№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылыжай – жарқын ықыластың жемісі

Жылыжай – жарқын ықыластың жемісі


Жылыжай шаруашылығы ерінбеген еңбекпен ғана еңсеретін кәсіп емес, оған жүректің ерек құштарлығы қажет. Мұның сырына жұмыс басында болғанымызда терең қанықтық.


Түгіскен елді мекенінде Ағаділ Палымбетов деген азаматтың тұрғын үйінің жанынан жылыжай кәсіпшілігін ашқанын естіген соң көзбен көрмекке арнайы бардық. Одан бұрын әкім еңбек адамын кеңсеге шақыртқан екен, ол кісі сәлем-саулықтан соң қойған сауалымызға төмендегіше жауап берді.
– Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға азды-көпті тәжірибеміз бар, өйткені мұның алдында шағын дүкен, оның жанында көпшілікке компьютер қызметін көрсететін орталығымыз болған еді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие тағайындалғанын, ол тек өндірістік мақсатқа беріледі дегенді естіп, жылыжай шаруашылығына құжат дайындауға кірістім. Жалпы, тәжірибеміз жоқ емес-тін. Бұған дейін де есік алдында бау-бақша баптап, бағбандықтың қыр-сырына әжептеуір жетік болып қалған жайымыз бар. Өтінішіміз арнайы комиссиядан қолдау тауып, 6 млн теңге қаражатқа қол жеткіздік, – дейді кәсіпкер.
Ағаділ Нұртайұлы «Халықтар достығы» орденді университет­тің түлегі екен. Қазірде ауыл мектебінде информатикадын сабақ береді. Жеті ұл-қыз өсіріп отыр. Жеке кәсіпкерлікті немересінің атына «Айсұлтан» деп ашыпты.
Қызметі ауыр, жауапкершілгі де жоқ емес педагог маманның жеке кәсіпкерлікті де мінсіз дөңгелетуі мүмкін бе? Бұл сұраққа нақты жауапты жылыжайға келген соң білдік. Біссімілла деп қалың клеенкаға оранған ақ отау – жылыжай ішіне бас сұққанымызда жанарымызды жап-жасыл әлем жайнатып қоя берді. Айнала сары жапырақтар жерге ұшып, ағаш бастары қуара бастаған күрең күзге көз үйрене бастаған тұста қайтадан жаймашуақ жаз мезгілімен қауышу әрине көңілге шуақ ұялататын ғажайып көрініс қой. Осының барлығы алдымен қажырлы талапты қару етіп, қайрат жұмсаған жігерлі жігіт, әлгіндегі сұхбаттасымыз, Нұртайұлы Ағаділдің тұңғышы Панабектің (суретте) еңбегінің жемісі екен. Қасына мектеп жасындағы екі бауырын қолқанат етіп алыпты. Ал әкелері кәсіпті ұйымдастырушы ретінде қамқорын аямай келеді екен.
Жас кәсіпкер Панабек әкесі Ағаділді алдыға тұтып, бәрі осы кісінің арқасы деп қошеметтегеніне бір сүйсінсек, кәсіпкер – ұстаз Ағаділдің «Мұның түп негізінде әкем Нұртайдың өнегесі жатыр» деуі екі сүйсіндірді.
Ее дедік, қолын бейнеттен босатқан перзенттері­нің жетістігіне марқайып, басына сәнді бөркін киіп, салтанаты келісіп тұрған бұл азаматтың шыққан тегі де тегін болмады. Бұл ауылда осы кісілердің әкесінің атына берілген көше бар. Әкелері соғысқа қатысқан, одан әрі Ворошилов колхозын он жеті жыл басқарып, қой басын 42 мыңға жеткізгені үшін марапатталған. Қонаевтың қабылдауында болғаны, есімі «Алтын кітапқа» жазылғаны, Мәскеуге Бүкілодақтық Ха­лық шаруашылығы жетістіктері (ВДНХ) көрмесіне қатысқаны өз алдына бір тарих. Ол кісі зейнетке шыққан соң Түгіскен ауылына көшіп келгенінде айтақыр жатқан осы маңға ағаш еккен кісі екен. Су жоқ, құдық қазып қолмен суарса да алдымен үйінің айналасын бау-бақшаға айналдырып елге үлгі көрсеткен екен. Осындай өнегесімен ел жүрегінде қалып, көшеге есімін берген ғой.
Міне, әкенің сол ұлағаты ұрпаққа да үлгі. Су мәселесі қазір де шешіліп тұр дей алмайды. Ауылдың шеткі жағында тұратындықтан аяқ су келіп болмайды. Бірақ сонда да жылыжай үшін өздері ішетін ауызсуға ақша төлеп үлкен ыдысқа қолдан толтырып алуға тура келіп тұр екен.
Жылыжайға қажетті судан бөлек жарығы, үлкен аумақты жылыту үшін қажетті көмірі қалтаға аз салмақ емес. Бірақ, қолға алған соң тірлік онсыз жүрмесі тағы белгілі.
– Жылыжайға деп төмен пайызбен алған қаражат­қа қажетті құрал-жабдығын алдық дегенімізбен өнімге қажет дәрі-дәрмегіне, күтіміне көп шығын кетеді. Әсіресе, күн суықта бірқалыпты температура сақталмаса жылыда тұрып терлеген өнім ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан баладай мәпелеген күтім өте қажет. Күні-түні басынан табылып, уақтылы суарып, температураны қадағалап кірпік қақпаймыз десек те болады, – дейді Панабек.
– Осындай ауыр бейнетті арқалауыңа кім көмектесіп жатыр? Жастарды жұмыспен қамту жағың қалай? – деген сауалымызға. «Жұмыс іздейтін жастар бар, бірақ алғашқы сұрағы «Жұмыс ауыр емес пе?» дегенге келеді. Жылыжай жеңіл жұмысты қолайттайтынның қолы емес. Бәрінен бұрын бұған жүректің құштарлығы қажет. Бұл кәсіп қанша ауыр болса да адамды осындай құдіретімен өзіне тартып тұрса керек. Өз басым солай деп ойлаймын. Қолдан еккен ұрықтың төрт құлақ байлап, күннен күнге көкке қарай өрмелеген тіршілігін көргенде шаршау дегенді ұмытып кетесің», – дейді ол.
Бүгінде 5 соттық жерге егіліп, жаппай өнім алып тұрған жылыжай жұмысын қыс бойы тоқтатпай жүргізсем деп бекінген екен. Оған отын жағы қолбайлау болатын түрі бар. Отынның мол қорын жасақтауға жеке күші жетпеуі мүмкін, жылыжай шаруашылығына үкімет тарапынан көмек болады деп айтылған екен. Осы жағы нақтыланса деген үміт те жоқ емес.
Сапасы жөнінен озық, жаңа жұлынып алған қияр өніміне сұраныс жоғары болуы керек. Өкініштісі, аудан дүкендерінің сөресін Түркістанның, Сарыағаштың арзан тауары жаулап алғандықтан өнімді өткізу жағы да тығырыққа тірейтінін жасырмады. Дегенмен сапаны бағалай білетін көзі ашық халықтың жергілікті өнімді саудалауға көп мүдделі екенін айтты.
Биылдыққа қиярдың үшінші өнімі жиналу үстін­де. Қыс маусымына жұмысты жалғастыруға жоғарыдағыдай себептермен қорқасоқтап отырған жайы бар екен. Әйтпесе, жұмысты тоқтатпай, аудан халқын алты ай қыс өз өнімімізбен қамтамасыз етуге ниет жоқ емесін білдік.
Атасы елге пана болсын деп ырымдап есімін Панабек деп қойған баламыз Қорқыт Ата атында­ғы университеттің машина жасау, құбырлар, газ факультеті мамандығын оқып бітіргенімен жүрек қалауына орай енді кәсіби агроном болуына тура келіпті. Оған қажетті ілім-білімді заманауи технологияның жетілген уақытында онлайн алуға мүмкіндік туып тұрғанын айтты. Қолы сәл қалт еткенде қашықтан оқу әдісі бойынша Самат Сұлтановтан дәріс алып агрономия мамандығында оқып жатқанын айтты.
«Талапты ерге нұр жауар» дегендей, әкесінің ниеттенген ісін қағып алып, оның ойындағысынан да артық деңгейде дөңгелетіп, ауыл халқын көкөніспен қамтып отырған оған ел дән риза. Жаздың жасыл дәулетін көз алдымызда жайнатып қойған жігіттің бағындырар биігі бұдан да зор. Кәсібіне шын беріл­ген жас талаптың «Өз қолыңнан шыққан сұлулықтан артық қуаныш жоқ» деген сөзі ауылдан ұзап кеткенше ойымыздан кетпей қойды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 қараша 2024 ж. 252 0