№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Өнерлі жастардың жетістігі

Өнерлі жастардың жетістігі


Өткен апта төменарықтық балалары үшін қуанышқа толы болды. «Балнұр» өнер және спорт шығармашылық үйірмесінің ұйымдастыруымен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты шара өтіп, үйірменің жаңа ғимаратының тұсауы кесілді.


Шығармашылық шараны ауданның құр­метті азаматы Нәбихан Шалапов пен үйірме директоры Ілесбек Әлмаханов ашып, ұстаздар мен оқушылардың жұмысына сәттілік тіледі.
– Өмірде өшпейтін іс – балаларға берген білім мен мейірімнің қамқор пейілі. Болашақтың бүр жарған сабағына қойған білім нәрі мәңгілік деп білемін. Осынау мәңгілік борышты парызым әрі ата-аналық қамқорлығым деп білемін. Әр бала жұлдыз болуға лайықты. Әсіресе, шалғай ауылдарда балалардың бос уақытын тиімді пайдалануда өнер және спорт үйірмелерінің алар орны басым. Оқушының мектептен кейінгі бос уақытын өнерге, спортқа баулысақ оның болашағына жарқын бастама сыйлаймыз деп ойлаймын. Өйткені, бала түрлі сайыстарға барып, өнерін ортаға салып, көпті көре берсе бойында өзіне деген сенімділік пайда болады. Болашаққа үлкен мақсатпен аттанады, – дейді Ілесбек Әлмаханов.
Одан әрі өнер ошағының шәкірттері осы орталықтан алған тәжірибелерін ортаға салып, мың бұрала би билеп, күйші қыз-жігіттер күмбірлете күй шертіп, әуелетіп ән шырқады. Ісмерлікті жанына серік еткен оқушы қыздар өздерінің қолынан шыққан бұйымдарын көрермендерге ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлінді.

Өнер үйірмесінің жұмысының жүйелілігі жөнінде үйлестірушісі Нәбихан Шалапов былай дейді:
– Өнер орталығы 2022 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда аудандағы Төменарық елді-мекенінде «Балнұр» шығар­машылық орталығы жұмыс жасап тұр. Сүттіқұдық пен Екпінді ауылының балалары дәрістерін ары қарай жалғастыру үшін тасымал қарастырылған. Орталық бірнеше секция түрлерімен қамтылған. Үйірмелердің барлығы тегін. Кез-келген бала өзінің жаны қалаған үйірмеге қатыса алады. Қазіргі таңда көркем оқу, вокал, құрақ тігу, бисер тоқу, домбыра, көркем сурет салу, компьютерлік графика, ұлттық би, актерлық өнер, киімді модельдеп пішу және тігу, кесте тігу, қағазды модельдеу, оригами сынды үйірмелерде 300-ден аса бала білім алуда. Ал, оларға 20 мұғалім дәріс беріп жүр.
Иә, баланың бойындағы дарынын ашып, олардың жетістікке жетуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген орталықтың бұған дейін де бағындырған белесі де аз емес. Мәселен, Алма­ты қаласында өткен, Республикалық «Тәуел­сіз елім-тірегім» жас өнерпаздар арасындағы байқаудан, Түркістан қаласында өткен «TURAN DALA», Қызылордада өткен «Сыр әлемі-жыр әлемі», «KOKTEM FEST», «Мұрагер» сынды бірнеше өнер додаларынан орталық шәкірттері жеңіссіз оралған емес. Нақтырақ тоқтасақ, «Мұрагер» байқауында аспапта ойнау жанры бойынша Батыр Зарина l-орынды иеленсе, көркем сөз жанры бойынша Жаңбырбай Нұрбек, Әлимхан Әли, Әбутәліп Бекарыс, Сұлтанғали Арайлым, Құрбанәлі Асылжан l-орын алды. Ал, Абызбек Ерсұлтан мен Жамалхан Алтынай бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қоса, көркем сурет жанры бойынша Нағызхан Ақсауле мен Омар Қарақат l-орынға тұрақтаса, Құрбанбекова Айару бас жүлдені иемденді. Қол өнерден «Тәуелсіз елім-тірегім» атты байқауда Тұрғанбек Назым, Марат Жанель, Әбдірахим Бегім намысты қолдан бермей бас жүлдені алды. Сондай-ақ, «TURAN DALA»байқауында көркем сурет салудан Асанбек Нұрталап бас жүлдені, аспапта орындаудан Шекербек Құдірет бас жүлде, Өмірзақ Мерей мен Толқынбай Інжу І-орын, Әбдіманап Еркенұр ІІ-орын алса, Ермашов Нұрдәулет пен Рысбеков Айдос ІІІ-орынды місе тұтты. Вокал жанрында Нұрислам Тілеухан бас жүлде, «KYZYLORDA FEST» байқауында «БАЛНУР» домбыра ансамблі І-орынмен мараппаталса, би өнері бойынша «Балнұр» би тобы бас жүлде мен қаржылай сыйлықты иемденді. Өнер орталығының тағы бір жетістігі – төменарықтық жас өнерпаз, «Qazaqstan дауысы. Балалар» көрмей таңдау додасының филналисті Нұрислам Тілеухан да осы шығармашылық орталықтың түлегі. Осы мараппаттардан-ақ өнер орталығы жұмысының жүйелілігіне көзіңіз жетеді.

P.S.: Әр бала – бір тұлға. Ал, өнер үйірмесі оларға өз шығармашылығын ашып, рухани дамуына жол ашатын бірден бір орталық. Мұндай үйірмелер өскіндерді тек өнерге баулып қана қоймай, өзіне деген сенімділігін артты­рып, жауапкершілікке үйретеді. Шығармашы­лық еркіндікке қол жеткізіп, болашақта өз армандарына жету үшін қажетті дағдыларды қалыптастырады. Жалпы, өнер мен спорт үйірмесіне қатысу – баланың өмірінде маңызды әрі ұмытылмас кезең болары анық.

Айсұлу Алданазар
21 қаңтар 2025 ж. 203 0