№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданның тартуы Ақмешіт төрінде

Ауданның тартуы Ақмешіт төрінде


Биыл Сыр диқандары жоспарлы межеге жетіп, қамбаны астыққа толтырды. Су тапшылығына қарамастан егінші қауым күріш пен бақша өнімдерінен мол өнім алуда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әрине, мұның бәрі ерен еңбектің, қажыр қайраттың, еңбекқорлықтың есесі. Ерте көктемнен еңбек даласынан табылып, ала жаздай төккен тердің жемісін қала тұрғындарына тарту ету үшін шаруалар облыс орталығына асықты. «Алтын дән-2022» мерекесі аясында қалалықтарға өнімдерін ұсынған аудан диқандары да жәрмеңкеге арнайылап барды.

Биыл Сыр шаруалары 188 500 гектар жерге егін егіп, күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алды. Жарты миллионға жуық ақмаржан өндірді. Мереке аясында ұйымдастырылған жәрмекедегі нарық құны базар бағасынан 15-20 пайызға төмен ұсынылды. Жалпы есеппен ауылдардан 538 жүк көлігімен 2000 тоннаға жуық өнім жеткізілсе, жаңақорғандық шаруалар 82 жүк көлігіне 300 тонна астығын артып барды.

Астана даңғылының бойына қатарласа орналасқан аудан өнімдеріне сұраныс өте жоғары болды. Арбасын сүйреп, қап-қап картобын арқалаған қала тұрғындары биылғы бағаға дән разы. Әсіресе, бақша өнімдеріне көбірек мән беруде. Қыстың қамын ойлап, ерте қамданған бұқараға саудагерлер де мүмкіндігінше жеңілдік жасауға тырысуда.

– Өзім күнделікті тұтынатын тауарларды қаптап алуға тырысудамын. Әсіресе, картоптың бағасы көңілге қонымды. Шыны керек, нарық бағасы жылдан жылға өспесе, түсетін түрі жоқ. Бірақ осындай жәрмеңкелер көбірек өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді қала тұрғыны Жамила апамыз.

Иә, жылда жаңақорғандық шаруалар күз басталса болды әр апта сайын облыс орталығына жол жүретін еді. Биылғы жылдың бастамасы жаман емес. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен бірге қала, аудандағы шаруалардың өнімі қойылған жәрмеңкелерді аралап, азық-түлік бағаларын саралап, халықпен пікірлесті. Біздің жігіттердің өнімін көріп, биыл тәжірибе жүзінде дәнін тастаған қызылша өніміне арнайы тоқтады. Өйткені, келешекте аудан азаматтары қант қызылшасын өңдейтін шағын цех ашпақ. Аудан әкімі бастаманың барын назарға алып, нақты міндеттер жүктегенін жеткізді. Аймақ басшысына инвестор тарту арқылы қант қызылшасын өңдейтін шағын цехтар ашуды мақсат етіп отырғанын жеткізді. Өз кезегінде Нұрлыбек Мәшбекұлы өзі өсіріп, өзі өңдейтін өңірге қолдау білдіретінін айтты. Әрине, ол уақыттың еншісіндегі шаруа.

– Биыл егін шаруасы ширай түсті, өйткені әртараптандыруға көбірек мән бердік. Сондай-ақ ғылыми айналымға күріштен бөлек қызылшаны енгіздік. Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, соның жемісі бүгінгі жәрмеңкеде көрінді. Биылғы жылды жақсы қорытындыладық, бірақ келер жылға дайындықты пысықтап, бұдан да мол өнім алуымыз керек. Нарықтық экономика осыны талап етуде, сондықтан шаруалардың еңбегі еселеніп, жаңа кезеңге аяқ басатын сәті келді, – деді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Биыл аймақ басшысының тапсырмасы аясында егіс егуге ынталы ауыл халқына 10-15 гектардан жер дайындалып, нәтижесінде 6802 отбасы 1833 гектарға бақша өнімдерін егіп, жемісін көруде.

Жәрмеңке соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жыл соңына дейін әр апта сайын тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Биылғы өнімнің бағдарын байқадық, егінші қауымның еткен еңбегін көрдік. Енді келер жылы да осы қарқынын жоғалтпай, диқандар қамбаны астыққа еселеп толтырамыз деген үмітте. Бұған жаңақорғандық ағайынның шамасы жетеді. Оның игілігін Ақмешіт төріндегі жұртшылық та көріп, тілектес болса игі.

Әлібек Жарықбаев



18 қазан 2022 ж. 716 0