№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар»

«Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар»


Заманалар неше өзгерсе де қазақтың бас ұстазы Ыбырай Алтынсариннің осынау ұлағатты өсиеті маңызын жоймақ емес.
Қоғамның қай мүшесі болсын барша құндылық­тың бастауы құнарлы біліммен ғана мүмкін екенін пайымдаған сәтте ғана біз өркениеттің өріне қол жеткізе аламыз.

Елімізде білім беру жүйесін жетілдіру бағытында қамқорлықтар жылдан-жылға еселене түсуде. Мем­лекет басшысы жеткіншектердің жан-жақты жаб­дықталған жайлы мектептерде білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру жөнінде тапсырма берді.
Осы жұмыстардың нәтижесі қандай? Биылғы жылдың қорытындысында Сыр өңірі білімгерлерінің республикада алдыңғы орыннан көрінуі осы жолдағы ұстаз бен шәкірттің табанды еңбегін дәлелдеді.
Білім ошағының ең озық үлгідегі заманауи технологиямен жарақтануымен қатар биік кәсіби бі­ліктің ұштасуы шын мәнінде табысқа жеткізетінін дәлелдей алған білім ордалары қатарында ауда­нымыздағы №286 тірек мектебінің орны айрықша. Аталған мектептің алғашқы қоңырау салтанатына аудан әкімі орынбасары Бектас Балғабайұлы арнайы келіп қатысып, өзінің тілегін жеткізді.
– Бүгінгі шәкірттеріміз білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы сергек, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, тілдерді еркін меңгерген тұлға ретінде егемен елдің ертеңін жалғауы тиіс. Болашақтың әлемдік бәсекеге сай білім алуына жағдай жасауды міндеттеген Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» деген еді.
Міне, осы бағытта ауданымызда да жетістіктер аз емес.
Жаңа оқу жылында Байкенже ауылында 150 орындық мектеп және кент орталығында 400 орындық Зияткерлік мектеп-интернаты білімгерлерге есігін айқара ашты. Сонымен қатар Балаларды қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынуда. Аталған нысандар жас өрендердің интеллектуалдық қарым-қабілетін шыңдап, өрісті көкжиекке өркенді көпір жалғайды, – деді ол.
Өткен оқу жылының қорытындысымен аудан бойынша 89 «Алтын белгі» иегерлері шыққан. 108 бала «Үздік аттестатты» иеленіпті. 575 бала мемлекеттік грант иегері атанды.
Міне, осы көрсеткіштерде елеулі үлесі бар жаңа білім ошақтары қатарында №286 мектептің директоры Ләззат Нәлібаева педагогикалық ұжымға сенім артқан ата-ананың тілегін ақтау жолында қажырлы қызмет етіп келе жатқан әріптпестерін бүгінгі Білім күнімен құттықтады.
– Мектептің жүрегі - мұғалім, - деді ол. Өз кәсібіне құрметпен қарайтын, елдің баласын өз баласынан кем көрмейтін жаны асыл тәлімгерлердің маңдай терінің ақталғанын көру – біз үшін үлкен мерей. Биыл мектеп бітірген 21 оқушы түгелдей ҰБТ сынағына қатысып, барлығы бірдей мемлекеттік грантты жеңіп алды.
Өзіміз үкілеп, үлкен өмірге шығарып салған үміттеріміздің ары қарай мемлекет қамқорлығы аясында қанатын қатайтып, айтулы азамат болып қалыптасарына сеніміміз мол, - деді ол.
Келесі кезекте биыл мектеп табалдырығын аттайтын бірінші «а», бірінші «ә», бірінші «б» сынып бүлдіршіндері ұстаздары Гүлзада Искакова, Айгүл Қазбекқызы, Мөлдір Елеусізқызының бастауымен салтанатты сап түзеп қасиетті Білім керуенінің көшін бастап, мектеп табалдырығын аттады.
Дәстүрлі тарихы қалыптасқан іргелі мектептер қатарында жаңадан отау тігіп, жасампаз тіршілік тынысымен ата-ананың сеніміне ие болудың маңызы айрықша. Баласын қай мектепте оқытам десе де ата-ананың өз еркі. Аз ғана уақытта осы сенімнен танылған бұл мектепті биыл 280 бала оқып бітірсе, жаңа оқу жылында оның саны 600-ге артты.
Шараға арнайы келіп қатысқан аудандық білім бөлімі әдіскері Маржан Егембердіқызы алдағы уақытта Тірек мектебінің оқу процесінде теория мен практиканы синтезді дамыта оқытатын комбинат ашылатыны жөнінде сүйінші жаңалықты жеткізді.

«ЗЕРЕКТЕ» ЗЕРЕК ҰЛ-ҚЫЗ
ӨСІП ШЫҒАДЫ


Біз келесі кезекте «Зерек» деп аталатын Асхан атындағы жеке білім беру мекемесіне ат басын бұрдық. Періште жүрген жер қашанда пәк күлкіге толы. Алаңсыз арман-аңсарын ақ қанатты құстың қанатына байлап, көкке әуелеткен өрендердің ән-жыры мектеп ауласын жыңғырықтырып, жан тербегенін жасыра алмаймыз. Мерекелік кеште құттықтау сөз алған мектеп директоры Ұлпан Әбенова:
– Жаңа оқу жылында мектебіміздің партасына 416 бала жайғасып, білім алуға сақадай-сай, – деді. Одан әрі білімгерлерге қажетті жағдайдың барлығы жасалғанына тоқталды. Білім ошағындағы арнайы жасақталған кабинеттерде баланың оқуынан бөлек дем алуына да жағдай жеткілікті екен. Мектепте төрт бірдей спорт залы, концерт залы, кітапхана, асхана толығымен талапқа сай жабдықталып қойылғанын шарадан соң көпшілік өздеоі де аралап көзбен көріп шықты.
Аудандық білім бөлімі басшысы Мира Жандарбекова сөз алып, сапаға негізделген білім көшінде әріптестеріне тек табыс тілейтінін айтты.

Баян Үсейінова
03 қыркүйек 2024 ж. 400 0