№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Туризм – табыстың құты

Туризм – табыстың құты


Көне Сауран қалашығы жолаушының көз ұшында мұнарытып, Ұлы Жібек жолының үстімен ары-бері өткенде ой-қиялды еріксіз тартып тұратыны рас. Таяуда тарихи қаланың топырағына жолым түсіп, алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Осы түйген ойларымды ортаға салғым келді. Түркияға баруға құмармыз. Иранға да ат басын бұратындар көп. Неге? Тарихи орындарды көруге құштарлықтан шығар, тек өзімізде көне заман өркениетінің орталығы болған, тұлабойы тылсым тарихқа тұнған орындар аз емес екенін қаперге ала бермейміз. Ең бірінші ойға келгені осы. Бұл бағытта Мемлекет басшысы арнайы пәрмен беріп, нақты міндеттер жүктеді. Жыл соңына дейін елге келетін туристер санын молайтып, көркем жерлердің келбетін айшықтауға нақты тапсырмалар берілді. Расында туризммен қазынасын қампайтып отырған елдер аз емес. Таиланд, Дубай, Египет сынды елдердің негізгі табыс көзін туризмнен түсетін кіріс көзі арттырып отыр. Сарапшылардың айтуынша, туризмге әлемдік жиынтық өнімнің 10 пайыздайы тиесілі, яғни бұл сала мұнай және мұнай өнімдерін, автокөліктерді экспорттаудан кейінгі үшінші орында екен. Бір өкініштісі, біздің ел тұмса табиғат, тарихи орындардан кенде емес хал-ахуалын өз деңгейінде кәдеге асыра алмай отыр. Жаңақорған ауданындағы туризм тақырыбы жөнінде тарқатып көрейін.
Қаратаудың қойнауы тұнған тарих. Әсіресе, Қатынқамал, Таңбалы тасты ерекше айтуға болады. Бұл тарихи орындар туралы ел аузында сақталған аңыздың түп-төркіні кешегі жаугершілік замандағы оқиғалардан өрбиді. Оны түгелдей жазушы Адырбек Сопыбеков ағамыз «Жаңақорған» тарихнамасында толық келтірген. Біздің өңірімізде жатқан Хорасан ата, Төлегетай-Қылышты, Қылауыз ата кесенесі мен Ақтас мешітінің тарихи мәні тереңде. Осы ізбен туристік маршут жасақтау мол табыс әкелер еді. «Жаңақорған шипажайында» демалушылардың сенбі, жексенбі күндері Түркістанға емес, осы орындарға бет түзеуіне мүмкіндік қарастырылуы керек.
2015 жылы сол кездегі өңір басшысы Қырымбек Көшербаевтың ықпалымен «Әбдіғаппар-Төлегетай-Қорасан ата» автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілді. Оған қоса, Хорасан ата кесенесінің басында 12 адамдық қонақ үй салынды. Ақтасқа дейін де асфальт жол бар. Сығанақ пен Сауран қаласы күре жолдың бойында. Тек осы бағытта маршрут ұйымдастыру тәуекелі жетпей тұрғандай. Бүгінде Ақтастың түбінен шығып жатқан әулиелі бұлаққа елдің түкпір-түкпірінен еміне шипа іздеп келушілер көп. Осында бес жылдан бері қатынап, емдік суынан дертіне шипа тауып жүрген осындай жандардың бірі Кеңесұлы Ерсайын былай дейді: «Егер өзімді жайсыз сезінсем Ақтастың жылы суына шомылуға келемін. Бір түскеннен-ақ тұла-бойым жадырап, өн бойыма қан жүріп, өзімді жақсы сезінемін» дейді.
Сырдың бойында халықтың ықыласына ие болған, алқалы елдің ардақ тұтар адамына айналған, шапағаты мол талай әулие-әнбиенің өткенін көпшілік жақсы біледі. Сол сияқты тарихи жәдігерлерге Сығанақ, Қатынқамал, Хорасан ата, Апанқақ, Ақтас, Төлегетай секілді орындарды жатқызуға әбден болады. Тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп те атаған. Ендеше қайнаған тарихымыздың құпиясын қойнауына бүгіп, бұйығы жатқан Сығанаққа айрықша мән берілсе деген тілегіміз бар. «Қатынқамал» үңгірі жаугершілік заманда қалың қазақ еліне қорған болғанымен белгілі. Жаугершілік заманда «Қатын қамал» үңгірін бала-шағасы бар қырық шақты қыз-келіншек паналаған. Үңгір биік шыңның басында орналасқандықтан жерден тұрып қарасаң көзге шалынбайды.
Айта кететіні, ежелгі адамдар осы таудың қойнауын мекен еткен деген деректер де бар. Оған дәлел, тасқа қашалып салынған таңбалы суреттер. Бұндай тарихи орындар біздің аймақта көптеп кездеседі. Ғалымдар бұл таңбаларды қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында салынған деп жорамалдайды. Түсінгеніміз, сол замандағы көшпелі тайпалар өздерінің дәстүрі мен діни түсініктерін, аңшылық өнерін сурет арқылы жеткізген. Туризм саласына ерекше мән беретін өркениетті елдерде мұндай орындар көзден таса қалмаса керек. Өкінішке қарай, біздің елімізде әлі күнге дейін осындай жерлерге мән берілмей келе жатқаны жасырын емес.
Ауданымызға белгілі азамат, мәдениет жанашыры Үмбет Абибуллаетың осы тақырып төңірегінде ойын білген едік.
– Біздің мекеніміздің топырағын түртсең тарих. Қазақ өркениетінің бастау алған жері. Себебі, айналадағы тарихи қалалардың бәрі кезінде үлкен мемлекеттік рөл атқарған. Төл тарихымыздағы Сығанақ қалашығының рөлін айқындап, аймақтағы тарихи туризмді дамыту үшін қалашық маңынан ашық аспан астындағы мұражай кешенін ашуды ұсынып жүрміз. Бұл арқылы біз қаржылай табыстан бөлек қазақ хандығының тарихын жас ұрпаққа танытар едік. Сондайақ, Жаңақорған жұрты әйгілі Ақтас мешітін жақсы біледі. Сырдың жағасындағы қасиетті мекеннің төңірегі тұнған тарих. Сәулеті мен әлеуеті, әсемдігі мен ірілігі жағынан Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейінгі осы аймақтағы ірі мешіт. Ғимарат жүз елу жыл өтсе де тамаша сақталған. Бұл маңда әйгілі әулиелер мен аймаққа танымал тұлғалар мәңгілік дамыл тапқан. Мен бұл мекенді бес саусағымдай білемін деп толық айта аламын. Олай дейтінім, әкеміз Абибулла малдың жайымен осы маңды қоныс етті. Қаратау мен Сырдың ортасында жайлау мен қыстауда балалық шағым өтті. Айтайын дегенім, бұл тарихи орынды Жаңақорған жұрты білгенімен көпшілік кеңінен танымайды. Ал оны таныстыруға мүмкіндік мол. Ақтастың айналасында инфрақұрылым дайын, асфальт пен жарық жеткізілген, кіші кәсіпкерлік те қанат жайған, қонақ үй, ас, жиын өткізетін шатыр орнатылған. Атабабаларымыз қалдырған мол мұраны сақтай отырып, оны қазіргі ұрпақ игілігіне пайдалану ортақ мақсатымыз. Осы тұста айта кетейін, мектеп оқушыларын тарихи орындарға апаруды дәстүрге айналдырса туризмнің жолдары ашылар еді, – дейді ел ағасы.
Жаңақорған ауданында туризм саласы бойынша 18 субьект тіркелген. 5 шипажай, 2 балалар лагері, 8 қонақ үй, 3 демалыс орны. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойында жалпы құны 2 млрд 556 млн. теңгені құрайтын 6 жол бойы қызмет көрсету кешендері - В санатындағы 4, С санатындағы 2 жол бойы қызмет көрсету кешендері жұмыс жасап келеді. Ағымдағы жылдың наурыз айынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан Әзімханұлы Талғат бауырымыз үлкен мешіт үйін тұрғызып, пайдалануға берген еді. Енді оның қабатында жол бойындағы жолаушыларға қызмет көрсету кешенінің жобасы басталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 1 млрд теңге. Жобада жанар-жағар май бекеті, қонақ үй, қоғамдық тамақтану орны, көлік жуу, СТО, монша қарастырылған. Жоба ағымдағы жылдың соңына қарай іске асырылып, 20 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірімізде көркем жерлерді жеке кәсіпке айналдырып, табыс тауып отырған азаматтар жоқ емес. Мәселен, Шиелі ауданындағы “Бәйгеқұм” демалыс орны маусымдық кезеңде әжептеуір қазынаны толтырады. Бізде де байбағландар жетеді, осы кем-кетіктің орнын толтыруға неге болмайды? Тау бөктерінен зәулім ғимарттар салып, керемет демалыс орнына айналдырса жемісі де аз болмас еді.
Бұл жөнінде әкімдікте талай талқылау болуда, бірақ қалталы азаматтар үйреншікті төрт түлікті көбейтіп, мемлекеттен тегін субсидияны алуға дағдыланып алған.
Жалпы туризмге қатысты шешімін таппай отырған мәселелер біздің ауданда аз емес. Бұл жайында аудандық спорт және туризм бөлімнің әдіскері Сүндетбек Ахметов нақты жауап берді.
– Ауданда белгіленген туристік маршруттардың бірі Ақүйік ауылдық округінің оңтүстік шығысында 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Қатын қамал» үңгірі. 2021 жылы «Қатын қамал» үңгірін туристік орынға айналдыру мақсатында 25 шақырым жол салу жоспарланып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс жолданған болатын. Алайда, бұл мәселе бүгінгі күнге әлі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар, Қаратау сілемдеріндегі ежелгі таңбалы тастар, Бесарық өзенінің шатқалындағы ежелгі адамдардың жазған петроглифтері ерекше қызығушылық тудыруда. «Таңбалы тасқа» Жаманбай батыр ауылдық округінен ары қарай 20 шақырым жол салынып, қолжетімді болып жатса ауданымызда туризмнің дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Бұл ретте, Жаманбай батыр ауылдық округінің басшылығы сол тау етегінде кәсіптерін жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің кәсібін жандандыру мақсатында төменгі пайызбен несие алуларына сүйемелдеу жұмыстарын жүргізсе, – дейді сала маманы.
Туризмді дамытуға не кедергі? Айналаға зер салып қарасақ, қазір қалтасы мен қолында қаржысы барлар көбіне шетелге шығып демалғанды дұрыс көреді. Ел көріп, жер көріп, өзгені танығанға не жетсін. Бірақ демалуға тірнектеп жинаған қаражат өзге елдің қазынасын қампайтып жатқанын түсінгіміз келмейді. Отандық туризмнің ұтылатыны – осы тұс. Атап айтсақ, өңірімізде тарихи орындар жеткілікті. Әйтсе де көпшіліктен «Елде неге демалмайсың?» деп сұрай қалсаң, жауабы дайын. Сын көтермейтін сервис жайын сөз етіп, шектен шыққан қымбатшылықты қозғайды. Әлбетте, туризм дамуының бірден-бір жолы – қонақ үй бизнесін дамытып, халықаралық брондау жүйесіне көшу, әрі қонақ үйлерде онлайн төлем жүйесінің (POS-терминалдар) қарастырылғаны жөн емес пе? Әсіресе, халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды мәселе. Ұлы Дала өркениетінің орталығы болған Сығанақ шаһарының өзі неге тұрады?
Одан бөлек, Сырдың бойындағы Өзгент, Аққорған, Құмиян және т.б шаһарлар бар. Алайда онда жету қиынның қиыны. Сондықтан туристік маршруттар өңірдегі көрікті жерлерді аралатуға құлықсыз. Бұған дәлел, ресми тіркелген 600-ден астам туристік агенттіктердің 85 пайыздан астамы туристерді шетелге тасымалдаумен ғана айналысады. Ал, бізде инфрақұрылым жетілмеген, сервистік қызмет нашар. Оның үстіне, бізде баратын жер көп, бірақ насихаты кемшін. Жарнамасы жеткіліксіз. Сосын сол келетін туристерге қолайлы жағдай жасау маңызды. Жүйкені жұқартатын жол азабы, дамымаған инфрақұрылым, интернеттің жоқтығы – отандық туризмнің ортақ мәселесі осы. Үшіншіден, қысқаметражды фильмдер, фотоальбомдар және т.б насихаттау керек. Ол үшін бұған мемлекеттік деңгейде мән беру керек-ақ. Сондай-ақ туристер жиі болатын орындарға қазақша, орысша мәтінге латын транскрипциясымен қоса берілген ақпараттық таблолар мен жазбалардың орнатылуы қажет-ақ. Аталған ұсынысымызға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі назар салып, өңір туризімін цифрландыру бағытында мейлінше мүмкіндіктерді пайдаланғаны абзал. Сол кезде, сырттан келетін қонақтар қолындағы смартфонын сипалап отырып, Жаңақорғанға келіп қалғанын сезбей қалар. Туризмді дамытуға ынталы кәсіпкерлер бар ма? Ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны кеңінен танымал ету мақсатында этноауыл құрып, экотуризмді дамытып, табиғат аясында балық аулау, атпен серуендеу, қымызшұбат ішіп демалатын маусымдық демалыс орнын ашу – перспективалы жоба.
Осы бағытта Ақүйік өзені бойынан этноауыл құрсам деп жүрген кәсіпкер бар. Ол – Нұрболат Әшіров. Оның бұл бизнесіне жолдың сапасыз болуы қолбайлау болып тұр.
– Қаратаудың қойнауының табиғаты тұнып тұр. Таутасының сыры тереңде. Өзені қандай десеңші?!
Адамдар рухани демалып, сергіп қалады. Сондықтан этноауыл құрып, демалушыларға жағдай жасасам деген ой бар. Бұған толық мүмкіндік те бар. Себебі жаз мезгілінде Ақүйік өзенінің бойында арысы Қызылорда қаласынан, берісі Шиелі, Жаңақорған ауданының тұрғындары келіп демалады. Кейде өзен жағасынан орын таппай қаласыз. Келушілерге сервистік қызмет көрсетіп, табыс табуға болады. Алайда жол мәселесі мен электр жүйесі оңтайлы шешімін таппағаны қиындық туғызады, – дейді кәсіпкер. Одан бөлек Жаңарық ауылынан Орынбасар Абдықалықов бассейін салып, онда балық өсіруді жолға қойды. Жайылма ауылынан Жиделі су қоймасы маңынан жеке кәсіпкер Сәбит Бимашов жеке қаражаты есебінен табиғат аясында балық аулап, қымыз-шұбат ішіп демалатын маусымдық демалыс орнын салды. Олардың бизнесін әрі қарай дамытуға қаржылай қолдау болса игі. Т
уризмге алдымен бұқаралық сипат та қажет сияқты.Ол үшін мектеп оқушыларын немесе қызығушылық танытқан кісілерді тарихи орындарға жиі апарып тұрған абзал. Сонда ғана бізге ішкі туризмді дамытуға даңғыл жол ашылады.

Әсел Рзаева

12 тамыз 2024 ж. 861 0