Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 49

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ПРОКУРОРДЫҢ КӨМЕКШІСІ

ПРОКУРОРДЫҢ КӨМЕКШІСІ


Кезінде тұрақты авторларымыздың бірі, бүгінде жасы сексеннің бесеуіне келген Әбіл Сейданов ағамыз аудандық прокуратура мекемесінің алдына қойылған прокуратура және әділет саласының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Әлібаевтың құрметіне қойылған ескерткіш тақтаны көріп, риза болғанын айтуға келіпті.
Айтбай Әлібаев 1987-1991 жылдары Жаңақорған ауданының прокуроры болған еді. Біздің де ойымызға кешегі естеліктер оралып жатыр.


Әбіл Сейданов сонау тоқсан төртінші жылдардан бері қарай ауданда бірінші және екінші шақырылымда қатарынан екі рет №335 Сайлау округінен депутат болып сайланып, кенттегі «Арман» кинотеатрының арғы беткейіндегі құлазып жат­қан аумаққа тас төсеу, асфальттау, көше жарығы, тазалы­ғы мәселесінде шаршамай-талмай жүгіріп жүріп жұмыс істеген. Өзі қағылез, аяқ-қолы жылдам болған соң ба, әбжіл қимылдайды. Шынашақтайынан бейнетпен өсіп, тауқыметпен жетілген кеңес адамдарының көбі сондай ғой өзі. Жиырма бес жыл орталықтағы «Казсельхозтехника» мекемесінде ме­ханик-инженер болып, ол қызметінде де мін жібермеді Шаруашылықтардың темір-терсегін науқанға сақадай-сай етуде сапалы жұмысымен мақталып газет бетінен түспейтін.
Ал отбасында жары Күлайым екеуі он төрт баланы туып, тәрбиелеп жетілдірді. Бұл тұста жарықтық Әбекеңе үкіметтің де назары түсті. Мемлекеттің жұмысы деп үйіне бір минут бұрылуға уақыты жоқ коммунистің үйелмелі-сүйелмелі өсіп келе атқан балалары қиналмасын деп үлкен бес бөлмелі үй салып берді.
Хош. Өзінің жұмысына қоса қоғамдық қызметте белсенді Әбекең енді жаңадан құрылған «Отан» партиясына жетекшілік етуге тағайындалсын. Ол кейін «Нұр Отан» болып өзгерді. Ой-боой, Әбекеңдер оның да жұмысын шып-шырғасын шығармай адал атқарды. Халықтық бақылау комитет деген болатын еді, төрағасы Жаңаберген Ахатаев ағамыз, сол кісімен тізе қосып, бірлесіп, аудандағы кейбір мекеме-ұжымдарда байқалып қалатын тәртіп бұзушылық, заңды бұрмалаушылық дегенмен ымырасыз күресті. Өзі таза еңбек адамы, қақ-соқпен шаруасы жоқ, келеңсіз көріністерді көрмей кете алмайтынымен қоймай, оны дер кезінде жоюға кеңес беріп кететін Сейдановтан ірі-ірі дөкейлердің өзі кәдімгідей аяқ тартып жүретін болды.

Журналист ретінде өзім куәмін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел ішінде өтетін барлық жиын, іс-шаралар осы кісісіз өтті ме екен? Біріне халық қалаулысы ретінде қатысса, біріне партия төрағасы ретінде, біріне ата-ана, біріне қоғамдық негіздегі халықтық бақылау комитетінің мүшесі, әйтеуір Әбіл Сейдановсыз жиын өткен емес.

Сондай-ақ аудан әкімінің, мекеме басшыларының есігін құрғатпай мәселе қойып жүргені. Соның бәрінде айтатыны өзінің емес, елдің, ағайынның, көршінің жағдайы. Ал өзінің бау-шарбағына келсек, бір ұлы есік-терезе істейтін ұста, бірі асфальт шығаратын шағын кәсіпорынның шаруасын дөңгелетіп отыр, бәрі де қарапайым еңбек адамы, ешбірі де жүрекке жүк артып, салмақ салып көрген емес.
Ал енді осы кісінің зейнетке шыққан шағында прокурордың көмекшісі болғаны… Күні кеше қелгенде әңгімелесіп отырып осы деректің ұшын ұстасақ болар ма?
– Сонда сіз кәдімгідей кабинетте отырып жұмыс істедіңіз бе, – дейміз әуестік жеңдеп.
– Ия, Қолыма қоғамдық бақылау деген куәлік беріп қойды сол кездегі прокурор Мұрат Досманбетов. Бірінші қабатта­ғы үшінші бөлмеде отырдым. Аудан прокуроры кейде елді мекендерге немесе еңбек ұжымдарына шыққанда бірге еріп жүрдім, – деп желпінді көкеміз.
– Қабылдауыңызға кісілер көп келетін бе еді?
– Келіп жататын. Прокуратураға шағымданып келгендер­дің ішінде маған соққандарды асықпай тыңдаймын. Қажет жерінде шағымы бойынша мәселені терең зерделеп, тиісті орындарға барып та қайтамын. Мүмкіндігінше шешемін. Әсіресе, отбасылық мәселелерді. Жалпы, көпшіліктің арыз-шағымы бойынша «Нұр Отанда» жинаған тәжірибем бар. Сайлаушыларымның аманатын арқалап жүрген шақтарда да қаншама мәселенің шешілуіне ықпал еттім. Содан көпшілікке танымал да болып қалғам. Бақылау комитеті құрамында талай мекеме басшысының жүрегінің отын алған жағдайлар болған, – деп күліп қояды мына ағамыз.
– Бұл жұмысыңызда жалақы алдыңыз ба?
– Жоқ. Қоғамдық негізде ғой. Сонда да шаршаған емеспін. Өйткені бәрі де айналаның қамы, ұрпақтың үлесі, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның тазалығы үшін ғой. Шама келіп тұрғанда соның бір кетігіне жарап, қолдан келген көмегімізді бере білсек қандай ғанибет, – деді ақсақал.
Бала күнінен санаға сіңірілген осындай сеніммен қоғамға қалтқысыз қызмет етіп келген ақпейіл ағаның алғаусыз пікірі осындай. Дегенмен, ақысыз-пұлсыз...
– Ақысыз болғанда, – деп күмілжіді ол кісі, сосын сәл тосылып, болады ғой енді, кейде ауылдан келетін кісілер балық әкеп беретін, – деп ағынан жарылды әкемнің құрдасы. Оһо, міне, деп қуанып қалдық кәдімгідей. Сөйтсек, біз ғана емес, сол кездегі мекемедегі інілері де қуанып қалады екен. Сөйтіп, кеңседе көкеммен бірге түстеніп балық жеп мәре-сәре болады екен. Міне, үлкенің бар ма деген!
Бір өкініштісі, осындай дала мінез, аңғал пейілді ағаларымыз арамызда аз қалды. Өте аз. Осыған өкінесің.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, мезгіл мінберінде түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуда көптің көмегіне сүйене отырып ортақ шешімге келе білген қадір-қасиеттің бір көрінісі ғой бұл да. Жаңылыс басқанды айыптаудан бұрын ата-баба жолымен өз ары алдында ақтап, келешек адам болатынның амалына жүгіндіру ұлтымызды сапалы болмысы жағынан биіктететін қадам. Алдағы уақытта ел тізгінін ұстаған тұлғаларға осы бағытта бас біріктіріп жаңа Қазақстанның жарқын келбетін қалыптастыруға ынтымақты жұмыс жасау керек-ақ.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
07 желтоқсан 2024 ж. 161 0