Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » Әділеттің заңғар тұлғасы

Әділеттің заңғар тұлғасы


Қоғам қайраткері, белгілі заңгер, прокуратура генералы, әділет генерал-майоры, прокуратура және әділет саласының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Әлібаевтың құрметіне Жаңақорғанда ескерткіш тақта орнатылды. Аудандық прокуратура ғимаратында орнатылған мемориалды тақтаның ашылуына алыс-жақыннан қонақтар келіп, игі шараның басы-қасында болды.

Тереңөзек топырағынан түлеп ұшып, өне­гелі еңбек жолымен иісі қазақ қоғамына өшпестей із қалдырған біртуар азамат Айтбай Сүйінбайұлы мемлекетімізде заңдылықтың да­муына кәсіби тұрғыдан үлкен үлес қосты. Осы еңбек жыл­дарының көшінде Жаңақорған ауданының да прокуроры болып, қоғам мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста еңбек еткен тұлғаның есімін туған жер халқы ұмыта қойған жоқ. Бүгінгі құрмет осы сөзімізге дәлел. Айтбай Сүйінбай­ұлы Алматы қаласындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің заң факультетін қызыл дип­ломмен тәмамдапты. Талантты жасты сол кездегі аймақ басшылығы арнайы жолдама­мен облыс орталығына алдырады. Алғашқы­да облыстық прокуратурада қылмыстық істерді қадағалау бөлімінің прокуроры, бір жылдан кейін Қазалы аудандық прокуратурасында тергеуші қызметін атқарады. 1973-77 жылдар аралығын­да Қызылорда қалалық прокуратурасының аға тергеушісі, 1977-83 жылдары Арал аудандық прокуроры қызметін атқарады. 1983-87 жылда­ры Қызылорда қаласының прокуроры, 1987-91 жылдар аралығында Жаңақорған ауданының прокуроры болады.
1991 жылы Маңғыстау облыстық прокуроры­ның орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы білікті заңгерді еліміздің Бас прокуратурасы өз қарауына қызметке алдырып, тергеуді қадаға­лау басқармасының бастығы етіп тағайындайды. 1992-95 жылдары сол кездегі Торғай облысы­ның прокуроры болып қызмет атқарады. 1994 жылы Президенттің Жарлығымен Әділеттің ІІІ-сыныпты мемлекет кеңесшісі шені беріледі. 1995-1998 жылдары Торғай және Қызылорда облыстары бойынша сол кезде құрылған Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасының бастығы болды.
Айтбай Сүйінбайұлының ұзақ жылдар бойы заң саласына сіңірген еңбектері ескеріліп, Президенттің Жарлығымен Әділет генерал-майоры деген жоғарғы шені берілген.
Еліміз өз алдына егемендік алғаннан кейін екі ірі заң саласында тұңғыш екі мәрте генерал-майор атағына ие болған азаматтың бірі – осы кісі. Ол 1998-2003 жылдары Қызылорда облыстық әкімінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгеруші­сі, облыс әкімінің құқық жөніндегі аға кеңесші­сі, облыс бойынша Сот шешімдерінің орындалу­ына жұмыс атқаратын комитеттің төрағасы, облыстық Әділет басқармасының бастығы сияқты лауазымды қызметтерде болды. 2003-2005 жылдар аралығында Қостанай облыстық Әділет басқармасын басқарса, 2005 жылдан Әділет министрлігінің құқықтық насихат және заң қызметін ұйымдастыру комитетінің төраға­сы, министрлікте ішкі әкімшілік департаменті мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас­тығы болып қызмет атқарды.
Ол Жаңақорған ауданында қызметте жүргенде елмен етене еңбек еткен тұлға. Мұны қызметтес болған әріптестері мен замандастары және ізінен ерген жас буын әрдайым айтып жүреді.
1988 жылы Жаңақорған аудандық проку­ратура ғимаратының салынуына өзіндік үлес қосып, құрылысының басы-қасында жүріп, ел игілігіне тарту еткен еді.
Салтанатты шарада ауда әкімі Мажит Самит­ұлы алғысөз алып, алдыңғы толқын аға буынның өнегелі жолынан сыр шертті. Қызмет жолындағы әріптес ғана емес, ақыл­ман аға, жол бастаушы тұлға ретінде өнегелік ғибратынан сыр шертіп, болмыс-бітімі, тұлғалық ерекшелігі туралы тілге тиек етті. Одан әрі сөз алған облыс прокурорының бірінші орынбасары ИсламбекТөлегенов ыстық ықыласын білдірді.
Иә, ғибратқа толы ғұмырында елге қызмет етумен қатар ұлағатты әке бола білді. Жары Раиса Бекмағамбетова екеуі ұл-қыздарын өсіріп-өндіріп, бүгінде олар үлкен әулетке айналуда. Раиса апай аудан орталығындағы №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ордасында шәкірт тәрбиеледі. Бүгінгі кешке арнайы келген ардагер ұстаз ілтипат лебін білдіріп, аймақ басшысы бастаған әкімдік өкілдеріне, заң саласындағы азаматтарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Сыр елінен шығып, заңның заңғар тұлғасы­на айналған Айтбай Сүйінбайұлына арналған салтанат соңында аға рухына арналып Құран бағышталып, ас берілді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
10 қыркүйек 2024 ж. 991 0