№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылмадағы құрама жем өндірісі

Жайылмадағы құрама жем өндірісі


Жаңақорған – аграрлы аудан. Оның таудағы, құмдағы және өзен бойындағы жайылымдық жерлері мен егіндік алқаптары мал және егін шаруашылығын қатар дамытуға кең мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда төрт түліктің саны артып, Сыр өңірінде көш бастадық. Соның нәтижесінде биыл Жаңақорған ауданы аймақ бойынша мал шаруасынан үздік шықты. Енді малға қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету маңызды мәселе. Шөп мәселесінде шаруалар қиналмауы мүмкін, алайда жемге келгенде өзге өңірден қыруар қаржыға алып келіп жатады. Ауданда жалғыз құрама жем өндірісін қолға алған жайылмалық Мұхтар Оспановтың берекелі бизнесі малшы қауымға әжептеуір көмек болып тұр.


Иә, төрт түлікті түлетуге дем беріп, қыстық азығын қамдауға кіріскен ауылдағы ағайын құрама жем іздеп сабылмайды. Ашылғанына төрт жылдан асқан бұл шағын цехтың өніміне сұраныс жоғары. Жалпы елімізде құрама жем өндіретін 50-ден аса кәсіпорын болса, ол тұтыну сұранысының 30 пайызын ғана қамтиды. Демек, бұл салада бәсеке аз, сұраныс көп деген сөз. Осыны ескерген жайылмалық кәсіпкер ауданда құрама жем шығаруды қолға алды.
Соңғы 20-25 жылда малына құрамында бай компоненттері бар (комбикорм) азық беретіндердің қатары сиреп барады. Ал, төрт түлік пен құсқа берілетін жемнің құрамында жүгері, сұлы, кальций-фосфат, тұз, бор, сүйек ұны, әк, тағы да басқа витаминдер мен микроэлементтер көп болса мал қоңды болады әрі төлі ірі болып өседі. Бордақылауға қойған мал тез семіреді.
– Құрама жемге деген сұраныс көп. Мемлекет басшысы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керектігін айтып жүр. Мұның жем-шөп өндірісі кешеніне де қатысы бар. Десе де, еліміздегі құрама жем өнеркәсібі қанатын кеңге жая алмай келеді. Гәп шығарылған өнімге сұраныстың аздығына, тұрақты өткізу нарығының жоқтығына келіп тіреледі. Сондықтан табысынан гөрі тәуекелі басымдау кәсіппен айналысуға ден қойдым. Бізде мал саны басқа аймақтарға қарағанда едәуір көп. Сондықтан да болар, сұраныс көп. Мал асырап отырған шаруа қожалықтар құрама жемнің пайдасын білсе, қыс бойы жұмысымыз тоқтамасы анық, – деді кәсіпкер.
Құрама жем өнеркәсібін өркендету 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік тұжырымдамасының жобасында да көрініс тауып отыр. Ендігі жерде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы тұр. Егіс алқаптарының құнарлылығын жақсарту мақсатында жүгері егу қолға алынды.
– Шыны керек, күнкөрісіміз ауыл шаруашылығы саласы. Егін шаруасы тек маусымдық болғаннан соң, мал шаруасын ширата түсуді жөн көрдік. Тәжірибе ретінде осыған дейін де бұл жұмысты қолға алғанмын. Қарап отырсам, біріншіден өз қожалығыма тиімді, жемнен қысылмаймын, екіншіден бұл – табыстың көзі, үшіншіден ауылдастарымның арзан бағада, әрі сапалы жем алуына жағдай жасауды ұйғардым. Сондықтан осы цех жұмысын жүзеге асырдық, – деді «Сенім» шаруа қожалығының төрағасы.
Шаруашылық 2003 жылы құрылып, содан бері жұмыс жасап келеді. Негізгі бағыты – бақша дақылдарын егумен айналысу. Қарбыздан бөлек биыл басымдықты жүгері дақылына бағыттаған. Өйткені құнарлы жемнің 70 проценті жүгеріден тұрады, қалғаны арпа, бидай және дәрумендер қолданылады.
– Биыл өнім қалай болды?
– Жылдағыдай, барға қанағат етеміз. Биыл 30 гектарға жүгері дәнін тастағанбыз, алайда, нәтижесі көңіл қуантпай тұр. Себеп біреу, ол аяқ судың тапшылығы. Ауылдың барлығы дерлік қарбыз бен жоңышқаға көп көңіл бөліп, су тапшылығын кәдімгідей сезіндік. Бұйырса, келер жылы көнеден қалған ескі скважиналарды қайта жаңғыртып, қолданысқа дайындап жатырмыз. Сонымен қатар, техникаларды да жаңарту ойымызда бар. Одан бөлек, аядай ғана ауылдан ауызбіршілік кетпеуі тиіс. Қайта бір-бірімізді демеп, осы ауылды гүлдендіріп жіберу перзенттік парызымыз.
Қарбыз бен жоңышқадан да үлесіміз бар. Біздің жұмыс енді басталды. Бұйырса, ерте көктемге дейін тіршілігімізді тоқтатпаймыз. Ауданнан бөлек көрші Шиелі тұрғындары да біздің тауарды көбірек тұтынады.
– Кеткен шығын өзін-өзі ақтай ма?
– Әрине ақтайды, өйткені мал азығына сұраныс өте жоғары, Жаңақорған мен Шиелінің шаруаларымен тығыз байланыстамыз. Әзірге үйден тиеп кетеді, алдағы уақытта нарыққа шығаратын боламыз. Техника мен цехтың құрылысына 3-4 млн қаржы жұмсалды. Әзірге 3 қызметкер тұрақты қызметте болса, қалған жеті тұрғын маусымдық жұмысқа тартылған. Бұйыртса, өнім көлемін ұлғайтып жатсақ, қосымша жұмысшы қажет болады. Бұл маусымдық жұмыс емес, цех қысы-жазы жұмысын тоқтатпайды. Оған шикізат жеткілікті. Шыны керек, бағаны төмен түсіріп беруге де дайынбыз. Өйткені шикізат, аяқ су, барлығы өзімізден. Бірақ бір өзекті мәселе бар, ол су тапшылығы. Су берілмейді емес, беріледі, бірақ дақылдар кемеліне келіп қалған шақта судан тарығып қалатынымыз бар, – деді Мұхтар Оспанов.
Жалпы Жайылмадағы тіршілік осындай игі бастамалармен өлшенеді. Түсінгеніміз, тірлік қыламын деген жанға сәл демеу болса болғаны, қалғаны өз қолында.

Әли ТЕМІРБЕК
16 қараша 2024 ж. 253 0