№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Дала дарабозы


Егін шаруасына жаңа техникалар енгізіп, мол өнім алу аграрлы саланың озық үлгілерінің бірі. Әсіресе, лазермен жер тегістеу, дәнді дрондармен дәрілеу мен қоса өнімді шашпай-төкпей жинап алуда тың әдістерді, заманауи технологияларды қолдану үлкен олжа болып тұр. Оның нәтижесін жыл сайын алынған жоғары өнімнен көріп келеміз. Алғаш рет ауданға осы технологияларды алып келген түгіскендік жас кәсіпкер Бағлан Мамыров болатын. Күріштің әр гектарынан 100 центнерге жуық өнім алған ол биылғы жылдың «Үздік күрішшісі» атанды. Сәтін салып, аққорғандық кәсіп иесінің шаруасын көзбен көріп қайттық.

Биыл аққорғандық ағайын үшін табысты жыл болды. Ауыл дала тіршілігінде төбе көрсетіп, аудан бойынша чемпион атанды. Бұл тек басшылық пен кәсіпкерлердің емес, бүтіндей ауылдың ортақ жеңісі. Қазақта «күтімді егін бітімді, бітімді егін түсімді» деген мәтел бар. Рас, жерге тастаған әрбір түйір дәнге баладай күтім жасап, бабын баптап өсіргеннен кейін ол өнімі табысты, түсімді болады. соның нәтижесінде ауыл ажары да, абыройы да артады. Міне, соның куәсі болдық, осы жетістіктің ішінде біздің кейіпкеріміз де өзгеден озық шығып, дараланды. «Диас ЕБ» деп аталатын шаруа қожалықтың төрағасы Бағлан диқан биыл 40 гектарға жуық жерге күріш дәнін тастап, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Іргетасының қаланғанына 7 жылдан асқан шаруа қожалықта маусымдық кезеңде ауыл тұрғындары қолғабыс болады.
– Ерте көктемнен егіс басында болып, қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп, ісімізді ілгерілетіп жүрміз. Шүкір дейміз, биыл да төккен тер ақталып, барлық өнім жоғары нәтижемен түйінделді. Күріштен бөлек, қожалықта бидай, жоңышқа, жалпы ауыспалы егіс егіледі. Егіннен бөлек, азын-аулақ мал шаруасына дем береміз.
– Ауданға жаңа техникалар алып келген екенсің, сол жөнінде толықтыра кетсең.
– Жалпы қожалықта бас-аяғы 9 техника бар. Жер жыртатын соқа, трактор, комбайн және өзге де көліктер бар. Биыл лазер және қос дронды іске қосып, тексеріс жасадық. Өнімділігі өзгеше, көңілден шықты. Лазермен жер тегістеп, дән тастадық. Кейіннен дрондарды қолданып көрдік, өте тиімді екен. Біріншіден, дәріні нақты жерге шашса, екіншіден, уақыт үнемдеудің таптырмас құралы. Ал, лазердің тиімділігі жердің тегістелуіне мін таға алмаймыз. Бұйырса, келер жылы да осы жүйемен жұмыс жасайтын боламыз.
Аяқ судың тапшылығы болмағанда, ауданның Сыр беткейіндегі ауылдар күріштің көлемін екі есеге дейін ұлғайтуға дайын еді. Енді ауыспалы егістік, әртараптандыру жүйесіне көшіп жатқан жайы бар. Бүгінде Аққорған ауылдық округінде 140-қа жуық шаруашылық болса, соның басым көбі егін шаруасына дем береді. Жалпы аудан көлемінде егілген егістік ішіндегі 7 мың гектар күріштің үлесі түгіскендіктерге де тиесілі. Бұл ауыл Сыр беткейдегі округтер ішіндегі халық саны жөнінен көш басында. Егіс көлемі де өзгелерден кем емес.
Бағлан бағбан алдағы уақытта тағы да жаңалық енгізуді көздеп отыр. Жиналған өнімін облыс орталы­ғына экспорттап жатыр екен. Әңгіме арасында шаруа қожалықтың атауын сұрадық. Диас деп інісінің құрметіне қойылыпты, әкесі мен өз есімдерінің бас әріптерін соңына жалғапты.
– Диас деген ағамның ұлы, сол інімнің құрметіне қожалықтың атын қойған болатынбыз. Жыл сайынғы жетістігіміз көңіл қуантып келеді. Алдағы жылдарға жоспар көп, тек аяқ су тапшылығы қол байлау болмаса болды. Қалғанын уақыт белдеуінде біріктіріп, үлкен жұмыстар атқаруға дайынбыз. Өзге өңірлерде болып, тәжірибе алмасып тұрамын. Зерделеу жүргізіп, ауылға, салаға қажетті жаңа жүйелерді, жаңалықтарды алып келуге тырысамын, – деді егін чемпионы.
Диқанның отбасына келсек, төрт қыздан кейінгі жалғыз ұл шаңырақтың шырақшысы, отбасылы, сүйікті жары бар. Оның қазір арманы асқақ, мақсаты биік, сол жолда еңбек етуде, Айта кететіні, Бағлан бағбан жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп келеді. Әсіресе, соңғы үш жылдағы жетістігі керемет. Былтыр да егін саласында аудан бойынша көш басына жақындаса, 2022 жылдың қорытындысымен «Дала дарабозы» деген номинацияға ие болды. Келер жылы Бағланнан бұдан да биікті күтетін боламыз.

Әли ТЕМІРБЕК
05 қараша 2024 ж. 249 0