» » Толағайлар топ жарды

Толағайлар топ жарды


Салауатты өмір салтын қалыптастыру дағдылары, ата-ана мен бала арасында үйлесім мен үлгілі өмір ұстанымына жол ашады. Бұл адам жанының да, тәнінің де тазаруына, денсаулығының жақсаруының кепілі. Кенттегі Асхан атындағы «Зерек» негізгі орта мектебі отбасылық «Толағай» сайысына қатысып, осыны іштей түйсіндік.


Білім ордасында өткен спорттық сайысқа қатысып, намысты қолдан бермеуге тырысқан ата-аналардың ұл-қызымен қол ұстасып, жүлдегерлер қатарынан танылуы осының дәлелі. Атаулы шараға мектептің 8 сынып оқушылары қатысып, ерекше көңіл-күйде өтті. «Толағай» отбасылық сайысының шымылдығын ашқан «Зе­рек» негізгі орта мектебінің психо­логы Мөлдір Қожаева:
– Бүгінгі өткізіліп отырған отбасылық сайыстың мәні – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты терең­дете түсумен қатар жанұя мен мектеп ұжымының ынтымақтастығына жол ашады. Тәлімді тәрбие отбасынан бастау алса, дені сау ұрпақ ұлт болашағы емес пе? Әр отбасында ата-ана шаңырақтың негізгі іргетасы. Сондықтан, бала өмірінде салауатты өмір салтын қалыптастыруда әке мен ананың рөлі орасан зор. Бүгінгі шараға қатысып отырған барлық ата-аналар мен жасөспірімдерге сәттілік тілеймін, – деп қатысушы командаларға керемет көңіл күй сыйлады.
Ал, осындай шараны “Зерек” мек­тебінің ұстазы Фарида Маханова ұйым­дастырып, көпшілікке көңілді кеш сыйлады.
Сайыста балаларға ойын ережелерін сақтау маңызды. «Торнада», «Зерек», «Галактика», «Цунами», тобына ірік­теліп, доп ойнады, секіруден, жүгі­руден сайысқа түсті. Алғаш рет ұйым­дастырылып отырған отбасылық сайыс қатысушылардың жинақылығы мен ұғымталдығын да сынға салды.
Нәтижесінде «Торнада» тобы I орын, «Зерек» тобы II орынды, «Галактика» мен «Цунами» топтары III орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегер командалар бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.

Әсел Рзаева
14 қыркүйек 2024 ж. 420 0