Ата кәсіп - ұрпаққа нәсіп
Аудандағы атакәсіптің көкжиегі мал шаруасынан көрінеді. Ауылдағы ағайын ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығы жыл сайын жанданып келеді. Күн сайын мал азығын даярлап, қиындығы мен қияметі көп жұмысты тындырып, кәсіп көзіне айналдырғалы көп болды. Соның қайтарымы жыл сайын төрт түлік төлдеп, бүгінде облыста мал басынан үздік аудан атансақ, аймақтағы жалпы есептің үштен бірін біздің аудан құрайды. Қыста қыстауда, жазда жайлауда жүретін шопандардың да еңбегі елеусіз емес. Жылда озат атанып келеді.
– Жалпы ауданда мүйізді ірі қараның саны 80 мыңға жуықтады, қой 350 мыңға, жылқы 26 мыңға, ал, құс саны 22 мыңнан асты. Бұл облыс көлемінде үлкен көрсеткіш. Нақты цифр жыл соңында анықталады. Одан бөлек, төрт түлік азығын дайындаудан да алда келеміз. Былтыр Түркістан облысына экспорт жасасақ, биыл Сыр өңірінің өзге аудандарына тасымалдадық. Баға да қолжетімді, әсіресе, шөптің құны былтырғымен салыстырғанда екі есе төмен түсті. Осы жағдайлардың жүгінен, шаруалардың берекелі кәсібінен үздіктер көшінен түспей келеміз, – деді ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Бізде бұл кәсіптен тек мал басын көбейтіп қана қоймай, ет бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бірі Қыркеңседегі «Бекарыс – Агрофуд» ЖШС.
– Қазір егін науқаны аяқталды, ерте көктеммен ала жаздай төккен тердің жемісін жеп, нәпақаны тауып отырмыз. Енді қыс бойы малдың қоңын келтіріп, төрт түлікті түгендеп, төлдетіп, көктемде жайылымға немесе тауға жөнелтеміз. Мал басын асылдандырумен қатар ет бағытында шаруаны ширатып, өзге өңірлерге экспорттаймыз. Әсіресе, қыста сұраныс көп болады. Ең бастысы, берекелі кәсіптің адал нанын жеп отырған жайымыз бар, – деді қожалық төрағасы Серік Мырзабаев. Міне, мал бағытындағы ата кәсібіміз осылай жалғасып келеді. Сұраныс та өте жоғары, өйткені, тау мен Сырдың бойынан нәр алған жануардың қоңын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Тек субсидия деген ұғымды ырыққа көндіріп, пайдасын далаға жібергеніміз рас. Осыны тыю керек немесе жеке қалтаға емес, жалпы қоғамға пайдасы тиетіндей ету аса маңызды.