"Жайлы мектеп" - қандай мектеп?
Дамыған отыз елдің көшіне ілесуде қанатқақты жобаның бірегейі – «Bilimdi últ» идеясы. Осы жобаның іргетасы ретінде еліміздің түкпіртүкпірінде 401 «Жайлы мектеп» құрылысы тамыз айында басталғалы тұр. Оның екеуі Жаңақорған жерінде бой көтереді. Біз заманауи мектептің құрылыс мердігерлерімен сұхбаттасып, жоба ерекшелігін сөз еткенді жөн көрдік.
Жаңақорған ауданының халық санына мән берсек, соңғы бес жылда бала туу көрсеткіші артып жатқанын аңғару қиын емес. Мәселең, ауданда 2018 жылы 815 балаға туу туралы куәлік табысталса, 2022 жылы 2335 балаға артқан. Ал, осы жылдың алғашқы алты айында 1220 туу туралы куәлікке өтінім қабылданған. Міне, осыданақ, алдағы жылдарда мектеп санын ұлғайту қажеттілігі туындап отырғанын байқау қиын емес. Сондықтан болар, заманауи қажеттілікті қамтамасыз ететін бірнеше мектептерді салу жоспарланды. Ұлттық жоба аясында салынатын «Жайлы мектеп» Жаңақорған кентіндегі Саяжай ықшам ауданында және Жаңарық елді-мекенінде бой көтереді.
Республика көлемінде осы жоба арқылы салынатын мектептер көлемі мен сыйымдылығына сай 8 түрлі болғанымен бәрі де біркелкі келбетке ие. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында қалалар мен ауылдарда салынатын мектептер сыртқы жағынан да, ішкі жабдықталуы мен конфигурациясы жағынан да бірдей. Бұл қала және ауыл оқушыларына сапалы орта білім бірдей қолжетімді болуына жол ашпақ. Бұл туралы Жаңақорған ауданы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ербол Әлменов:
– Алдағы тамыз айында ұлттық жоба аясында ауданда қос мектеп құрылысы басталады. Бұл білім беруде жаңа бағыт пен өрлеудің даңғыл жолын қалыптастырады. Біз заманауи мектеп құрылысы біткенше ұстаздарымызды осы әдістәсілді меңгеруі үшін біліктілігі мен тәжірибесін арттыру үшін жүйелі жұмыс жүргіземіз. Ашығын айту керек, зияткерлік қарым-қабілетке ие, жаңа бағытты толық меңгерген білікті ұстаздар белгілі іріктеудеу өтеді. Бұл білім инновациясын одан әрі жетілдіруге жол ашады, – деді.
«Жайлы мектеп» құрылысына тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ учаскенің әлеуетін зерттеп, мердігерлерді анықтайды. Жаңақорған кентінің «Саяжай» ықшам ауданында 600 орындық мектеп құрылысы 2024 жылдың соңына дейін толық бітуі тиіс. Екі ауысымда 1200 бала білім ала алады. Бас мердігер – «АманКурылыс» ЖШС-мен нысанды жобалау және салу бойынша келісімшартқа қол қойылып, аванстық төлем жасалды. Бүгінде мектепті жобалау және бөлінген жер учаскесін құрылысқа дайындау жұмыстары жүріп жатыр екен. Қызу жұмысқа кіріскен мекеме басшысы Әділхан Маштаевты құрылыс учаскесінде жолықтырдық.
– Осыған дейін түрлі деңгейдегі мектептерді салып жүрміз ғой. Бұл мектептің құрылысы өте ерекше, жанға жайлы сәулет өнері деуге болады. Жайлы мектептердің ауданы қарапайым орта білім беру мектептерімен салыстырғанда 15-20% үлкенірек болады, ал техникалық жарақтандырылуы 4 есеге артады. Қысқасы, шәкіртке де, ұстазға да ыңғайлы мектеп болады, –деп қолына ұстаған ақ қағаздағы мектеп жобасын тәтпіштеп түсіндіріп берді.
Түсінгеніміз, жаңа мектептерде робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залы, үш коворкинг (бастауыш сынып оқушылары, жоғары сыныптар мен мұғалімдер үшін) және басқа да қосымша мамандандырылған кабинеттер болады. Сондайақ, бастауыш сыныптар үшін және орта/жоғары буындар үшін жеке асханалары және спорт залдары бар бөлек блоктар қарастырылған. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталатын болады.
Әр оқушының жеке шкафы болады. Әр қабатта су ішетін бұрқақ орнатылады. Жалпы алғанда, мектепте оқушылардың қолайлы жағдайда сапалы білім алуы қамтамасыз етілу керек.
Жайлы мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де барлық жағдайлар жасалатын болады. Оқу орындары пандустармен және лифтімен жабдықталады. Есіктер кеңірек болады, стандарттарға сай жеке әжетхана мен жуыну бөлмелері қарастырылады.
Мектептердегі жиһаз бен ноутбуктерге, компьютерлерге, интерактивті тақталарға және басқа да электрондық өнімдерге арналған техникалық жабдықтарды мердігер ұйымдар ЕРСкелісімшарттар шеңберінде өздері сатып алады. Яғни, жеке лоттар болмайды, конкурсты жеңіп алған компания объектіні салып қана қоймай, оны ЖСҚ-ға сәйкес толығымен жабдықтап, дайын күйде тапсырады.
Ал, Жаңаарық ауылында 300 орындық мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Екі ауысымда 600 бала білім ала алады. Бас мердігер – «Алтын Айдарлы» ЖШС-мен нысанды жобалау және салу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бүгінде мектепті жобалау және бөлінген жер учаскесін құрылысқа дайындау жұмыстары жүруде. Құрылыс мекеме басшысы Ерғали Егізбайұлы:
– Ауыл балалары заман көшінен қалмай, білім бәсекесінде көш ілгері болуы үшін шалғай ауылдарда «Жайлы мектеп» жобасымен мектептер салынуда. Біз Жаңарықтағы тозығы жеткен мектепте оқып жатқан балалар үшін заманауи келбетке ие ерекше мектеп құрылысын бастадық. Әр бала үшін өте ыңғайлы жағдай жасау үшін жан-жақты зерттелген әрі практикада сыналған жобамен мектеп салынады. Біз бридадамызға кәсіби мамандар мен жауапкершілігі мол азаматтарды жасақтадық. Белгіленген уақытта мектепті аяқтауға мүмкіндік мол, – дейді ол.
Айтпақшы, «Жайлы мектеп» жобасының ішкі экономикамызға да айтарлықтай әсері бар. Мәселең, құрылыс материалының 65 пайызы елде өндіріледі. Әрі мектепке қажетті жиһаздардың 95 пайызын жергілікті кәсіпкерлер орындайды. Әрі құрылыс жұмысына жергілікті халықты тартуға көңіл бөлінуде. Бұл жұмыссыз жүрген көптеген жерлестерге үлкен мүмкіндік. Егер,жұмыс іздесеңіз уческе басшына жолығып, екі қолға бір күрек табуға болады. Ұлттық жоба аясында салынатын қос мектеп құрылысы ұдайы назарда.
Мақпал Патенова