№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аудан астығы Ақмешіт төрінде

Аудан астығы Ақмешіт төрінде


Өткен сенбіде қала тұрғындары Астана даңғылына қарай ағылды. Бұл күні жаңақорғандық диқандар ала жаздай төккен маңдай терінің жемісін қалалықтарға ұсынды. Базар бағасынан төмен бағада пұлданған азық-түлікті алуға асыққан қала халқының көңілі көтеріңкі. Көптің көңілін аударған жергілікті картоп пен асқабақ және бал өнімі болды. Ақмешіт төрінде ұйымдастырылған жәрмеңке жоғары деңгейде өтті.


Биыл Сыр диқандары жоспарлы межеге жетіп, қамбаны астыққа толтырды. Су тапшылығына қарамастан егінші қауым күріш пен бақша өнімдерінен мол өнім алуда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әрине, мұның бәрі ерен еңбектің, қажыр-қайраттың, еңбекқорлықтың есесі. Ерте көктемнен егіс даласынан табылып, ала жаздай төккен тердің жемісін қала тұрғындарына тарту ету де жылдағы дәстүріміз.
Жалпы облыс бойынша 189 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 85,6 мың гектарды құрайды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылы диқан қауымға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары егілген ауылшаруашылығы дақылдарына күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді.
Сонымен қатар, егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 27,7 мың гектары орылып, 19,2 мың гектары бастырылды. Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен 49,6 центнерден өнім алынуда. Қазіргі таңда облыста егілген егін жинау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Сонымен биылғы жылдың алғашқы жәрмеңкесіне ауданнан 50-ге жуық көлікпен 131 тоннадай өнім облыс орталығына жеткізілді. Бұл жәрмеңкеде де әдеттегідей картоп, сәбіз, күріш пен қауын-қарбыз молырақ келді.

– Биылғы маусымның алғашқы жәрмеңкесіне құны 25 млн теңгеге жуық өнім әкелінді. Шыны керек, жәрмеңкеге деген халықтың сұранысы жоғары. Биыл аудан көлемінде 35 мың гектарға егін егілсе, соның ішінде дәнді дақылдардың көлемі 11 мың гектардан асты. Майлы дақылдардың көлемі 1463 гектар болса, картоп, көкөніс пен бақша дақылдары 2671 гектарға жетті. Сол секілді мал азығының жалпы көлемі 19 мың гектардан асады. Бүгінгі жәрмеңкеге 7 тоннадай күріш ала келдік. Негізі көптің ықыласы бақша дақылдарына, картоп пен асқабаққа көбірек ауып тұр. Сондықтан осы өнім түрлерін молырақ әкелдік, – деді ауданның ауыл шаруашылығы қызметкерлері.

Жыл сайын өтетін жәрмеңкеге қалалықтар, өнім көбірек келсе дейді. Себебі баға базар бағасынан сәл болса да арзандау. Оның үстіне өнім өзге өңірден немесе өзге елден импортталмайды. Жергілікті жердің тауарлары. Мұны да ескеріп, қысқа дейін бірнеше жәрмеңке өтетінін білеміз.
– Жәрмеңкенің нарықтағы бағадан сәл төмендеу болуы қалтаға қонымды, өзге аудандардан да өнімдер келеді. Мүмкіндігінше қысқа азық жинап қалуға тырысамыз, Жаңақорғаннан келетін асқабақ, картоп және ет өнімін көбірек алуға тырысамыз. Оның себебі айтпаса да түсінікті, сондықтан жәрмеңке әр сенбі сайын ұйымдастырылса құба-құп, – дейді Нұржамила апамыз.
Иә, бір күндік жәрмеңкеге жеткізілген өнімнің басым көбі пұлданып, қала тұрғындары ризашылығын білдіріп жатты. Биылғы өнімнің бағдарын байқадық, егінші қауымның еткен еңбегін көрдік. Енді келер жылы да осы қарқынын жоғалтпай, диқандар қамбаны астыққа еселеп толтырамыз деген үмітте. Бұған жаңақорғандық ағайынның шамасы жетеді. Оның игілігін Ақмешіт төріндегі жұртшылық та көріп, тілектес болса игі.

Әлібек ТЕМІРБЕК
17 қыркүйек 2024 ж. 343 0