Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді



Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында нашақорлық күрделі әлеуметтік және құқықтық құбылыс ретінде қарастырылып, наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Кеңесте Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың баяндамалары тыңдалды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағдайға жетті.
– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар мен ғалымдар наркотизм ұғымының нашақорлықтан әлдеқайда кең екенін, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық проблемалармен, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік мәселесімен ұштасып жатқанын айтады.
Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажет екенін мәлімдеді.
– Есірткіге тәуелді жандардың көпшілігі мен олардың жақындары жариялылықтан және жұртшылықтың талқылауынан қауіптеніп, проблемасын жасырады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін тағы бір маңызды міндет деп санайды.
Президент нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, жастар арасында есірткінің насихатталуына жол беруге болмайды. Бұл ретте ол интернетте және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді дәріптейтін жағымсыз үрдіс белең алғанына тоқталды.
Жиында есірткімен байланысты құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу мен жазалаудың тиімділігін арттыруға қатысты кешенді мәселелерге ерекше мән берілді.
– Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді
14 тамыз 2025 ж. 1 084 0