» » АЭС: республикалық штаб Жаңақорғанда

АЭС: республикалық штаб Жаңақорғанда


Республикалық халықтық штаб мүшелері Жаңақорған ауданына арнайы келіп, бірқатар мазмұнды кездесу өткізді. Кездесуде халық қалаулылары Мархабат Жайымбетов, Нұрлан Көптілеуов, Серікбай Өмірзақов, Жанкелді Ысқақ, Жорабек Нұрымбетов, Нүриддин Амитов, Пірмұхаммед Сыздықов, Бахытқан Әбдікәримовтер елдік мүдде жолында халықпен өзара пікір алмасты.


Әуелі жастармен кездесу мақсатында аудан орталығындағы аграрлы-техникалық колледжіне барып, Қазақстан үшін АЭС құрылысының стратегиялық маңызы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Кездесу барысында осы уақыт аралығында еліміздегі ғалымдар мен тиісті сала мамандарының атом электр станциясын салудың қажеттілігін жан-жақты дәлелдегенін әңгімеге арқау етті. Біздің елімізде қызмет етіп жатқан БН-350 реакторлық қондырғысы 25 жыл жұмыс істеп, үкімет қаулысымен 1998 жылы тоқтатылыпты. Әйтпегенде әлеуеті зор атом электр станциясы әліге дейін жұмыс істеп тұрған болар еді. Қазір АЭС Қазақстанға өте қажет. Соңғы екі-үш жылда су, электр тогы жетіспеушілігі болып жатыр. АЭС салынса, мемлекетті электр энергиясымен қамтуға болады деген пікірлерімен бөлісті.
Қазіргі уақытта елдің көп бөлігін көмір станциялары электр қуатымен қамтамасыз етеді. Олардың қаупі 80 есе жоғары. Атом электр станциясының құрылысы МАГАТЭ халықаралық агенттігінің қатаң бақылауында болатынын халық қалаулысы Мархабат Жайымбетов егжей-тегжейлі айтып өтті.
– Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. Біз әр қадамды нық басып, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Түпкі мақсат – оны әр азамат, әр отбасы сезінуге тиіс, – деді ол.
Келесі кезекте «Qamqorly­q» оңалту орталығында болып, денсаулық сақтау саласы өкілдерімен кездесті. Одан әрі «Qaratau fruits» шаруа қожалығы ұжымымен, «Жан Арай» шипажайында кәсіпкерлермен кездесіп, атом электр станциясының болашағы жайында ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ штаб мүшелері электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынатынын тілге тиек етті.

Әсел РЗАЕВА
21 қыркүйек 2024 ж. 307 0