Ел жүрегінен қолдау тапты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында кең көлемді сұхбат беріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді тарқатты.
Сұхбат барысында әлеуметтік әділеттілік, экономикалық тұрақтылық, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында алда атқарылатын жұмыстар нақтыланды.
Шын мәнінде, 2024 жыл Президент айтқандай еліміз үшін күрделі жыл болды. Біткен іс те аз емес. Елімізде оң өзгерістер көп, оның ішінде мектептер мен балабақшалардың салынуы, әлеуметтік жағынан осал топтарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуін, зейнетақылар мен жәрдемақылардың көбеюін айырықша атап өткен жөн. Сонымен қатар, қазіргі таңда бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Біз бұл жетістіктердің барлығына өз өңіріміздегі жарқын жетістіктер арқылы айқын көз жеткізіп отырмыз.
Бүгінде жалпы халықтық қозғалыс – «Таза Қазақстан» акциясы айрықша маңызға ие бола түсуде.
Президент айтқандай «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясының бастауы. Осы орайда аудан халқы өз ортасында белсенді іс-қимыл танытып келеді.
Одан бөлек, Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидасына қатысты пікірі де өте маңызды.
«Заң мен тәртіп» қағидасын құқық қорғау саласына ғана арналған тұжырымдама деуге болмайды. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз», – деді Президент.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қазақ халқы. Тәртіп сақталған жағдайда ғана еліміз дамиды, өркендейді, көркейеді.
2025 жыл – мерейтойлар жылы. Жылдың ең маңызды оқиғасы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Бұйырса, алдағы уақытта бұл мерекелерді де лайықты деңгейде атап өтіп, Қазақстан өз тарихында тағы бір белеске көтерілетініне сенім мол.
Өмірсерік ТАҚЫРБАСОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы