№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өрт сөндіру – жүректілердің ісі

Өрт сөндіру – жүректілердің ісі


Өрт сөндіруші мамандығы әлемдегі ең қауіпті кәсіптердің бірі. Тілсіз жаумен өз өміріне қатерге тігіп, қызыл жалынмен күресті күнделікті еңбегіне айналдыра білген жандар – өз ісінің нағыз мамандары десек артық болмас. Бір қызығы, кейінгі кездері төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істейтін әйелдер саны артып келеді. Олар да ерлермен бірде қиын да жауапты тапсырмаларды атқарады. Міне, осы саланың ардагері  радиотелефонистка  Нәзипа Ақатаева апамызға арнайы жолығып, ширек ғасыр еңбек жолынан сыр шертістік.
– Арнайы форма киген адамдарды көргенде кеудемді ерекше қызығушылық кернейтін. Мен үшін олар батыр еді, оларға ұқсағым келетін. Менің арманымның орындалуына нағашым Түйменов Ибадулла ағам үлкен септігін тигізді. Кәсібімді мақтан тұтамын және бұл мамандық адамзатқа керек мамандық екенін жақсы түсінемін. Менің жолдасым Нұрлан Сейтжаппаров та осы салада қызмет етті. Сала жұмысы оңай емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін, жауапты мамандық, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Өрт сөндіру жұмысы ең алдымен осы мекеменің «101» нөміріне өрт оқиғасы туралы хабарлама қабылдауынан бас­талады. Нәзипа апайдың әңгімесінен радиотелефоншы болу – үлкен жүрек­тілік пен асқан сабырлылықты талап ететінін ұқтық.
– Әр мамандықтың өзіне тән қиын­шылығы мен қуанышы болады. Дей тұрғанымен, өрт сөндіру саласының қызметкерлерінің еңбегі ерек дер едім. Өзім радиотелефоншы қызме­тінде жұмыс істесем де, осы салаға қатысты барлық ақпаратты білуге тиістімін. Яғни, өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы телефон қоңырауларына ғана жауап бермейді. Күнделікті тіркелген ақпаратқа толық қанық болу керекпіз. Жоғары тұрған бөлімшеге саптық хабарлама беріп отырамыз. Атап айтсақ, кезекшілікке ауысуға келген өрт сөндірушілердің саны, қандай жауынгерлік техника есепте тұр, онда қанша өрт сөндіретін заттар – су мен көбік түзуші, бөлімшеде қанша тыныс алу органдарын қорғау құралы бар, барлығы есепте болуы керек. Оған қоса қезекшілік кезінде әкімшілік-басқару жұмысын орындауға тура келеді. Күзетілетін объектілерден хабарламаларды қабылдау, оны басшылыққа баяндау, қарауыл бастығының өкімін жеке құрамға жеткізуде біздің міндетіміз. Бұдан бөлек, өрт жайында әртүрлі қоңырау келіп түседі. Кейде бала үйдің ішінде қалып қояды, көлік өртеніп жатады, адамдар ес-түссіз күйге түсіп жатады. Осының барлығын бізге хабарлаған адамдар бірі жылап, бірі айқайлап, енді дауысын шығара алмай жатады. Біз бір жағынан психолог болуға тиістіміз. Хабарласқан адамды сабырға шақырып, көмекті дер кезінде жіберу біздің міндетіміз, – дейді радиотелефоншы Нәзипа Наматиллақызы..
Иә, кейіпкеріміз радиотелефонист болғандықтан кезекшілікте 24 сағат бойы өрт сөндіру бөлімінде белгіленген күн тәртібі бойынша еңбек етіпті. Әсіресе өрт оқиғасы орын алған кезде оның жұмысы қауырт. Бөлімшенің немесе қарауылдың шақыру орнына шығуына жолдама толтырып, өтініш берушіден бірқатар мәселелерді нақтылау да оның міндеті.
– Мен мұнда сонау 1997 жылдан бері қызмет атқардым. Жұмысым радиотелефонист болғандықтан, 101, 112 нөміріне келіп түскен шақыртуларды қабылдап, облыс орталығына хабарлап отырамын. Міне, 2-3 айдың жүзі болды еңбек демалысына шықтым, – дейді ол.
Радиотелефонист тек қоңырауларды қабылдап қоймайды. Ол ақпаратты нақтылап, оқиға орнынан алынған мәліметтерге қарап, жөнелтілетін техникалар мен өрт сөндірушілердің санын анықтайды. Одан бөлек диспетчер, полиция, жедел-жәрдем және басқа да қызметтермен хабарласады. Ал ауқымы үлкен өрттерде бұл қиынырақ болады.
Кейіпкеріміз  өз ісінің маманы ғана емес, отбасында сүйікті жар және аяулы ана. Оның үш ұл, бір қызы бар. Үлкен ұлы Әлішер кәсіпкерлік саласында еңбек етсе, екінші ұлы Жәдігер Түркияда білім алуда екен. Үшінші қызы Аяулым журналистика мамандығын меңгерсе, кенжетайлары Алижан мектеп қабырғасында оқып жүр.
Еңбек жолында әскери тәртіпте шыңдалған ерлі-зайыптылар ұл-қыз­дарының бойынан да осындай өздеріне тән ұқыптылықты, жауапкер­шілікті байқап,  сүйсінетіндерін де жасырмады.
Әсел РЗАЕВА
24 қазан 2021 ж. 653 0