№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Құтқарушы

Күн сайын қауіп-қатерге толы ортада жұмыс істейтін құтқарушылар қоғам қауіпсіздігі үшін тынымсыз еңбек етеді. Бірде көлік апатында өлім аузында жатқан жүргізушіні құтқарса, енді бірде табиғи апат кезінде адамдарды қауіп-қатерден арашалайды. Қоғамның қалыпты өмірін қамтамасыз етуде тер төгіп жүрген сала мамандарының бірі - Хұсайынқожа Төлегенов. Біз бүгінгі кейіпкерімізді тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде қоғам назарына ұсынуды жөн көрдік.
Өрт сөндіру бөлімінің маманын бүгінде бүтін аудан таниды. 2015 жылдан бастап, ауданымызда өрт сөндіруші әрі құтқарушы болып жұмысқа орналасып, табанды еңбек етіп келе жатқан Хұсайынқожа Абибуллаұлының қиын да қауіпті салаға қадам басқанына он жылға таяп қалыпты. Жұмысқа орналасқан күнінен-ақ таңдаған саласының ыстық-суығын көріп, әбден төселген азаматтың алғаш рет бетпе-бет келген апатты жағдайы Көктөбе маңындағы тоғайды шарпыған өртке қарсы тұрған сәті еді. Төрт күн бойы әріптестерімен бірге қып-қызыл жалынмен арпалысып, кең аумақтағы өртті сөндірген сәтте арқадағы ауыр жүк түскендей жеңілдеп, қиын сәттерді ұмытып сала бергенін айтқан маманның өмірі батылдық пен адамгершіліктің үлгісі екенін азаматтың әңгімесінен аңғардық. – Сан түрлі жағдаймен бетпе-бет келіп жүрсек те орын алған оқиғалардың қайсысы болмасын естен шықпақ емес. Жұмыс барысында тосын жағдайлармен де жиі кездесеміз. Ойда жоқта өртке оранған үйге келген шығын мен үй иесінің сан жылдық маңдай терінің отқа оранғанын көріп, көкірегіміз қан жылап тұратыны рас. Десе де, басты міндетіміз адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау екенін естен шығарған емеспіз, – дейді Хұсайынқожа Төлегенов. Елдің алғысын алып, ақ батасын арқалаған азаматтың отбасында қолдау көрсетіп отырған аяулы жары мен ұл-қыздары бар. Балалары әкесінің мамандығын мақтаныш етеді. Адам өміріне араша түсіп, қоғамға төнген апатқа тосқауыл болуға жаралған құтқарушы қызметіндегі сарбаздар қандай құрметке болса да лайық. Таңмен таласа жүріп, күн-түн демей, жанын шүберекке түйіп, қызметіне адал болуға ант берген құтқарушы жандардың жұмысымен қоса жауапкершілік жүгі де ауыр. Өз ісінің нағыз майталманы атанып, адалдықты ұран еткен әр азаматтың арқалағаны қашан да алғыс. Олар өздерінің ерлік істерімен біздің әлемді қауіпсіз әрі жарық ете түспек.
15 желтоқсан 2024 ж. 84 0