Қой шаруасы ширайды

Сыр өңіріндегі уақ малдың үштен бірі Жаңақорғанға тиесілі екені анық. Алайда, бізде қойды бордақылау мен сою пункті әлі де қолға алына қоймады. Яғни малды өзге өңірлерге экспорттауда тірідей жібереміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қожамберді ауылындағы Сәбит Мұятов ағамыз осы істі қолға алуға ниетті. Уақ мал бордақылау базасын салып, жанынан мал сою пунктін салатын жоба жасапты. Жері де белгілі, ендігі мақсат мемлекеттен қолдау тапса болғаны. Өз қаржысы мен несие арқылы істі ширатса, мемлекет те қолдау көрсетер деген сенімде.
– Жыл сайын уақ малды Меркі ауданына және Шымкент қаласына өткіземіз. Ол жақта мал сою бекеті бар, өздері ретке келтіріп, етін Түркия мен Біріккен Араб Әмірлігіне, Дубайға жөнелтеді. Ол жақта қойдың келісі біздікінен қымбат. Тек жүнін не істейтінін білмейміз, біздің елде жүн өңдеу, одан дайын өнім шығару қолға алынса шикізаттың бізде мол қоры бар. Біздің мақсат уақ мал өндірісінің өрісін кеңейтіп, үлкен шаруашылыққа айналдыру, – дейді «Ғани» шаруа қожалығының төрағасы.
Шаруақожалық 2002 жылы құрылып, тек қой шаруасын ширатып келеді. Қожалықта 4-5 жұмысшы бар, сондай-ақ 5 мың гектар жерге иелік етеді. Негізгі бағыт – қаракөл тұқымын көбейтіп, оны экспорттау. Төрағаның айтуынша, қойдың ішінде тоқтыларына сұраныс өте жоғары екен.
– Отбасылық кәсіпті жандандырып, шағын кәсіптің керегесін кеңейтіп келеміз. Келіншегім мектепте мұғалім, 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған жайымыз бар. Алла нәсіп етсе, алдымызда жоспар жетерлік, ең бастысы, еңбек адалынан болуы тиіс. Сонда ғана еткен еңбектің жемісін көресің, – деп ағамыз қысқа қайырды.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ