№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бәрін айт та бірін айт, туризмнің жырын айт

Бәрін айт та бірін айт, туризмнің жырын айт


Жаңақорған ауданы шипалы батпағы, ыстық суы, құнарлы жерімен ғана емес, тұмса табиғаты бір бөлек қазыналы тауымен де танымал. Қарт Қаратаудың баурайындағы әрбір төбе мен тасын түрте қалсаңыз тіл бітеді. Жаңақорғанның Швейцариясы саналған Жаманбай батыр ауылынан кеңге бай Шалқияға дейін аралыққа көз тастап қарасаңыз қандай тамаша табиғатты көресіз. Қазақтың ғасырлар бойғы сан қилы тағдырының куәсі болған тау-тастың келбеті кім-кімді болса да қызықтыратыны анық. Осындай байлықты неге туризм орталығының бір бөлігіне айналдырмасқа?..


Әрине, бұл оңай шаруа емес, дегенмен, жарнамасын жарқыратып, сұлулығын суреттей алсақ туристер келетініне шүбә жоқ. Бірақ оған біздегі ахуал, яғни қызметтік сервис дайын емес. Біздегі отандық туризмнің бағын байлап отырған себептің бірі – бағаның қымбаттығы. Нақтырақ айтқанда, қонақ үй қызметі мен межелі маршруттар өтемі шет мемлекеттен бірнеше есе жоғары. Жақында елдегі маркетингтік сараптамалық зерттеу орталығы ауқымды мо­ниторинг жүр­гізді. Орталықтың қорытындысы бойынша Қа­зақстанның бәсекелестік басым­дылығы: таң­ғажайып мәдениетінде, бай табиғи әлеуетіне (экотуризм), тарихи-мәдени, сауықтыру ту­ризмімен айналысуға болатынын айқындады.
Рас, бізде тамсана тамашалайтын, жалықпай көрікті жерлерді аралайтын орын жеткілікті. Сан ғасырдан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштер тағы бар. Ең басты мәселе – осындай тұмса табиғатқа, тарихи таңғажайыпқа құмар шетелдік туристерді қызықтыра һәм тарта білу. Әрине, туризм – тек таныстыру не тартудан тұрмайды, ол қыруар табыстың қайнар көзі.
Жақында Мемлекет басшысы Жетісуға бар­ған сапарында экологиялық туризмді дамы­туды тапсырған еді. Қора шатқалына туристер­ге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу ту­ралы да баса айтқан. Сол мақсат шеңберінде өңір­де Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарлануда. Одан да бөлек ілкімді істер қолға алынуда екен. Әрине, жер жәннаты саналған Жетісудағы тартымды тау бізде жоқ, дегенмен барды да бағалай білген жөн. Өйткені Алатау мен қарт Қаратаудың арасындағы қазақтың өткені мен бүгіні тарих болып қатталып тұр. Біздегі бір ғана «Қатын қамал» атанған таудағы киелі жердің өзі ескірмеген есті тарих. Кітәнұшқанның да өзіндік тарихы бар. Бұлар таудағы өзіндік естелігі бар киелі тұстар. Одан бөлек таңбалы тастардың да барын ұмытпауымыз керек. Осылай жалғасып кете береді. Демалатын аймақтар да жетерлік.
Сыр елі сан ғасырлық бай тарихы бар киелі өлке. Қаншама құпиясын ішке бүккен көне шаһар мен мәдени мұралар да көмбеде жатыр.«Бәрін айт та бірін айт, туризмнің жырын айт» дегендей, біз тізбектеген орынға шетелден туристтер келсе қызмет көрсету орталықтарынан қысылып қалатынымыз рас.
Хош. Ауданда туризмді дамыту үшін қайтпек керек? Біріншіден. Шетелден не отандық инвестор тарту керек. Тартылған инвестиция есебінен туристтік маршруттың инфрақұрылымын, сауықтыру кешенін, стандартқа сай қонақ үй мен мейрамханасын салу. Екіншіден, туристік нысандарды маркетинг саласында жандандыру, яғни, үш тілде жарнамалау жағына баса назар аудару. Үшіншіден, туризммен айналысатын кәсіпкерлерді тарту үшін мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде жеңілдетілген салық түрін ұсыну. Қорыта айтқанда, туризмнің түпкі мақсаты – келген қонақты күтіп, тайқазанға табыс түсі­ру. Келесі жолы қайта келетіндей әсерде қал­дыру. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні турис­тің де туризмнің де тілін ұқсаң – табыстың көзі. Тек табыс көзі ғана емес, әлем қауымдастығы алдында Қазақстанның беделін биіктетеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
31 қаңтар 2023 ж. 278 0