№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жалынмен бетпе-бетте жасқанбаған

Жалынмен бетпе-бетте жасқанбаған


Адам өміріне араша түсіп, қоғамға төнген апатқа тосқауыл болуға жаралған құтқарушы қызметіндегі сарбаздар қандай құрмет болса да лайық. Таңмен таласа жүріп, күн-түн демей, жанын шүберекке түйіп, қызметіне адал болуға ант берген құтқарушы жандардың расында жұмысы ауыр. Кешегі Жамбылдағы жарылыста өрт сөндірушілердің жанкешті әрекетіне куә болдық, өте ауыр жағдай. 2019 жылдың ақпан айында қойшылар қауымы тауда қар астында қалған аша тұяқтыларынан айырылып, дала кезіп кеткенде төтенше жағдай қызметінің тізеден қар кешіп, аязбен арпалысып жүріп атқарған жұмыстарына өз көзімізбен куә болдық.Міне, осындай қызмет иелеріне құрмет ретінде 19-қазан құтқарушылар күні деп белгіленді. Бұл елдегі осы салада тер төгіп жүрген азаматтардың ерен еңбегіне берілген баға.

Биыл, Төтенше жағдайлар саласының құрылғанына 26 жыл. 1995 жылдан бастап, қазан айының 19-шы жұлдызы «Құтқарушылар күні» мерекесі болып атап өтілуде. Мереке қарсаңында Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінде «Құтқарушылар күні» мерекесіне орай бірқатар іс-шаралар өткізілді. Жалпы бұл мамандық иелерінің негізгі қаруы ол – бойдағы қайраты, сондықтан күн сайын жаттығуда жүретін олар жылда спорттық шараларды жиі өткізіп тұрады.
– Төтенше жағдай саласының қызмет­керлері арасында арқан тартысы, гір көтеру, қол күрес спорттық сайыстарынан жарыстар өткізіліп тұрады. Өйткені, облыста, республикалық сайыстарда да біздің жігіттер бақ сынайды. Бұл дайындық ретінде бағаланады, жалпы біздің қызметтің жауапкершілігі ауыр, сондықтан қызметке келетін жастар осыны біліп келеді, – деп әңгімесін қысқаша қайырған төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Берікбай Омаров барлық қызметкерлерді мерекемен құттықтады.
Бүгінде төтенше жағдайлар бөлімінде штат бойынша 5 қызметкер, 1 вакант, өрт сөндіру бөлімінде 35 қызметкер, 1вакант өрт сөндіру-құтқарушы жұмыс жасайды. Жыл басынан ақпараттарды есепке алу кітабына 123 ақпарат тіркеліп, оның ішінде өртке – 46, өртке жатпайтын жану оқиғасына – 58, авариялық құтқару жұмыстарына – 6, адамның суға кету жағдайларына – 6 рет хабар түскен. Сондай-ақ, көмір қышқыл газына улану, тоққа түсіп адамның қайтыс болуы, ауа райының қолайсыздығынан малдардың қырылуы, газ жарылысы және өзге де оқиға бойынша қызметкерлер табанынан тік тұрып қызмет көрсетті. Тіркелген 49 өрт оқиғасының кінәлі тұлғаларына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалары толтырылған.
Соңғы жылдары Жаңақорғанда суға кету, өрт оқиғасы, көгілдір отыннан келетін қауіп жиіледі. Төтеннен туар қауіптің қай кезде де қайғысы қоса жүреді. Осындай сын сағатта білек түріп, опат болған жандардың мекеме қабырғасында ілулі тұрған суреттеріне қарап, тағдырлы кәсіптің ттәуекеліне ой жіберіп, салмағын саралаймыз.
Ардагерлерге құрмет көрсету бұл бүгінгіге үлкен парыз деп білетін бөлім қызметкерлері аға ұрпаққа құрмет көрсетіп отыруды міндетіне алған. Мерекелік кеште сала ардагерлері мен Төтенше жағдай қызметкерлері Жаңақорған ауданы әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
– Осы саладан зейнетке шыққаныммен, бүгінгі тыныс-тіршілі­гімен танысып, бағыт-бағдар беріп отыруға тырысамын. Әрине, бүгінгі жастар өте білімді, белсенді, спорттық әлеуеті де мығым. Шыны керек, бұл салаға бір сөзбен айтқанда, жүрек жұтқан жігіттер келеді. Ізімнен ерген іні-бауыр, әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын, – деді сала ардагері Мұхтар Әлімбетов.
Мереке аясында төтенше жағдай саласының қызметкерлері Жаңақорған кентіндегі өлкетану мұражайында болып, ауданымыздың тарихымен танысты. Мереке қарсаңында, кент орталығында тұратын тұрмыс жағдайы төмен 2 отбасыға қажетті азық-түлікпен көмек көрсетті. Төтенше жағдай саласы қызметкерлерінің балалары арасында облыстық деңгейде өткізілген сурет салу жарысынан 1 орын алғаны үшін Ернар Айдарұлы мен мәнерлеп оқу сайысынан 1 орын алғаны үшін Кәусар Хұсайынқожақызы бөлім бастығының атынан құттықтау грамотасы мен арнайы сыйлықпен марапатталды. Жаңақорған кентінің орталығындағы LED экраннан мерекелік бейнероликтер көрсетіліп, орталық көшеге билборд орнатылды.
Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі. Бұл даңқты батыр Бауыржан Момышұлының айтқан нақылы. Мақала соңын ақындар өлеңімен түйіндесек.
Отқа түсер, суға түсер шырғалаң,
Алапаттан құтқаратын мыңдаған.
Тек құрметке лайықты ғой бұл сала,
Азаматты батыл етіп шыңдаған...
Әли ТЕМІРБЕК
23 қазан 2021 ж. 391 0