№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өткен күн – өмірдің сыйы

Өткен күн – өмірдің сыйы


Газет редакциясын қасиетті қарашаңырақ тұтып, әсіресе, руханиятқа жаны жақын азаматтар жиі бұрылатыны рас. Осындай ағамыздың бірі – жарты ғасыр түрлі салада тер төккен Жакуда Балғабаевпен емен-жарқын тілдесудің сәті түсті. Ол кісі менің жұмыс үстелімде жатқан Әзілхан Нұршайықовтың кітабын қолына алып, «Жарықтық, Әзекең керемет жазушы ғой. Германияда жүргенімде осы кітаптарды оқып елге деген сағынышымды басатынмын», – деді. Кітапқа құмартқан кісімен әңгімеміз ерекше өрбіді. Алдымен еңбек жолы жайында айтып беруін өтіндік.


Бірлік кеңшарында дүниеге келген кейіпкеріміз орта мектепті бітіргеннен кейін аудандағы байланыс саласына (ол кезде усилительный пункт деп аталған) монтер болып жұмысқа орналасады. Қайнаған ортада шыңдалып, байланыстың сапасын арттыру жолында алғашқылардың бірі болып қызмет атқарады.
– Ол уақытта жаспыз. Жұмыс таңдайтын уақыт емес. Жоғары білімдісі бар, арнаулы кәсіби білім алғаны бар, жұмыссыз бос жүру деген болмайтын. Біз білімді тәжірибемен жинадық. Жұмысқа тұрғаннан кейін алдыңғы буын аға-апаларымыз өздерінің білгендерін бізге іс жүзінде үйретті. Мәселен, осы байланыс саласында Сапарбаев Ысқақ ағамыздың ұстаздығын көп көрдім. Сол кісінің қоластында жүріп еңбекке ысылдым. Өзі соғыс ардагері болатын. Мен сияқты талай жасты тәрбие мен еңбек мектебінен өткізді.Сол кісілердің басқан ізімен жүріп келеміз, – дейді Жакуда ағай.
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді алғашқы орынға қоятын сол заман жастарының қатарында 2 жылдық әскери борышын Германияның Фюрстенфельдбруг қаласында өтейді. Шет елде жүргенде елге деген құрметі еселеніп, туған жердің қадір-қасиетінің қаншалықты құнды екеніне терең бойлап, ақын-жазушылардың шығармаларын оқып сарғайған сағынышын басқан екен. Әзілхан Нұршайықовтың «Махабат, қызық мол жылдары» мен Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» мен Дулат Исабековтың «Гаухартасын», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» мен Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпанын» сонау Германияда жүргенінде қолына түсіріп, қазақ әдебиетенің қаймақтарымен жете танысып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінен, тарихынан сыр шертетін оқулықтарды өзіне серік еткен. Әр шығармадағы кейіпкерлермен қатар жүріп, солардың кешкен күйін бір кешкен, олардың басынан өткен сынақтың қасында елден жырақ жүргені болмаса қазіргі хал-күйлерінің салыстыруға келмейтінін іштей түсініп, өз-өзін қайраттандырып, бойына күш-қуат жинағанын төмендегі пікірімен өрнектеді.

– Жасыратыны жоқ, өзге елге барып әскери борыш өтеу оңай болмады. Қанша жерден ер азаматпын десең де жат жерде жүру психолгиялық тұрғыдан адамға әсер етеді. Сондайда мені осы оқыған шығармаларым жұбатты. Шынымды айтсам, ауылда жүргенде бұл кітаптарды оқымағанмын. Ал, Германияда жүріп қазақ жазушыларының кітабын оқудың рухани қуаты ерек болды. Ана тілімде жазылған кітаптарды әскер кітапханасының сөресінен алу үлкен мақтаныш, зор абырой еді. Көрдіңіз бе, үйде оқымаған кітапты шет елде оқыдым. Мен үшін елдің қадірі артты. Туған жердің қаншалықты ыстық екенін түсіндім. Бүгінде мен Германиядағы Кеңес әскерлері тобының ардагерімін, – дейді ол.

Жакуда ағамыз байланыс мекемесінде 20 жылға жуық еңбек етіп, кейіннен аталмыш мекеме жабылған соң аудандық ауруханаға ағаш ұстасы болып орналасады. Одан кейін «Жаңақорған Жарығы» ЖШС-нің кезекші бөлімінде еңбек етіп, зейнет демалысына шықты.
Кітапқа жаны құштар Жакуда ағай кішкентайынан Алматыда тұратын ақын жездесі Ибрагим Исаевтың үйінде жиі болып, қазақтың біртуар азаматтарымен жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелерін тыңдағанын сағынышпен еске алды.
– Әния әпкемнің пәтері жазушыларға арнайы салынған Жамбыл Жабаев көшесіндегі №165 көпқабатты үйде болатын. Сонда кешкісін ақын-жазушылар жиылып әңгіме-дүкен құратын. Сол үйде Қадір Мырзали, Оспанхан Әубәкіров, Жарасқан Әбдірашов, Тұманбай Молдағалиев сынды ақын-жазушылардың болмысын жақыннан танып, жақсының шуағын бойыма сіңіріп өскенімді өмірдің бір сыйы деп білемін, – дейді ол.
Иә, жастайынан еңбекке араласқан кейіпкеріміздің әкесі Балғабай да қара жұмыстың адамы болған. Ол кісі балаларын үнемі әділдік пен туралыққа тәрбиеленген. Асқар тау әкесінің «Балам қандай жұмыс істесең де шын ынтаңмен істе, ешқашан жалқауланба, себебі ол сенің жейтін наның» деген өсиет сөзін бойына бойтұмар еткен Жакуда ағай әке өсиетімен өсті, кемелденді, өмірден өз орнын тапты. Жары Рахима Бердіқожаева екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, өз әкесінен бойына сіңірген тәрбиесін балаларының бойына құйып бағыт-бағдар берді. Қанатарын қатайтты. Бұл – бүгінгі еңбек адамының бейнесі. Арамызда жүрген әділдікке жаны құштар алдыңғы буын ағаларымыздың жүріп өткен жолы.
Адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қоғам үшін қолдан келгенін аянбайтын әр азаматқа әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген Жакуда ағайдың жүріп өткен жолы көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек. Өйткені, еңбек адамы – қоғамның басты байлығы.

Айсұлу ӘЛІМБЕТ
08 қазан 2024 ж. 128 0