№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жастар – елдің тірегі

Жастар – елдің тірегі


Жеткіншектерді отансүйгіштікке, патриоттық бағытта тәрбиелеуде мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің орны айрықша. Осы тұрғыдан келгенде аудан орталығындағы №163 орта мектебінде қырық жыл ұстаздық еткен Ахмет Нақыпов ағамыздың еңбегі ерек. Ол кісі туралы кезінде талай жаздық. Өзіміз осы кісінің шәкірті едік. Ұл демей, қыз демей сабағында қатал ұстанымын қару етіп, тәртіп тізгінін нық ұстады. Ер балалардың көбі осы кісіге еліктеп, әскери саланы таңдайтынын жасырмайтын. Бүгінде ұстазымыз өмірде жоқ. Бірақ өнегесін боына сіңірген шәкірттері қатарында Қуаныш Абіләкімов оның ізін жалғастырып, осы оқу ордасында алғашқы әскери пәнінен сабақ береді. Өзі аудандық «Ауған соғысы ардагерлері» бірлестігінің төрағасы.


Жақында аудан орталығындағы Өскенбай Жұмаділла атындағы «Дарынды балалар» мектебіне жолымыз түскен еді, мектеп басшылығы жас педагогтер құрамында Қазақбай Нұрқазы жөнінде айрықша тоқталды. Ол мектепте алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі екен. Өзімен сұхбаттасуды ұйғардық. Алдымен әңгіме ауаны өзінің азан айтып қойған есімі жөнінде өрбіді. «Нұрқазы» – әжесі Нұрыншаш пен атасы Қазақбайдың есімдерінің алғашқы буынынан алыныпты. Ә, енді түсінікті. Қазақбай Әлібеков деген ағамыз баспагер болған кісі, алпысыншы жылдардан бері қарай «Коммунизм жолы» газеті редакциясының жанында жұмыс істеген баспахананың жұмысына басшылық етіп, оның жұмысын жолға қоюда Украина, Ресейге дейін барып мекемені қажетті құралмен жабдықтаған кісі. Әрі өзі журналист болатын. Ол кісінің көзін көрдік, баспаханасында газетке кезекшілік еттік. Қаламгерлігімен қоса ән айтатын керемет дауысы бар екенін де білуші едік. Жақсының көзі – немересі, мына тұрған жігіттің де сойы тегін емесіне көңіл сеніп тұр.
– Мектепті 2018 жылы тәмамдадым, – дейді ол. Одан әрі Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы университеттің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі мамандығына құжат тапсырдым. Бұған себеп – мектептегі АӘД пәнінен сабақ беретін ұстазым Қуаныш Абіләкімовке еліктеуім болса керек. Ол кісі бізге сабақтан тыс кезде де әскерде болған оқиғалардан әңгімелеп беретін. Отанды қорғау ісінде ер азаматқа тұрыс жоқ, ел басына күн туса қорған болатын да өздерің деп үйретті. Елдегі ауған соғысына қатысқан ағаларымызды шақырып, кездесу ұйымдастыратын. Ол кісілердің от кешкен өміріндегі нағыз ерліктеріне куә болып, жігіттің сәні - батылдық пен жүректілікке талпынып, нағыз ер азаматқа лайық өнерді меңгеру- міндет екенін көңілге терең түйіп өстік, – дейді ол.
Осы қағиданы өмірлік серік еткен жас жоғары оқу орнын бітірген соң бірден әскери міндетін өтеуге аттаныпты. Осы арада бүгін көп кездесіп жүрген жайт – әскер жасындағы жігіттердің бойтасалап, әскерден барудан жалтаруға әуестігін айтпай кетуге болмайды. Осындайлардың қашып жүрген жерінен әскери комиссариаттың қолына түсіп, міндетті борышын өтеуге еріксіз түрде жөнелтуінің өзі мәжбүрлеу, күштеу ретінде жүйкеге салмақ салып, жас тілекті жанбай жатып тұншықтыруға себеп болатыны өкінішті. Одан гөрі жастардың ерік-жігерін шыңдау, алдын ала дайындау жағына қатты көңіл бөлініп, ата-ана, мектеп, қорғаныс бөлімі қызметкерлері болып біріге жұмыс жасап, жасампаздық тәрбиеге бет бұруға жұмылсақ игі.

– Әскер қатарында болып, қаншама өмір көріп, физикалық тұрғыда да шыңдалып, есейіп оралдық. Ақтөбедегі №338 ракета және артиллерия бөлімінде әскери борышымды өтедім. Әскерде де қарым-қабілетіңе қарай міндет жүктеледі. Шығармашылық және мобилография өнеріне бейімділігімнің арқасында солдаттар арасында мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, қоғамдық тапсырмаларды орындадым. Көптеген жолдас-дос таптым. Бір-бірімізге бауыр басып қалғанымыз сондай әлі күнге дейін байланысымызды үзбей келеміз, - дейді ол.

Қолында дипломы, оның қабатында әскери билеті бар жастың жұмысқа орналасуына еш кедергі болмапты. «Өскенбай Жұмаділла» атындағы мектепке мұғалімдікке бірден орналасқанын айтады.
«Оқу ошағында пәнді оқытудың кабинеттік жүйесі толық жабдықталған. Білімгерлер қаруды ұстау ережелері, автомат бөлшектерін шашып, қайта жинауды толық меңгереді. Одан бөлек, жеткіншектерді патриоттық бағытта тәрбиелеуде түрлі іс-шаралар, әңгіме-лекциялар өтіп, аға ұрпақ өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарымды тұр» дейді ол.
Нұрқазы «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер ұйымының мүшесі. Жалын жүрек жастардан құралған еріктілер тобы елде болып жатқан жағдайларға қашан да құлағы түрік, жәрдемге дайын. Ол үшін қажыр-қайратын, білім-білігін аяп қалған емес. Мәселен, өткен жылы апат жағдайында қауіп-қатер аймағында қалған бауырларымызға көмек береміз деп Ақтөбе, Оралға аттанған азаматтар қатарында осы Нұрқазы Фархатұлы да бірге болып, қолдан келген көмегін көрсетіп оралды. Көп біріксе елдің қуаты кемерінен асып түсіп, қиындықты еңсереді екен. Бойға біткен асыл мінез егесін елдік мүддеге ынталандырып, енді ауыл ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларын тізімге алып, қыстық отынын түсіріп беруге ықылас қойып отыр екен. Мұның жолын демеушілер арқылы және қоғамның қорына түскен қаржыдан шешу қарастырылып отырғанын айтты. Қалай болғанда да Жаңақорған жастарының осындай ізгі амалдары жақсылық жолын жалғастырып, ізгілікті қоғамға жетелей түсері кәміл. Біздің тілек, осындай жастарымыздың қатары көп болғай!

Баян ҮСЕЙІНОВА
19 қараша 2024 ж. 200 0