№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбекпен есейген азамат

Еңбекпен есейген азамат


Әлібек еңбекке ерте араласты. Алдындағы аға-апалары жоғарғы оқу орындарына түсіп кетті де, үйдің үлкені болып қалды.


Әке-шешесі сонау үркіншілік кезінде, дәлірегі 1928 жылдың тамызында әкесі Сапарбайға ілесіп шекара асып Өзбекстанға, онан әрі Тәжікстанға барып бой тасалапты. Сол жақты қуғын-сүргін аяқталғанша мекендеген олар кейін Қазақстанға қарай жақындаса да бірден көшіп келуге батпай Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданына қарасты “Алғабас” деген жерге атбасын тірейді. Әлібек осы жақта 1961 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келді. 5 жасынан әкесі Машбек пен анасы Бибішке еріп, мақта жинауға көмектесті. 1967 жылдың күзінде осы Ақжол ауылына көшіп келді. Осында жүріп алғаш мектеп табалдырығын аттады. 1976 жылы сегізжылдықты бітірген соң №187 кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, 1979 жылы шофер-механизатор мамандығын алып шықты. 1981 жылға дейін «Өзгент» кеңшарында механизатор болып еңбек етті. Сол жылы отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Елге келген соң қайта тракторға отырды. Еңбекқор жігіттің талпынысы басшылықтың назарынан тыс қалмай, гараж меңгерушісі, экспедитор қызметін атқарды. Қызылордадағы Қорқыт Ата университетіне құжат тапсырып 1995 жылы өндірістен қол үзбей оқып, инженер – механик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылы «Өзгент» өндірістік кооперативнің директорлығына тағайындалды.
1997 жылы шаруашылық тарағанша еңбек етті. Мұнан кейін облыстық көлік бақылау комитетінің бас маманы, кейін Жаңақорған аудандық филиалының басшысы болып 2014 жылға дейін еңбек етті. 2014 жылдан 2022 жылға дейін «Қазавтожол» Қызылорда облыстық филиалында аға шебер болып жұмысын жалғастырды. Қазір «Игілік» шаруа қожалығының және «Жаңақорған – Өрлеу 1» Су пайдаланушылар кооперативнің басшысы болып еңбек етіп келеді. Бұдан отыз жыл бұрын әкесінің айтқаны есінде:
– Қарақтарым, құдайға шүкір сендердің балалық шақтарың бақытты өтті деуге болар, мен секілді тұрмыс тауқыметін көрген жоқсыңдар. Жастық шағымызда Кеңес өкіметінің аумағында демесең өзге мемлекетті сағаладық. Әсіресе кешегі соғысы кезінде мектеп көрмей сонау Памирден Самарқанға түйемен сексеуіл тасыдық. Ол кездері біз секілді 12-13 жастағы балаларды жас екенсің деп маңдайымыздан сипаған ешкім болған жоқ.
Елге оралғалы ширек ғасыр, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрудеміз. Азды-көпті еңбегім еленбей қалған жоқ, қолдан келер біраз жұмыс атқардым, звеновод болып күріш ектім. Қаншама жылдар басшылар сенім артып бригада басқардым.
Ендігі кезек мына сендердікі. Міне еліміз егемен атанды. Жұмыс істеймін, отбасымның жағдайын жақсартамын дейтін азаматтарға бар мүмкіндік жасалуда. Сендер де «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсаңдар» алынбайтын асу жоқ. Мына ағаларың Әлібекті бас етіп, істі қолға алсаңдар Алла сәтін салар, – деді. Қария қателеспепті, Әлібек осыған дейін жинақтаған тәжірибелерінің арқасында шаруашылықты дұрыс басқарып келеді.
Расын айту керек, ол жылдары мемлекет тарапынан жергілікті жерде жаңадан ашылып жатқан шаруа қожалықтары мен кооперативтерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған Әлібек алдымен кооператив ашып, мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, алған қаржысына мал мен техника алды. Кеңшардан алған жерге күріш, бидай мен жоңышқа екті. Еткен еңбектің де қайтарымы мол болды. Төрт түліктің де санын арттырып, 2-3 жылда аудан көлеміндегі көшбасшылардың қатарына енді.

Мал тұқымын асылдандыру жайлы көп ойлана келе, кеңестік жүйемен бірге кеткен асыл тұқымды қаракөл қойларын өсіруді қайта қолға алу қажеттігін түсінді. Еңбегі еш кеткен жоқ. Бірнеше жыл бойы жасалған селекциялық жұмыстар соңғы жылдары өз нәтижелерін көрсетті, қаракөл тұқымдас асыл тұқымды қой тұқымы қалыптасты. Бұл малдардан түсетін пайда бұрынғы қарапайым қойларға қарағанда әлдеқайда мол екендігіне көзі жетті. Қазіргі таңда уақ мал басы бірнеше мыңға жетті.
Соңғы 10-15 жылда тек қой ғана емес жылқы мен сиыр, түйе түліктерін де асылдандыруды қолға ала бастады. Жергілікті мал тұқымдарын асылдандыру мақсатында еліміздің өзге аймақтарынан асыл тұқымды айғыр, бұқа мен бура әкелінді. Бұл күндері алғашқы нәтижелері көріне бастады. Әлібек басқаратын шаруашылықта бұл күні жүзден астам адам жұмыспен қамтылып отыр.
Мемлекеттен несие алып, халық сұранысына орай 3-4 жерден жанармай құю бекеттерін ашты. Мемлекет тарапынан шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына және күзгі егін жинау науқанына жеңілдетілген бағада тиісті жанар-жағар майды әділеттілікпен бөліп беру де сын.
2007 жылдан бері бес шақырылым бойы аудан тұрғындары оған зор сенім жүгін артып аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Ал ол халық сеніміне селкеу түсірмеуге тырысып келеді.
– Депутат – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Халық өздерінің билікке жеткізе алмаған өтініш-тілектерін, тұрғылықты жеріне қажетті істерді бізге айтады. Өз кезегінде осы тілектерді аудан басшылығына, мәслихат сессиясына ұсынамыз.
Қай кезде болмасын халықтың мұң-мұқтажына сергек қарауға тырысып келемін.
Өзім депутат болған 17 жылдың ішіндегі ірі-ірі деген бірнешеуін атап өтейін. Ақжол ауылының егістік жері толық инженерлік жүйеге өтпеген. Соның салдарынан ол жерлерге аяқсу жеткізетін каналдардың ұлтанын қалың ұйық батпақ басып қалды. Каналды тазалау үшін тиісті орындарға шығып жеті млн теңге бөлдіруге қол жетті. Ауылға жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануына деп спорт алаңын салдыруға қаражат бөлгіздім.

Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолынан Аққұм бекетіне 12 шақырым асфальт жол салдыруға атсалыстым. Алтынсарин мөлтекауданындағы тұрғын үйлер соңғы жиырма жылдың ішінде жөндеу көрмеген. Оны жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді.Теміржол өткелінен Сырдария өзеніне дейінгі жолға орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жол асфальтталды.
Кент орталығы жыл сайын құлашын кеңге жайып, халық саны да өсу үстінде. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі басты мәселе. Осы жағдайды ескере отырып аудан басшыларына тұрғын үйлер салу жөнінде ой қосып, бюджеттен қаржы бөлдіріп Алтынсарин мөлтекауданында 100 пәтер салынуда, – дейді ол.
Әлібектің аудан спортшыларына, өнерпаздарына аудандық орталық мешітке қаржылай көмек беріп келе жатқанын ел біледі. Көп балалы жесір ана Хайрылса Қалиеваның баспаналы болуына демеушілік жасаса, Өтешбек Омаров деген ақсақалға Қыраш ауылынан әп әдемі етіп үй салып берді.
Ол қоғам өмірінен де тыс қалған емес. Ауылға мешіт, монша салып берсе, депутат ретінде ауылдық клуб үйіне күрделі жөндеуден өткізу мен жаңадан мектеп салуға, ауылға кіреберістегі канал үстінен көпір салуға, ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінуіне тікелей ықпал етті.
Оның осы еңбектері еленбей қалмады. Бірнеше жыл аудан чемпионы атанды, ел Президентінің, облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен», «Құрмет грамоталарымен», «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. «Құрмет» орденінің иесі.
Әлібек Машбекұлы елге еңбегімен еленіп, еңбекпен есейген азамат.
Мен болып –толдым демейтін, барына қанағат ете отырып, тіршілігін ұршықтай үйіріп отырған жігіт ағасының тіршілігіне біз де береке тілейміз.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Жаңақорған ауданының
құрметті азаматы

14 желтоқсан 2024 ж. 97 0