№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Туризм–табыстың көзі

Туризм–табыстың көзі



Қазір дамыған елдердің экономикасын шағын және орта бизнес пен туризмнен түсетін кіріс көзі арттырып тұр. Сарапшылардың айтуынша туризмге әлемдік жиынтық өнімнің 10 пайыздайы тиесілі, яғни бұл сала мұнай және мұнай өнімдерін, автокөліктерді экспорттаудан кейінгі үшінші орында екен. Бір өкініштісі, біздің ел тұмса табиғаты, тарихи орындары, көне жәдігерлері мен жауһазан жерлері бола тұра туризм көшінен әлдеқайда қалып келеді. Басқасын айтпағанда өндірісі мен өнері, спорты мен сан саласы, әлеуметі мен экономикасы өрлеу жолында келе жатқан Жаңақорған ауданында осы туризм саласы әлі де еңсе көтере алмай келеді. Осы бағытта мамандармен тілдесіп, талдап-таразылап көрген едік.
Қазір қалтасы мен қолында қаржысы барлар көбіне шетелге шығып демалғанды дұрыс көреді. Ел көріп, жер көріп, өзгені танығанға не жетсін. Бірақ демалуға тірнектеп жинаған қаражат өзге елдің қазынасын қампайтып, өзіміздікін ортайтып жатқанын түсінгіміз келмейді. Отандық туризмнің ұтылатыны – осы тұс. «Елде неге демалмайсың?» деп сұрай қалсаң, жауап дайын. Сын көтермейтін сервис жайын сөз етіп, шектен шыққан қымбатшылықты қозғайды. Ол дұрыс енді.
Әлбетте, өңірдегі туризмді өркен¬детпей, ішкі туризмді дамыту туралы сөз айту артықтау сияқты. Осы ретте ауданның турис¬тік әлеуеті туралы сөз қозғамақпыз.Тау мен тасы, өзені мен көлі, жазық даласы, орманды алқବбы бар киелі өлкенің қойын-қоны¬шы тұнып тұрған тарих һәм шежіре. Ыстық суы мен шипалы батпағын да қосыңыз. Бізде баратын жер көп, бі¬рақ насихаты кемшін. Жарнамасы жеткіліксіз. Сосын сол келетін туристерге қо¬лайлы жағдай жасау маңызды. Жүйкені жұқартатын жол азабы, да¬мымаған инфрақұрылым, интер¬неттің жоқтығы – отандық туризм¬нің ортақ мәселесі осы.

Әлем туризмінің артықшылығы неде?
Біз жоғарыда атап өткендей дамыған елдердегі туризмнің басты жетістігі ол инфрақұрылымы мен жарнамасы. Мәселен, қазақтар көп баратын Түркия экономикасына туризм саласы жыл сайын 35-40 млрд АҚШ долларын алып келетін ең маңызды салалардың бірі. Туристер саны бойынша Түркия әлемдегі 6-7 орында тұрған ел. 2022 жылы Түркия50 млн-ға жуық турист қабылдаған, ең көп турист Германия, Ресей және Ұлыбританиядан.Туристтердің негізгі бөлігі Стамбул мен Анталья қалаларына барса да, ақпан айының басында орын алған жер сілкінісі, әрине, туризм саласына кері әсерін тигізетін болады. Осыған қарамай түрік Үкіметі туризмді қайта қалпына келтіруді көздеп отыр.
Сол секілді ислам елдері ішінде араб мемлекеттеріне саяхаттаушылардың санында есеп жоқ. Дубай, Египет жне өзге де өзіндік өрнегі бар керемет мегаполистерге кім-кімнің болсын барғысы келетіні анық. Италия болса көне шаһарларымен, Франция зәулім ғимараттарымен, Германия болса әдемі табиғатымен мақтана алады. Ал, бізде осылардың барлығы бар. Жер асты және жер үсті байлығының барлығы бізде тұнып тұр.
“Travellers' Choice Awards” халықаралық премиясының 2023 жылғы нәтижесі бойынша демалуға арналған үздік ел – Куба деп танылды.Рейтингтің екінші және үшінші орындарын Вьетнам мен Маврикий аралы өзара бөлісті. Олардың артынан Камбоджа мен Таиланд үздік бестікке енді. Кайман аралдары, Марокко, Әзербайжан және Непал да саяхаттаудың ең тамаша орындары ретінде танылған. Ең көп сұранысқа ие туристік бағыттардың үздік ондығын Польша жапты.

Қазақстанның бүгіні қалай?
Бұл салаға Мемлекет басшысы арнайы пәрмен беріп, нақты міндеттер жүктеді. Жыл соңына дейін елге келетін туристер саны артуын, көркем жерлердің келбетін қайта келтіруін шегелеп берді.
«Әлемде орын алған пандемия салдарынан Қазақстанның ішкі туризм саласы да бәсеңдеп қалған еді. Бірақ қазір 2019 жылмен салыстырғанда туристердің саны өсіп келеді. Соңғы 9 айда ішкі туризм статистикасы 6,5 миллион болса, жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8 миллионға жетуі мүмкін. Ал шетелден келген туристер саны 610 мыңнан 1 миллионға дейін жетеді. Халықаралық туризм кеңесінің болжамы бойынша 2024 жылы әлемдік туризм саласы қалпына келуі керек. Ал Қазақстанда бұл болжам 2022 жылы орындалды деуге болады», деді туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Мысалы, 2021 жылы Қазақстан өз позициясын жақсартып, 117 ел арасында 66-орынға ие болды, 2019 жылы – 140 ел ішінде 80-орында еді. Қазақстанның біз білетін Көкшетауы, Алматының әсем жерлері, тарихи өңірлері мен тауларынан тұратын облыстары саяхатшыларды қызықтырмай қоймасы анық. Ол да уақыттың еншісіндегі меже.

Туризм жобаларын субсидиялау
«Туризмдегі инвестициялық әлеуетті дамытуға баса мән беріледі. Біздің министрлік «Қазақтуризм» компаниясымен бірлесіп, инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 40 млрд теңгеге 138 жоба іске асырылды. Биыл 288 млрд теңгеге 115 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деді мәдениет және спорт вице-министрі.
Қазіргі жеңілдетілген несиелеу механизмі белгіленген мерзімде шығынды ақтауға мүмкіндік бермейді. Орта есеппен қонақ үй құны 10 жылда өтеледі.«Осыған байланысты туризм жобаларын субсидиялау мерзімдерін 5 жылдан 10 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ қаржыландыру лимиттерін 5 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Тиісті ұсынысты Ұлттық экономика министрлігіне жібердік», – деді вице-министр.

Аудандағы ахуал қалай?
Жаңақорған ауданында туризм саласы бойынша 15 субьекті тіркелген. 4 шипажай, 2 балалар лагері, 6 қонақ үй, 3 демалыс орны. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойында жалпы құны 2 млрд 556 млнтеңгені құрайтын 6 жол бойы қызмет көрсету кешендері, В санатындағы – 4, С санатындағы –2 жол бойы қызмет көрсету кешендері жұмыс жасап келеді.«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойында салынған жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандарын дамыту тұрақты түрде жалғасуда. Мәселен, «Рахат» жол бойы қызмет көрсету кешеніндегі санитарлы-гигиеналық торап ҚР Мәдениет және спорт министрініңбұйрығымен бекітілген «Кәсіпкерлік субьектілерінің СГТ – ды күтіп ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау» қағидаларының талаптарына сәйкестендірілді.Бүгінгі таңда жол бойы қызмет көрсету кешендерінің сапалы қызмет көрсетілуі, ыңғайлылығы, тазалығы, оның ішінде дәретханалары, олардың күтіп-бапталуы, терминалдар мен интернет желілерінің орнатылуы арнайы бақылауда дейді жауапты сала мамандары.
Жалпы Жаңақорғанның брендіне айналған шипалы батпағы шипажайлардың жиі ашылуына мүмкіндік беруде. Қазірдің өзінде аудан орталығында 4 шипажай жұмыс істеп тұр. «Жаңақорған» шипажайы АҚ, «Шипажай Жаңақорған», «Ақ-Шуақ» және«Орда-Сығанақ» ЖШС.
2022 жылы «Жан-Арай» ЖШС жол бойы қызмет көрсету кешенінің жанынан салынып жатқан тағы бір 100 орындықты шипажай құрылысы осы жылдың1 жартыжылдығында аяқталады деп күтілуде. Жоба құны 1,2 млрд теңге. Республикадағы қайсыбір шипажайды алмаңыз, сыртқы және ішкі ағзаларды бірдей емдейтін батпағы, тұзды және минералды суы бар емдеу орындары бізде ғана. Ем алумен қатар емделушілерге би кештері, концерт, киелі мекендерге әр аптаның жексенбісінде Арыстан баб, Түркістан, Сауран, өзіміздегі киелі жерлер Қорасан ата, Төлегетай-Қылышты ата кесенелеріне саяхат жасау ұйымдастырылған.Сондықтан келушілер саны да жылдан-жылға артып отырады. Әрине, келушілер емдік бағытта болмаса, туристік түсінікпен келмейді.
Одан бөлек, Апанғақ, көне шаһарлар да бар бізде. Көркем жерлерді жеке кәсіпке айналдырып, табыс тауып отырған аймақта аудандар да жоқ емес. Мәселен, Шиелі ауданындағы “Бәгеқұм” демалыс орны маусымдық кезеңде әжептеуір қазынаны толтырады. Бізде де бай-бағландар жетеді, бірақ оны кім ойласын. Тау бөктерінен зәулім ғимарттар салып, керемет демалыс орнына айналдыруға болады. Бұл жөнінде әкімдікте талай талқылау болуда, бірақ қалталы азаматтар үйреншікті төрт түлікті көбейтіп, мемлекеттен тегін субсидияны алуға дағдыланып алған. Ол да шешілер. Жалпы туризмге қатысты шешімін таппай отырған мәселелер біздің ауданда аз емес. Бұл жайында аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімнің бас маманы Бекзат Омарова нақты жауап берді.
–Жаңақорған ауданында белгіленген туристік маршруттар бойынша бүгінгі күні шешімін таппай келе жатқан мәселелер жетерлік.Соның бірі Ақүйік ауылдық округінің оңтүстік шығысында 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Қатын қамал» үңгірі. 2021 жылы «Қатын қамал» үңгірін туристік орынға айналдыру мақсатында 25 шақырым жолды салу жоспарланып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынахатпен қажетті қаржы көрсетілген бюджеттік өтініммен ұсыныс хат жолданды. Алайда, бұл мәселе бүгінгі күнге әлі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар, ортағасырлық тарихы бар Сығанақ қалашығын қайта жаңғырту, зерттеу жұмыстары баяу жалғасуда. Жыл сайын республикадан, облыстан қаралған мардымсыз қаржылар көне қаланың архитектуралық келбетін толық айқындауға жеткіліксіз деп ойлаймын, – деді бас маман.
Қаратау сілемдеріндегі ежелгі таңбалы тастар,Бесарық өзенінің шатқалындағы ежелгі адамдардың жазған петроглифтері. Таңбалы тасқа Жаманбай батыр ауылдық округінен ары қарай 20 шақырым жол салынып, қолжетімді болып жатса ауданымызда туризмнің дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Бұл ретте, Жаманбай батыр ауылдық округінің басшылығы сол тау етегінде кәсіптерін жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің кәсібін жандандыру мақсатында төменгі пайызбен несие алуларына сүйемелдеу жұмыстарын жүргіссе дейді Бекзат апайымыз.
– Киелі жерлеріміз тарихи қасиетті нысандар тізіміндегі Қорасан ата кесенесі, Төлегетай-Қылышты ата кесенелерін ұрпақтары өз бақылауларына алып отыр. Бюджеттің есебінен асфальт жолдары салынған. Сонымен қатар, Қорасан ата кесенесі, Ақтас мешіті басынан зиярат етіп барушылар үшін 15 орындықты, заманауи талаптарына сай қонақ үйлер салынған. Түйінін айтқанда, ежелгі «Қатын қамал» үңгіріне, «Таңбалы тасқа» қарай баратын жолдар салу және Сығанақ қалашығын қайта қалпына келтіріп, аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсатында бюджеттен қомақты қаражаттың қаралуы тиіс, – деді бас маман.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
29 шілде 2023 ж. 325 0