Аудан өнімі Ақмешіт төрінде
Өткен сенбіде қала тұрғындары Астана даңғылының бойына тағы жиналды. Бұл жолы да жаңақорғандық диқандардың өнімін алуға келген қалалықтар таңнан төбе көрсетті. Өйткені, базар бағасынан сәл төмендеу бағада пұлданған күнделікті тұтынатын тауар табиғи өнімнен тұрады. Әсіресе, көптің көңілін аударған жергілікті картоп пен асқабақ және бал өнімі болды. Ақмешіт төрінде аудан диқандарының тартуы қалай болды, қанша өнім жеткізілді? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Биыл Сыр диқандары жоспарлы межеге жетіп, қамбаны астыққа толтырды. Су тапшылығына қарамастан егінші қауым күріш пен бақша өнімдерінен мол өнім алуда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әрине, мұның бәрі ерен еңбектің, қажыр-қайраттың, еңбекқорлықтың есесі. Жаз бойы атыз жағалаған Сыр диқандары биыл негізгі дақыл-күріштен 503 мың тонна өнімді қамбаға құйып, әр гектарынан 56,5 центнер өнім жинады. Ал дәнді дақылдан – 13,7 мың тонна, майлы дақылдан – 4,8 мың тонна, мал азықтық дақылдан – 290 мың тонна, көкөніс және бақша өнімдерінен – 493,1 мың тонна өнім алынды. Оның ішінде, біздің ауданның да үлесі бар.
Ерте көктемнен еңбек даласынан табылып, ала жаздай төккен тердің жемісін қала тұрғындарына тарту ету үшін шаруалар облыс орталығына асықты. Жәрмеңкенің жәрдемі қысқы дайындыққа жұмылдырылды. Бүгінгі жәрмеңкеге жалпы 26 автокөлікпен 53,5 тоннаға жуық өнім жеткізілді. Атап айтқанда, 4 тонна күріш, 42 тонна көкөніс, 4 тонна бақша, 5 тонна жеміс-жидек, 0,8 тонна балық, 0,5 тонна ет өнімдері және тағы басқа тауар түрі бар.
– Бұл жолы 13 ауылдан тауар жеткізілді. Оның ішінде, Жайылма ауылы 10 гектар өнімін ала барды. Жайылманың бренді болған қарбызына, Жаңақорғанның асқабағы мен етіне, бақша өнімдеріне облыс орталығында сұраныс жоғары. Сондықтан жыл басынан бері бірнеше рет жәрмеңке өткізу міндеті қойылды. Жалпы биыл да су тапшылығына байланысты шаруалар сәл тежелеп қалды демесеңіз, өнім ойдағыдай межелі жиналды. Жыл сайын әртараптандыру бағытына басымдық беріп келеміз, – деді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Жәрмеңке соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жыл соңына дейін әр апта сайын тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды.
Биылғы өнімнің бағдарын байқадық, егінші қауымның еткен еңбегін көрдік. Енді келер жылы да осы қарқынын жоғалтпай, диқандар қамбаны астыққа еселеп толтырамыз деген үмітте. Бұған жаңақорғандық ағайынның шамасы жетеді. Оның игілігін Ақмешіт төріндегі жұртшылық та көріп, тілектес болса игі.
– Әрине, базар нарығынан төмен бағада блса қандай керемет болар еді. Өйткені, қыс жақындаған сайын баға да тұрақсызданып, көтеріліп кететіні бар. Сондықтан осындай жәрмеңкелердің жиі өтіп тұрғаны дұрыс. Бүгін өзім картоп пен жуа алуға келдім. Әзірге баға ойдағыдай, – деді көпбалалы Әйгерім апай.
Әли ТЕМІРБЕК