№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мектепке дайынсың ба, балақай?

Мектепке дайынсың ба, балақай?


Санаулы күнде жазғы демалыс аяқталып, жаңа оқу жылы да басталады. Ата-аналардың алажаздай еңбек етіп, жиған-тергенін мектеп керегіне жаратып, алашапқын болатын сәті. Осындай қауырт шақта саудагерлер мен алыпсатарлардың да мүмкіндікті қалт жібермей, тауар бағасын қалауларынша қоятыны рас. Сонымен, бір балаға мектепке жиналуына қанша қаражат жұмсалады? Біз осыны басты назарға алдық.
                            АРЗАН БАҒА ҚАЙДА БАР?
Әлеуметтік желі дамыған сайын сауда нарығы халыққа қолайлысын ұсынып келеді. Мұны мектеп қажеттілігін іздеген көпшілік те мойындайды. Тарқатып айтсақ, тікелей фирмалармен сауда жасауға қарапайым халық та үйрене бастағаны анық. Жасыратыны жоқ, биылғы мектеп формалары базар нарығына шілде айында шыға бастады. Біздің кенттегі «Қарабура» арзан киімдер әлемі бәсекелестер арасында бірінші болып қадам жасап, көпшілікті арзан акциясымен еліктірді. «Мың теңгелік ақ көйлек» акциясы біздің өңірде тұңғыш рет ткізілді. Алғашқы он күннің ішінде 4200 көйлек сатылғаны мәлім болды. Сондай-ақ, киімкешек, қалам-дәптер, спорттық киімдерге де айтарлықтай жеңілдіктер жасалыпты. Бұл туралы дүкеннің сатушысы Айман Ықыласқызы: – Бұрын тауарды Түркістан, Алматы және Бішкек қалаларынан көтерме саудамен алып келетіндіктен бастапқы бағадан 3-4 есе қымбатқа сатылатын еді. Биыл Түркия мен Қытайдың алпауыт фирмаларымен тікелей сауда жасауды бастадық. Сол себепті киім-кешек айтарлықтай арзандады, –деді.
Осы іспетті «Мега планета» дүкені де тұтынушыларына 10 пайыздық жеңілдік жасауда. Мұнда әр түрлі бағада мектеп формасы мен спорттық киімдер сатылуда. «Бір тиын» дүкені дәстүрлі «Қасиетті жұма» акциясын бастады. Яғни жұма күні әр киімге 20 пайыз жеңілдік жасалады. Технология дамыған заманда әлеуметтік желі арқылы саудасын қыздырып жүрген жерлестеріміз де көп. Соның бірі декретте отырған ана Арайлым Мәкенқызы ватсап желісінде жиырма мыңға жуық адамды бір арнаға тоғыстырып, ұстаздар мен оқушыларға Түркияның белгілі бренд киімдерін қолжетімді бағада ұсынып келеді. Оның айтуынша, бір айда 30-40 миллион теңгенің сауда айналымын қалыптастырыпты. Сондай-ақ, «Карголайн», «Шинлайн», «Табыс» секілді флатформада өзінің іскерлігін танытып жүрген кәсіпкерлер де аз емес. Солардың қатарында «Жаңақорған тауарлары» атты мессенджерінде 37 мыңнан астам тұтынушы жинаған онлайн-саудагер Алтынай Серікбаеваның командасын қосуға болады.
                                           БІР БАЛАҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖҰМСАЙСЫЗ?
Бір ғана оқушыны мектепке дайындау үшін сатып алынатын киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төменгі бағасын есептеп көрдік. Өткен жылға қарағанда биылғы нарықта киім-кешек арзандағанымен, қалам-дәптер қымбаттау екенін аңғару қиын емес. Әсіресе, балалары көп отбасыға оқу құрал-жабдығын бір айлықпен қамтамасыз ету ауырлау тиетіні сөзсіз. Мұны тұрғындар ғана емес саудагерлер де құптайды. Өткен жылы 2000 теңгеге сатылған ақ көйлектер «Нұр» базарда 3,500 теңгеге сатылуда. Мұның басты себебін түсіндірген Қарлығаш есімді сатушы: «Өткен жылдың бағасы мен биылғы бағаны салыстыруға болмайды. Себебі, барлық зат қымбаттауда. Нан 10 теңгеге, қоғамдық көлік 20 теңгеге көтерілді. Сол секілді киім бағасы да біраз көтерілді. Халық мектеп формасына мұқтаж болмасын деп көктемнен бастап Бішкек, Қорғас, Анталия асып, тауарларды серия бойынша жинақтадым. Міне, енді сол еңбегімді өтеп, саудам сәтті жүруде» деді. Біріншіден, әмияныңызды жұқартатын дүние – мектеп формасы. Әр ата-ана баласына сапалы тігілген киім алатынын ескерсек, қытайлық, қырғыз елінің және түріктер тіккен мектеп формаларын таңдайды.
Бұлардың көбісі отандық өндірушілердің шығарған киімінен арзанырақ. Сондай-ақ, базарда жүріп бағасын түсіруге келісуге мүмкіндік те бар. «Али-Хан» сауда орталығының маңындағы дүңгіршекте адам қарасы мол. Себебі мұнда балаларға тиімді бағада киімдер сатылуда. Ұл балаға қажетті ақ көйлек 2000 теңгеден басталып, 6000 теңгеге дейін түрлі үлгісін таңдауға қолайлы. Қыр шалбар 2000-4000 теңге, галстук – 500 теңге, туфли – 3000-нан 9000 теңгеге дейін, ақ майка – 1000-2000 теңге, рюкзак 3500-7500 теңге, футболка 1500-3000-5000 теңгеге, трико – 1500 теңге, спартивка 4000-8500 теңгеге, крассовка 3500-6000 теңге, шұлық 250 теңгеге сатылуда. Ал қыз балаға ер балаға қарағанда қаржы көп жұмсалады. Қыз балаларға арналған киімдер, әрине, қымбаттау. Мектеп костюмдері 15000 теңге, ал жоғары сыныптағылар үшін мұндай костюмдер 20-35 мың теңге. Бұның бәрін бөлек-бөлек алсаң, тіпті қымбат шығады екен: костюмі – 10-15 мың, ақ көйлек – 1800-4,5 мың, юбка мен шалбар – 6 мың, жилет – 4 мың, ал жәкет – 3 мың теңге. Рюкзак – 9,5-14 мың теңге, бантик екі парымен 1000, галстук – 850, туфли жеткіншекке 12000 теңге, жоғарғы сыныптағы қызға 18,5 мың мен 20 мыңның арасында. «Нұрасыл» сауда орталығында тренд пен брендтің түр-түрін кезіктірдік. Талғамға да, қалтаға да ыңғайлы. Мұнда ең арзан қазақстандық өндіруші, «Стандарт» – 25 мың теңге (өлшеміне байланысты). Бөлек пиджак 10-13 мың болса, шалбар – 15 мың, жилет – 4,5-5,5 мың теңге, галстук бір мың теңгеден. Ұлдарға арналған «Винни» мектеп формасы 18,5-22 мың теңге. Пиджагың 12-14 мың теңгеге бөлек сатып алуға болады, шалбар – 6,5-8 мың, жилет – 5,5-6,5 мың теңге. 
                                                        ТАЛҒАМПАЗДАР ТІКТІРІП КИЕДІ
Аудан орталығында бір ғана мектеп формасын тігетін тігінші бар. Бұл күнде қолынан өнері тамған ісмерлігімен танылған "Паки" тігін шеберханасын білмейтін тұрғын жоқ шығар. Шеберхана баланың сахналық киімі мен мектеп формасын әдемі әрі қонымды бағада ұсынады. Қыздарға арналған мектеп формасын 8500 мен 10000 теңге жобасында табуға болады. Тігіске кететін материалды өзіңіз апарып, үлгісін таңдайтын болсаңыз тігу ақысына 3,5 мың теңге алады екен. Бұл ісін түсіндірген Пакизат Баязитова "Тапсырыстың көбейгені жасырын емес. Бізге келген әрбір қалауынша форманы жасап беруге тырысамыз. Тамыз айы басталған тұста шеберханаға келушілер жиіледі. Біз Шымкенттің текстилінен өзімізге қажетті материалдар алып келіп, тігінге пайдаланудамыз. Себебі, Шымкенттің матасы тігуге де, киюге де ыңғайлы", – деді ол. Бұдан өзге де кентте үй жағдайында тігін тігіп жүрген ісмерлер жетерлік. Соның бірі Гүлмира Айдарбек ол биыл бір сыныпты бір үлгіде киіндіруді қолға алыпты. Оған келушілердің көбі бірінші сынып пен 11 сынып оқушылары екен. – Қазіргі уақытта ұлттық нақыштағы мектеп формаларына сұраныс жоғары. Өткен жылы №289 мектептің ашылуына орай «Бір мектеп – бір форма» үлгісіне сай оқушыларға бірыңғай форма тіктік. Қасыма 5 тігінші қыз алып, келісімді бағада жұмысымызды бастадық. Биылғы жылы да жаңадан ашылып жатқан мектептерден сұраныс түсіп жатыр, көбі бірінші сынып оқушылары. Біз бір айда 4-5 сыныптың киімін тігіп берудеміз, – деді тігінші. мектеп формасы үйлесімін әдемі өрнектеген тігіншілердің ісіне сүйсінбеске лажыңыз жоқ. Осы толқынды құптаған №110 мектеп лицейі, «Дарын» мектебінің оқушыларының формасы жергілікті тігіншілерге табыс көзі болып тұр.
                                                     ҚАЛАМ-ДӘПТЕР ҚАЛТАНЫ ҚАҒЫП ТҰР
Сонымен, киім-кешегін түгендеп, аяқ киімін алдық делік. Енді екінші өзекті мәселе, оқу құрал-жабдықтары бағасына көз жүгіртсек. Бір балаға қажетті қара қалам 30-50 теңге, қалам (ручка) 20-150 теңге, дәптер 20 теңге, қалың дәптер 50-150 теңге, пәндік дәптер 800 теңге, сурет дәптер 80-300 теңге, фломастер 400-ден басталып, 1300 теңгеге жеткен. Сызғыш 30- 50 теңге, құрастырғыш 1000-3000 теңге, желім 150-300 теңге, сазбалшық 200-400 теңге, өшіргіш 30 теңге, ұштағыш 50 теңге, өшіргіш+ұштағыш 150 теңге, күнделік 350 теңге, қайшы 200 теңге, санағыш 300 теңге, интерактивті тақта "Сөйлейтін Әліппе" 2500 теңге, дәптерқаптың 10 талы 100 теңге, кітапқап 10 талы 200 теңге, медициналық кітапшасы мен бала паспорты әрқайсысы 200 теңгеден, файл 150 теңге. Міне, біз бірінші сыныпқа енді аяқ басқалы тұрған ұлымызға мектеп қажеттілігі үшін арзан заттар сатып алып бергеннің өзінде 75 510 теңге жұмсадық. Аудандық статистика басқармасының деректеріне сәйкес, халықтың орташа айлық табысы 121,798 теңге екенін ескерсек, көп атаананың қалтасы көтермейтінін аңғарамыз. Яғни,жұмысы тұрақты, бір баласы бар біз секілді жандарға түк емес те шығар десе де, 4-5 бала оқытып отырған отбасының күнкөрісіне кері әсер етпей ме екен? Түйін. Мектеп формасы – қоғамның өзекті мәселесі. Баланың сағы сынбасын деп, қарызға белшеден батып, қажет болса кредит алып, ұл мен қызын «үлде мен бүлдеге» орап отырған отбасын да көрдік. Отандық өнімдердің бастапқы бағасын сақтап, халыққа қолжетімді бағада ұсынатын күн қашан туар екен?

Мақпал ПӘТЕНОВА

06 тамыз 2024 ж. 165 0