№45 (8859) 21

21 маусым 2025 ж.

№44 (8858) 17

17 маусым 2025 ж.

№43 (8857) 14

14 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » ЕҢБЕК ЕТКЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

ЕҢБЕК ЕТКЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК


«Ерінбей еңбек еткеннің, жеңіске жетпегенін көрмедім» демей ме батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Айналамызға зер салып қарасақ, еңбекпен еті қатайған, кәсібіне жаңашылдық алып келіп елдің көшін ілгерілетуде өз ізін өрнектеген жандар қаншама. Өз саласында жаңа бетбұрыстарға негіз қалап, тың идея қалыптастырып жүрген жерлестерімізді «Көзқарас» дөңгелек үстеліне шақырып, жұмысшы мамандықтың қыр-сырына терең бойлаған едік.


Жансая ҚАЛИЖАНҚЫЗЫ
Өрт сөндіру саласының шебері, радиотелефоншы:

Төтенше жағдайда тік тұрамыз


– Өрт сөндіруші мамандығының қауіп-қатері қатар жүретіні анық. Осындай қызметке жүрек жұтқан жандар баратыны даусыз. Кейінгі кездері төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істейтін әйелдер саны артып келеді. Олар ерлермен бірде қиын да жауапты тапсырмаларды атқарады.
Тартылған сымдай арнайы формада жүретін қызметкер болуға құштарлығымнан, оларға ұқсағым келетін. Кәсібімді мақтан тұтамын және бұл мамандық адамзатқа керек мамандық екенін жақсы түсінемін. Сала жұмысы оңай емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Өрт сөндіру іс-қимылы ең алдымен осы мекеменің «101» нөміріне өрт оқиғасы туралы хабарлама қабылдауынан басталады.
Әр мамандықтың өзіне тән қиыншылығы мен қуанышы болады. Өзім радиотелефоншы қызметінде жұмыс істесем де, осы салаға қатысты барлық ақпаратты білуге тиістімін. Яғни, өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы телефон қоңырауларына ғана жауап бермейді. Күнделікті тіркелген ақпаратқа толық қанық болу керекпіз. Жоғары тұрған бөлімшеге саптық хабарлама беріп отырамыз. Бұдан бөлек, өрт жайында әртүрлі қоңырау келіп түседі. Кейде бала үйдің ішінде қалып қояды, көлік өртеніп жатады, адамдар ес-түссіз күйге түсіп жатады. Осының барлығын бізге хабарлаған адамдар бірі жылап, бірі айқайлап, енді дауысын шығара алмай жатады. Біз бір жағынан психолог болуға тиістіміз. Хабарласқан адамды сабырға шақырып, көмекті дер кезінде жіберу біздің міндетіміз.
Мен Жаңақорған ауданында 2017 жылдан бері қызмет атқарамын. Бұған дейін Қармақшы ауданында еңбек жолымды бастаған едім. Жұмысым радиотелефонист болғандықтан, 101, 112 нөміріне келіп түскен шақыртуларды қабылдап, облыс орталығына хабарлап отырамын.
Күнделікті қоңырауларды қабылдап ғана қоймай, ақпарат­ты нақтылап, оқиға орнынан алынған мәліметтерді тиісті орынға жедел жеткізіп отырамыз. Шұғыл жағдайларда полиция диспетчерлігіне, жедел-жәрдем және басқа да қызметтермен хабарласып, шұғыл көмектерді ұйымдастырамыз. Бұл әрекет адам шығыны мен матрериалдық шығынның азайтуда маңызы зор.

Кенжебай ТҰРЫСБЕКОВ,
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ға еншілес кәсіпорын «СКЗ-U» ұжымының қойма меңгерушісі:

Құрылысшы мамандарға сұраныс көп


– «Алтын сапа», «Үздік инновациялық жоба» номинациясын иеленген Жаңақорғандағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға еншілес кәсіпорын СКЗ –U ұжымында қойма меңгерушісі болып еңбек етіп келемін. Облыс аймағынының өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан өндіріс орнының үздіктер қатарынан көрінуінде зауыт мамандарының да үлесі зор. Осы орайда өндіріс тіршілігінің бір тетігі саналар ішкі қызмет қауқары қажырлы мамандарға бай.
Осы саланың тізгінін ұстағаныма қырық жылға жуықтады. «Даңққа жеткізетін жол еңбекпен салынады» дегендей, өрге жетелеген еңбек асуларында табандылық танытып келемін.
Өзім Шиелі ауданы, Байгеқұм ауылында дүниеге келіп, осында №251 мектепті тәмамдадым. Одан әрі Қызылорда қаласындағы политехникумға оқуға түсіп, оны техник-құрылысшы мамандығы бойынша бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды «РУ-6» кенішінде бастап, мол тәжірибе жинадым. Тәжірибе жинақтау мақсатында 2014 жылы күкірт қышқылын өндіретін зауытқа жұмысқа ауыстым.
Өндірісте әрбір маманның өз орны бар. Оларға тиесілі әрбір құрал-сайманның тілін білудің жөні тіптен бөлек. Оны пайдалану мен нұсқаулық бойынша жұмыс жасалу жолдарын қызметкерлерге мұқият түсіндіру міндетім. Әсіресе қоймаға келіп түскен жаңа техниканың тілін ұғып, ісін шеберлікпен атқаратын өз ісінің мамандар зауыт жұмысының биік жауапкершілігін естен шығарған емес. Жас кадрларға жиған-терген тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар беріп, қамқорлық танытып отырамыз.
Қандай істі болмасын уақытында орындап, қарамағыма берілген бүкіл құрал-жабдықтың ақаусыз жұмыс істеуін мұқият қадағалаудан жалыққан емеспін. Міне, сондықтан қоймада тұрған әр заттың орны ойымда сайрап тұрады десем артық айтқаным емес.

Ақмарал Төлтаева,
«Шалқия Цинк ЛТД» АҚ аға экологы:

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ПЛАНЕТАНЫ ҚОРҒАУ


– Өндірістегі экологиялық қауіпсіздік – бұл заңнаманың талабы ғана емес, сонымен қатар табиғат пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің маңызды аспектісі. Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін жасаған әрбір қадамымыз оның байлығын балаларымыз бен немерелеріміз үшін сақтауға көмектеседі. Біз бұл үшін не істеп жатырмыз?
Шығарындыларды азайту: біздің команда атмосфераға зиянды заттардың шығарындыларын және қалдықтардың жиналуын азайту үшін жаңа технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс істеуде.
Ресурстарды ұтымды пайдалану: біз ең жоғары тиімділікке ұмтыла отырып, энергия мен су шығынын азайту үшін өндірістік процестерді оңтайландырамыз.
Қалдықтарды қауіпсіз өңдеу: қалдықтарды дұрыс сұрыптауға және кәдеге жаратуға ерекше назар аударамыз, бұл олардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Персоналды оқыту: біз экологиялық қауіпсіздік шаралары және оларды сақтаудың маңыздылығы туралы хабардарлық деңгейін арттыруға бағытталған персоналмен үнемі әңгімелесулер өткіземіз.
Біздің әрқайсымыз табиғатты қорғауға өз үлесімізді қоса аламыз. Экология – бұл біздің бүгін қалай өмір сүретініміз туралы ғана емес, ертең әлемнің қандай болатыны туралы да ой салады.

Мақпал МАРҚАБАЙ
28 қаңтар 2025 ж. 184 0