» » Ұстанымы биік тұлға

Ұстанымы биік тұлға

Ата заңымызда айтылғандай, мемлекеттік меншікті және азаматтарымыздың құқы мен мүдделерінің заңды қорғалуын қадағалаушы ең жоғары орган – прокуратура күніне орай осы салада абыройлы қызмет атқарған аға ұрпақтың өмір жолын еске алып, көппен бөлісуді парыз санадық. Прокуратура және әділет саласының ардагері, бар ғұмырын зандылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға арнаған Әлібаев Айтбай ағамыздың есімі жалпы Сыр жұртшылығына кеңінен танымал.


   Ол 1947 жылы 25 қазанда Қызылорда облысы, Тереңөзек кентінде дүниеге келді. Осындағы №36 Жданов атындағы орта мектебінде оқыды. Әкесі, соғыс ардагері Сүйінбай Әлібайұлының сырқаттанып жатып қалуына байланысты бозбаланың кешкі мектепке ауысып, білім алумен қатар еңбек етіп отбасын асырауына тура келеді. Жасынан иығына артылған тұрмыстың тауқыметі елгезек жігітті ерте есейтті. 1963 жылы Тереңөзек рабкоопының есепшісі болып еңбек етеді.

Бала кезінен жүрегі қалаған мамандық – заң саласының қызметкері болу талабын қанат етіп, 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетініне оқуға түсіп, оны «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдайды. Кәсіби еңбек жолын 1971 жылы Қызылорда облысы прокурорының көмекшісінің міндетін атқарушы болып бастаған ол 1972-1973 жылдары Қазалы ауданы прокуратурасының тергеушісі, 1973-1976 жылдары Қызылорда қаласы прокуратурасының аға тергеушісі, 1976-1977 жылдары Қызылорда облысы прокуратурасының аға тергеушісі, 1977-1983 жылдары Арал ауданының прокуроры, 1983-1987 жылдары Қызылорда қаласының прокуроры, 1987- 1991 жылдары Жаңақорған ауданының прокуроры, 1991-1997 жылдары Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары, Бас прокуратура басқармасының бастығы, Торғай облысының прокуроры, Торғай облысы бойынша Мемлекеттік тергеу комитетінің облыстық басқармасының бастығы, 1997-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік тергеу комитетінің облыстық департаментінің бастығы, Қызылорда облысы әкімі аппараты бөлімінің кеңесші – меңгерушісі, ҚР Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті Қызылорда облысының сот актілерін орындау департаментінің бастығы, 2001-2005 жылдары-Қызылорда, Қостанай облыстық Әділет департаменттерінің бастығы. 2005-2020 жылдары комитет төрағасының орынбасары, ҚР Әділет министрлігі басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. Еңбек демалысына шыққан соң да ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің құрылымдық бөлімшесінде қажырлы еңбек етті.

Айтбай Әлібаев өзінің бүкіл саналы ғұмырында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдықсаяси салалардағы заңды мүдделерінің қорғалуына, заңдылықты бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың дер кезінде анықталып, тиісті шешімін табуына кәсіби қажыр-қайратын аямады.

Айтбай Әлібаевқа ҚР Президентінің Жарлығымен 1994 жылы 3 – сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, 1994 жылы генерал-майор атақтары берілді.
Сыр өңірінен шыққан алғашқы генерал, аймақ тарихының жылнамаларында есімі алтын әріппен жазылатын нар тұлғалы азаматтың Жаңақорған жұртшылығы үшін де орны бір бөлек. Айтпай Сүйінбайұлының есімін жаңақорғандықтар әлі күнге дейін ыстық ілтипатпен еске алып отырады. Құқық саласы ардагерін осы дәрежеге жеткізген қарапайымдылық пен кішіпейілдікті ұстын тұтқан ұлағатты ұстанымы деуімізге әбден болатындай. Ол кісі осы ауданда прокурор болған жылдарында бұқарамен тығыз қарым-қатынасымен прокуратура қызметінің ашықтығына қол жеткізгенін сол кез замандастарының естелігінен аңғаруға болады. Солардың бірі, кезінде осы азаматпен етене қызмет атқарған ішкі істер саласының ардагері Искаков Шахмардан ағамыз былай дейді: «Айтбай Әлібайұлы қарамағындағылардан көп оқуды, талмай ізденуді талап етті. Жаңа заманға сай өзгеру, мықты маман болу арқылы халыққа қызмет етудің үлгісін ол өз қадір-қасиеті арқылы танытты. Өз дәрежесінде алдына мақсат қойған азаматтарға сүйеніш болып, жан-жақты қолдау-көмегін аямады».

Осы орайда Шығыстың ғұламасы Әбу-Насыр Әл-Фарабидің «Өмірдегі күллі қаһармандық пен қайырымдылықтың көзін жүректегі иманнан іздеңіздер» деген даналығы ойға оралады.
Иманды болу – ірі болудың, арлы болудың алғышарты. Имандылық – адам бойына ерекше күшқайрат беретін, санасына салмақты ойлар саялататын, білім мен ізденудің терең теңізіне құлаш сермететін ұлы қасиет. Осы құндылықтың барлығы Айтбай ағамыздың өмірлік бағдаршамы болғандай.
Қай жерде қызмет атқарса да ардақты азаматты абыройдың биік мінберінен танытқан осы мінезі, осы қадір-қасиеті деуге болатындай. Өмірден білген-түйгенін кейінгіге мирас етіп, артына құнды мұра қалдыруды парыз санаған заң және құқық саласының қайраткерінің соңында ұрпақ игілігіне бірнеше кітаптары қалды. Күллі еңбектері орынды бағаланып, мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сырдария ауданының және Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атанды.
Әділдіктің ақ туын биік ұстап, тура жолдан тайқымауды мұрат тұтқан кәсіби ұстанымы оған осындай ғұмырды еншілетті.
Осы жылдың 28 қарашасында 76 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанған ағаның жарқын бейнесі ұмытылмайды.
Аға жолы – бізге өнеге.

Дабыл АЯНҰЛЫ, Жаңақорған ауданының прокуроры

06 желтоқсан 2023 ж. 230 0