» » Патриотизм – басты құндылық

Патриотизм – басты құндылық


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстан «Мәңгілік Ел» мұратын таңдады. Ұлы мақсатты шындыққа айналдыруда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті болғаны абзал. Ал, жаһандық бәсекеге лайықты болуда жастар елшіл, мемлекетшіл рухта тәрбиеленуі тиіс. Сонда ғана патриот болып қалыптасады. Осы ретте, өзгенттік Жанболат Қасымбековтің кәсіби жұмысынан осындай нышанды байқауға болады.
Ол Ақсуат ауылындағы №245 жалпы орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Ағарту саласында 30 жылға жуық еңбек ететін ұстаздың ұстанымы – жүрегінде иман оты лаулаған, өмірде адам болып қалатын шәкірт тәрбиелеу.
– Жалпы, алғашқы әскери дайындық пәні әскери-патриоттық тәрбиемен тығыз ұштастырылып, жастардың әскери iстi жақсы меңгеруiне, төтенше жағдайларда қорғанудың тәсiлдерi мен құралдарды дұрыс пайдалана бiлуге үйретеді. Дегенмен, адам патриот болу үшін оның жүрегінде отбасыға, Отанға деген махаббат болуы тиіс, – дейді кейіпкеріміз.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен ұстаз әскери борышын Венгрияның Эстегром қаласында өтейді. Әскерден оралған соң 1987 жылы Ресейдің Тула қаласындағы Ивановский кооперативті техникумына оқуға түсіп, оны ауылшаруашылығы саласы бойынша бітіреді. Одан әрі 1990 жылдан №245 Ақсуат жалпы орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметін бастайды. Кейіннен А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен «Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі» мамандығын алып, 2004 жылдан бастап оқушыларды әскери іс-қимылдарға машықтандырып келеді.
Болашақ Отан қорғаушысын дайындау басты міндетім деп білетін мұғалімнің шәкірттері үкілеген үмітті ақтап, бірнеше байқаулардан жүлдеге ілігеді. Мәселен, оның оқушы қыздары төрт жыл қатарынан аудандық «Мерген ару» әскери-патриоттық сайысында бірінші орыннан көрінді.
Ақбаян Әсет Ақтөбе қаласында өткен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған «Мерген ару-2017» пневматикалық винтовкадан нысана көздеп атудан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, нәтижелі өнер көрсетті. Ал, Көркем Сәрсенбай, Әйгерім Әсет және Жансая Бахиш қыздар арасындағы оқ атудан Республикалық турнирге қатысып, ҚР «Әскери-спорттық клубтар федерациясының» сертификатын алды.
Әр оқушысының көрінген биігін толағай табысына балайтын жоғары санатты ұстаздың да жеткен жетістіктері мен марапаттары бір төбе. Ең бастысы, ол әрдайым біліктілігін жетілдіріп, тәлімгерлерін патриоттық рухта тәрбиелеуге күш салып жүреді.
– Оқушылардың алғашқы әскери дайындық пәніне деген қызығушылығын ояту үшін, әр-түрлі әдістерді пайдалана отырып сабақ өтеміз. Бейнематериалдар, түрлі деңгейдегі тесттер, сабақ өткізу кезінде психологиялық тренингтер өткізіп тұрамыз. Басты мақсат – сабақты өмірмен ұштастыра отырып оқушылардың қызығушылығын арттырып, елін қорғай алатын, ұлттық намысы жоғары, жігерлі жастар тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азамат даярлау, – дейді Жанболат Тасболатұлы.

СӨЗ СОҢЫ. Отанды сүю – ұлы қасиет. Мұндай дағды-қалыпты жастардың бойына сіңіріп жүрген Жанболат Қасымбековтың «Мәңгілік Ел» мұратына адал қызмет етіп жатқан маман екені анық. Онымен пікірлесу барысында осыны білдік.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
19 мамыр 2018 ж. 1 258 0