ. Кейде күні-түні табанынан тік тұрып қызмет етуге тура келеді. Түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Осындай жағдайлар, қызметім мені қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиеледі. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны болуға, мықты сақшы болуға бейімделдім. Осы уақыт ішінде көптеген тәжірибеден өттім. Нәзік жанды болсам да, ең басты мақсатым – қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау деп ойлаймын. Сондықтан да, ерлермен қатар қиындық болса да төзуге тырысамыз. Өйткені, бұл менің қызметім. Өз жұмысымды жауапкершілікпен, адалдықпен атқаруға тиіспін", – дейді Ақбота Қыдырбекқызы.
Күнделікті күйбең тіршілік барысында олардың осынау жанкешті еңбектері көзге іліге де бермейтіні де белгілі. Қазіргі ақпараттық технологияның дамыған заманында аруларымыз қоғамның барлық саласында да тер төгуде. Тіпті, олардың полиция қатарында қызмет етуі ерекше мақтанарлық жайт. Сондықтан Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында антына адал, қайсар мінез туралы жазуды жөн көрдік.
Жалпы, еліміздің бірнеше мың жылдық тарихында еліне, жеріне қорған болған аналарымыздың ерлігі тарих беттерінде таңбаланған белгілі. Табиғаты нәзік болса да, қайсар мінезді қыз-келіншектер отаншыл рухта тәлім алып, отбасының да ұйытқысы бола тұра елдің тыныштығы үшін ер азаматтармен қатар жүрді. Осындай жауапкершілігі мол құқық саласының мерейін өсіріп, рухын көтеріп жүрген жандарға қандай мақтау айтсақ та жарасымды.