“Жаманбай батыр”: табиғаты туризмге сұранып тұр

Экотуризм, ауыл туризмі, жалпы Сыр өңіріндегі туристік орталыққа лайықты бірден-бір ауыл – ол Жаңақорғандағы Жаманбай батыр ауылдық округі. Ауылдың экономикасы да, экологиясы да, халықтың әлеуеті де бәсекеге қабілетті. Оның ішінде, тұмса табиғаты бір бөлек. Қатпар-қатпар Қаратаудың баурайына табан тепкен, солтүстігінде Саураны мен Сатымсайды көктей өтіп, Қарауылтөбені жамбасқа алған. Тау шатқалдарынан бес арық ағып шығып, шатқалдан шыға берер тұстағы Байғабыл ауылы жанында бірігеді. Жалпы бұл ауылдың болашағы баянды, келешегі кемел деуге келеді. Төскейде төрт түлігі төлдеп, атакәсібі жанданған ауылдың ажарын көргеннің бұған толық көзі жетеді. Бір сөзбен айтқанда, дала дидарының тамаша пейзажын осы қоныстан табасыз.
Ауыл табиғатын талай тілге тиек болып, «Жаңақорғанның Швейцариясы» деп тектен-тек айтылмаған. Енді елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық ахуалын таразылап, бүгінгісін баяндап көрейік. Ол үшін арнайы ауылға ат басын бұрып, әкім Әлібек Абдуллаевпен жолықтық. Негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы, өзге де кәсіп көздері көңіл көншітеді. Жалпы ауыл халқының саны 3 300-ге жуықтапты. Алдымен ауыл әкімінен былтырғы жылы атқарылған жұмыстар жайындағы сауалымызға ол төмендегіше жауап берді.
– 2024 жыл біз үшін жаман болған жоқ. Салық болжамы мен бюджетті игеру көрсеткіші 100 пайызды құрады. Инфрақұрылым бойынша жол жөндеу жұмысы кезең-кезеңімен ретке келтірілуде. Кеңес елді мекенінде Жандарәлиев көшесі орташа жөндеуден өткізілді. Осы көше мен Бесарық елді мекеніндегі М.Кенебаев көшесіне көше бағаналары құрылып, жарықтандыру жұмысы жандануда. Былтыр қолға алынған жоба, бұйырса биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі. Одан кейін И.Топышев көшесінің 700 шақырымына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Округке кіреберіс көше, яғни, күретамыр жолдың бойына орнатылған темір аркаларға абаттандыру жүргізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік сала, құрылыс бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. Былтыр мектеп жанынан жаңа ғимарат салынса, биыл жылдың басында ауданда екінші болып заманауи амбулаторияға қол жеткіздік.
– Биылғы межеңіз қандай?
– Биыл қос елді мекен бойынша 4 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы алдық. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, облыстық және аудандық бюджеттен осы төрт көше қайта жаңғыратын болады. Сондай-ақ, Топышев көшесінің қалған 800 шақырымына жаяу жүргіншілер жолын салу да биылғы жоспарда бар. Бесарық су қоймасынан ауылға дейінгі екі елді мекенге аяқ су әкелу жүйесі, яғни лоток құрылысы былтыр басталған, биыл бұйырса аяқталып, оның да игілігін көреміз деп үміт артып отырмыз. Бұл шаруалар үшін керемет жоба болайын деп тұр. Кеңестен Ә.Байтілеуов көшесі мен Бесарықтан Ы.Айеке көшесіне орташа жөндеу жұмысын жүргізуіне жоба-сметалық құжатына бюджеттің өтінім берілді. Тағы бір айта кететіні, Ырыспанбет көшесіне көше жарығына жоба жасауға да өтінім бердік. Келесі межеміз ол Кеңес елді мекеніне клуб үйін салу, бұл бойынша да жоғары атқарушы органдарға сұраным жібердік. Арнайы хат беріліп, жауабын күтудеміз. Негізгі жобамыздың бірі спорт кешенін салу, бұл жөнінде құрылыс басқармасына хат жібердік. Құрылыстың орны мен жоба-сметасы, барлық құжаты дайын тұр, тек қаражат мәселесі шешілсе болғаны. Егер жыл соңына дейін жоба мақұлданбаса, құжаттар күйіп кетеді. Аймақ басшысы арнайы назарға алып, осы мәселені шешіп берсе деген үмітіміз бар.
– Егіншілік саласында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Округ бойынша 140 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 70-і жеке кәсіпкер болса, 66-сы шаруа қожалық. Былтыр 461,7 гектар жерге дән тасталып, 2632 тонна өнім алынды. Нәтиже жаман емес, бізде күріштен басқа өнімдердің түрлері бар, басымдықты мал азықтарына береміз. 2238 бас мүйізді ірі қара, 1813 бас жылқы мен 27177 бас уақ мал және түйе мен үй құстары да бар. Биыл аяқсу мәселесі толық шешілсе, өнім көлемі мен мал басын көбейтуге жұмыс жасайтын боламыз. Айта кететіні, кәсчіпкерлік саласына басымдық беріп келеміз. Шағын кәсіптің шырайын кіргізу үшін мемлекеттік бағдарламалардан үлесіміз бар. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы 6 азамат 8 млн 800 мың теңге грант негізінде қайтарымсыз қаржы алды. Субсидия мен жеңілдетілген пайыздық несиеге де құжаттар өткізіп, биыл нәтижесін көретін боламыз. Кәсіпкерлік демекші, бізде туристік салаға бағытталған нысандар бар. Оларды да кеңейтіп, келешекте үлкен жобаға айналдырамыз деген ниеттеміз. Жалпы алғанда, барлық салаға серпін беріп келеміз, тағы бір мәселеміз – өткен жылы іргетасы қаланған балабақша құрылысының аяқсыз қалуы, оның да шешілуін күтеміз.
Ауыл әкімі атйқандай, Жаманбай батыр округіне мемлекеттік балабақша керек, екінші, спорт кешені міндетті түрде салынса. Өйткені, шынығу алаңдарының атмосферасы спортшыларға серпіліс береді. Мүмкіндік болса, тау етегіне жақын жерден спорттық база ашылса артықтық етпейді. Үшіншіден, ауылға жақсы демалыс паркі қажет-ақ. Бұл ауаны ластанудан қорғайды, бір жағынан ауылдың жасыл желекпен көмкерілген көрінісіне сеп. Әсіресе, шыршалардың сән беріп тұрғаны қандай жарасымды.
– Бұл ауыл кеңес заманында «Қаракөл қой» совхозы болған. Шаруашылық 60 мыңға дейін қой өргізді. Нақтырақ айтқанда, ауылдың төрт түлігі сай болған. Егемендік алғаннан кейін де қайта бой түзеп, берекесі тасыды. Бүгінде ауылда тас төселмеген көше жоқ. Жарықтандыру жұмысы да кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Инфрақұрылым жүйесі ілкімді. Рухани мәдени сала да өркениетке бет түзеген. Бесарық пен Кеңесте заманауи үлгідегі имандылық үйі бар. Ал Рашид Нәлтаев басшылық ететін ауылдық клубта қашан барсаң да мәдени көпшілік шаралар үзілген емес, – дейді ауыл тұрғыны Мұрат ақсақал.
Қысқаша айтқанда, ауылдың бүгінгі тіршілігі көңіл қуантады. Әкімнің атқарған жұмысы жүйелі, тұрғындардың да белсенділігі жаман емес. Табиғатын айтудан жалықпаймыз, тек туризм орталығына айналдыру мәселесі қолға алынса дейміз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ