Ең мейірбан мамандық мәртебеге ие
Ел денсаулығын нығайту жолында Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектердің барлығы шалғайдағы елдімекендерге де жетіп, тұрғындардың осы заманғы медициналық қызметке қолжетімділігі артып келеді. Өз ауданымызда да осы бағытта жарқын жаңалықтар аз емес. Бұл туралы Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық аурухананың бас дәрігері Ршымбетов Марат Құбылұлымен сұхбатымызда өрілді.
– «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде не айтасыз?
– Тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңа нысандар салынып пайдалануға берілді. Елді мекендердегі медициналық көмек беретін орындар жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті.
2024 жылдың басынан ауруханаға жалпы 6262 науқас түскен. Ағымдағы жылы ауруханада 292 хирургиялық, 40 лопароскопиялық ота жасалды.
2024 жылы 1160 сәби туылып, демографиялық туу көрсеткіші 15,4 пайызды құрады, осы жылы үш егіз дүниеге келді.
Елдімекендердегі профилактикалық медициналық тексеруден өткізуге жататын нысаналы топтарға қызмет түрін жақсарту бағытында «КАМАЗ» маркалы жылжымалы кешен арқылы 24 770 кісі медициналық тексеруден өтті.
2021 жылдан бастап аудандық орталық аурухананы кеңейтіп, көпбейінді ауруханаға айналдыру бағытында қосымша құрылыс жүргіізілді. Ауруханада инсульт орталығы, кардиологиялық бөлімшесі МРТ құрылғысымен жабдықталып толық іске көшеді. Орталықтың медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында 10 дана мобильді функциональды керуеттер алынды. Қазірде қабылдау бөлімінде аса ауыр жарақаттану жағдайында ес-түссіз келген науқастарды уақыт өткізбей аппаратқа қосу, көмек көрсету бөлмесі даярланған. Аурухана миды ультрадыбыстық әдіспен тексеру аппараты, видеогастроскоп (асқазан және ішек жолдарынзерттеуге арналған құрылғы, антиограф (қан тамырлары мен жүрек жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін рентген аппараты, фибробронхоскоп «тыныс жолдарын диагностикалауға арналған қатты құрылғы, басқа да қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар кешенімен қамтылған. Сонымен қатар флюроаппарат, жылжымалы маммографиялық кешен елді мекендердегі әйелдердің онкологиялық ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
– Әрине озық технология қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жойып, тиімді қолжетімділік тұрғысынан «Алтын уақыт» қағидатына қол жеткізері анық. Енді осы мүмкіндікті өз деңгейінде пайдалануда мамандар біліктілігі туралы не айтасыз?
– Бұл жөнінде ауданға алғаш келгендегі «сырт көз – сыншы» ретінде пікірімді айтайын, Жаңақорғанда білікті дәрігерлер көп. Терапия бөлімінің меңгерушісі Ришат Жүнісов, инсульт бөлімінің меңгерушісі Темір Жапаров, гинеколог Руслан Садықов, хирургия бөлімінің меңгерушісі Құрманбек Шәкенов, Бауыржан Абдусаметов, күндізгі емдеу бөлімінің меңгерушісі Жадыра Бураханова, дәрігер Гүлзат Әбітаеваларға жоғары баға берген болар едім.
Гинекология бөліміндегі дәрігерлеріміз қажет жағдайда жоғарыдан көмек күтіп отырмай өздері ота жасай алады. Бұл жақсы жетістік. Ана мен баланы аман алып қалудағы ең басты шешуші сәтте дәрігерлеріміздің тәуекелдігі нақты ізденістің, тәжірибенің жемісі. Бұл да болса бізден бұрын осы жерде жұмыс істеп кеткен ағаларымыздың жолы, сабақтастықтың бір көрінісі деуге болады. Олар кейінгі толқынға көп нәрсені тәжірибе жүзінде көрсетіп баули білгенінің дәлелі.
Өзге аудандардан бір ерекшелігіміз, бізде неонотолог дәрігерлеріміз мықты. Шала туылған жылбысқа – ілініп кетсе ол да адам, бірақ нетранспортабельді жағдайда, оны ешқандай қозғай алмайсыз, міне осындай шала туылғандардың жағдайын тұрақтандырып, толыққанды деңгейге келгенде облыс оталығындағы арнайы орынға жолдауды жас та болса осы мамандар біліктілікпен жүзеге асырып отыр. Жақында егіз туған сәбидің бірі 700 грамм, бірі 900 грамм ғана болды, жағдайын толық тұрақтандырып он бес күнде облыс орталығына жіберіп жатырмыз.
– Дәрігер мамандардың біліктілігін көтеруде қамқорлықтар бар ма?
– Іздену, оқып-тоқу, үздіксз алға жылжу, кәсібіне адал әрбір дәрігердің асыл міндеті. Осындай ынталы мамандарды бетінен қақпай, барынша жағдай туғызуға көмектесуге күш салып келемін. Аймақ басшысының да осы бағытта талабы мықты әрі мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға бағыттауда қамқорлығын аямай келеді. Дәрігерлеріміз осы мүмкіндікті пайдалану керек. Басшы ретінде аудан медицина қызметкерлерінің қосымша оқып, курстардан өтіп, тәжірибесін шыңдауға қажетті қаржы-қаражатын тауып беріп, жағдай жасауға күш саламын. Заман талабы да осы.
– Ауданда ашылған оңалту орталығы жөнінде не айтасыз?
– «Қамқорлық» корпоративті қорының қолдауымен ауданымыздағы ескі аурухана ғимараты Жұмыспен қамту жол картасы аясында жаңартылып, қазір онда 3 жастан 18 жасқа дейінгі 15 төсек тәуліктік, 5 стационар, және амбулаторлы емханалық көмек көрсетеді. Әсіресе, шалғай ауылдағы мүгедек балаларды алысқа сабылтпай өзімізде жатқызуға мүмкіндік мол. Жылына 600-ге жуық баланы емдеу-сауықтыру шаралары атқарылатын болады. Орталық мамандары Астана қаласында арнайы оқып келді.
Биылғы жылы ауданға 12 медициналық санитарлық автокөлік берілді. Оның 10-ы елді мекендерге, 2-уі аурухананың қабылдау бөліміне берілді.
– Дәрігерлік – ең қайырымды мамандық. Осы тұрғыдан келгенде өз кәсібіңізді қалай бағалайсыз? Бүгінге дейін нендей ой түйдіңіз?
– Біздің әулетті дәрігерлер династиясы деуге болады. Әкем медицина саласында қызметін әлі де жалғап келеді. Бауырларым, екі ұлым дәрігер. Өзім Қазалы ауданында орта мектепті бітірген соң Ақтөбе медициналық университетіне оқуға түстім. еңбек жолымды 1996 жылдан 2007 жылға дейін ҚР Қарулы Күштер құрамында дәрігер-офицер болып бастап лейтенанттан майорға дейінгі әскери шенді иелендім. Медициналық қызмет басшысы болдым. 2007 жылдан 2011 жылға дейін Алматы жол бойы ауруханасында, 2011 жылдан 2015 жылға дейін Қызылодда жол бойы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары, ал 2015 жылдан 2023 жылға дейін Арал ауданы ауруханасының бас дәрігері, одан әрі бір жыл қаладағы №5 емхананың бас дәрігері болдым. Осы жылы Жаңақорған ауданы ауруханасына басшылыққа келіп, өзімнен бұрын қолға алынған көптеген игі бастаманы әрі қарай жетілдіру жолында тер төгіп келемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Баян Алаудинқызы