Сымбат Әлиасқар: Тіл білу – уақыт талабы

Ұстаз – тек оқушының пәндік білімін қалыптастырып қана қоймай, рухани дамуы мен азамат болып қалыптасуына ықпал етіп, ұлттың болашағын тәрбиелейді. Ал ағылшын тілінің мұғалімі – тек тіл үйретуші ғана емес, мәдениет пен жаһандық коммуникацияның арасындағы көпір. Осы орайда, бүгінгі біздің кейіпкеріміз де оқушыларға жаһандық тілді үйретіп жүрген ұстаз – Сымбат Әлиасқар.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ағылшын және түрік тілдерінің ұстазы» мамандығын бітіргеннен кейін еңбек жолын Алматы қаласындағы №148 мектеп-гимназиясынан бастайды. Алып шаһардағы үлкен білім ордасында әбден шыңдалған жас маман бүгінде аудан орталығындағы «Қыран» негізгі орта мектебінде ағылшын тілінің ұстазы, әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Қазір заман талабына сай ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас тіліне айналды. Осы себепті, мектепте оқушыларға ағылшын тілін үйретудің маңыздылығы артып отыр. Негізі, ағылшын тілінің ұстазы балаға тек тілдің құрылымын ғана үйретіп қоймай, әлемдік мәдениетті, ақпараттық кеңістікті, және халықаралық деңгейде тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын да үйретеді. Ал, ағылшын тілі ұстазының басты міндеті – оқушыларға тілдің грамматикасын, лексикасын, сөйлеу мәдениетін үйрету. Бірақ бұл тек қана техникалық аспектілер. Ұстаздың жауапкершілігі одан да ауқымды, себебі ол оқушыларға әлемдік ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Ағылшын тілін үйрену арқылы шәкірттер өз ойларын еркін жеткізу, өз пікірін білдіру, сондай-ақ түрлі мәдениетті түсіну қабілетін қалыптастырады. Біз оқушыларға ағылшын тілін өмірде қолдануға қажетті дағдыларды беріп, олардың өзін-өзі танып білуіне, алға қойған мақсаттарына жетуіне жол көрсетуге тырысамыз, – дейді Сымбат Құрбанқызы.
Өзі де ұстаздың отбасында тәрбиеленген жас маманның ә дегеннен жұмысына деген адалдығы мен сүйіспеншілігі сезілді. Оқушыларды қайткенде де бір нәтижеге жеткізу жолында тынымсыз тер төгіп жүргенін де әңгіме барысында аңғардық.
– Өзім мұғалімнің қызымын. Анам Күләнда Рысова Түгіскен ауылындағы №209 мектепте 30 жылдан аса ұстаздық жолында жүрген мұғалім. Содан болар, мамандығыма деген құрметім ерекше. Кей азаматтар ұстаз болудың қиындығын алға тартып, жастар бұл мамндықты таңдамай жатады. Бірақ бұл қате түсінік. Керісінше ұстаз болу – мамандықтың төресі деп айтар едім. Алдыңызда отырған әр шәкіртің көзінен шуақ сәулесі мен олардың білімге деген құштарлығын көргенде еріксіз ізденіп, баламен бірге қуанып шаттанасың. Шәкірттің жетістігімен марқайып, бар шаршауың әп сәтте басылады, – дейді жас маман.
Бүгінде ағылшын тілінің бүкіл әлемде кең таралғаны соншалық, оны үйрену және меңгеру – халықаралық мансап үшін маңызды қадам екені қазір әмбеге аян. Әлемнің кез-келген елінде білім алып, жұмыс жасау үшін ағылшын тілін білу қажеттілігі күн санап артып келеді. Бұл жағдайда ағылшын тілі ұстаздарының рөлі екі есе маңызды. Өйткені, олар жастарды жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға дайындайды.
– Бүгінгі ағылшын тілі ұстазы тек білім беруші ғана емес, оқушылардың қызығушылықтарын оята білетін, түрлі оқыту әдістерін қолдана отырып, оқыту процесін қызықты әрі нәтижелі ететін маман болуы тиіс. Біздің басты міндетіміз шәкірттерді жаңа мүмкіндіктермен таныстырып, олардың жеке тұлғасын қалыптастыруға ықпал ету. Сабақ барысында тек тілдік дағдыларды меңгерту ғана емес, сонымен бірге оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін қолдану, ақпараттық технологияларды енгізу өте маңызды. Қазір ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, электронды оқулықтар, онлайн платформалар мен түрлі аудио-визуалды құралдарды пайдаланып, оқушылардың назарын аудартып, олардың қызығушылығын арттырамыз. Оқушыларды шығармашылыққа баулып, олардың тілге деген сүйіспеншілігін оятып, тіл үйрену процесін жеңіл әрі жағымды етіп жасау үшін түрлі әдіс-тәсілдерді, құрал жабдықтарды пайдаланамыз. Қазір ұстазға еркіндік берілген. Бұрынғыдай қатып қалған қағида жоқ. Өзіңнің шығармашылық ізденісіңе қарай сабақты түрлендіріп өте беруге болады, – дейді Сымбат Әлиасқар.
Иә, ағылшын тілі маманы тек ұстаз ғана емес, өскіндердің болашағына даңғыл жол салушы, оларға әлемдік мәдениет пен білімге есік ашушы. Ол шәкірттеріне көптілді, көпмәдениетті қоғамда табысты болуға қажетті дағдыларды үйретіп, олардың әлеуетін толық ашуға көмектеседі. Сондықтан, Сымбат Құрбанқызындай ағылшын тілі ұстазының еңбегі қоғамның дамуына, жастардың әлемдік аренада өз орнын табуына үлкен үлес қосары сөзсіз. Себебі, білімді ұрпақ – бақытты болашақтың кепілі.
Айсұлу Алданазар