№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балақай мектепке дайынсың ба?

Балақай мектепке дайынсың ба?

Санаулы күнді артқа салсақ, жаңа оқу жылы да басталады. Ата-аналар ұл-қыздарына мектепке қажеттісін алып, сапалы білім алуына жағдай жасайтыны белгілі. Осындай қауырт шақта алыпсатарлар мен саудагерлер мүмкіндікті қалт жібермей, тауар бағасын құбылтатыны рас. Сонымен, бір балаға мектепке баруына қанша қаражат жұмсалады? Біз осыны назарға алып, нарықты бағамдадық.

Сөреде киім самсап тұр, бірақ ...

   Кенттегі сауда орындарын аралап, бір оқушыға қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төмен бағасын есептеп көрдік, әрі бастауыш сыныбында оқитын балама қажеттілігін алдым. Өткен жылға қарағанда биылғы нарық қымбаттырақ екенін айтпаса да түсінікті. Әсіресе, балалар киімін сатып алу біраз отбасыға ауырлау тиетіні сөзсіз. Мұны тұрғындар ғана емес, саудагерлер де құптайды. Өткен жылы 2000 теңгеге сатылған ақ көйлектер биыл 3500 теңгеге сатылуда.

Мұның басты себебін түсіндірген Қарлығаш есімді сатушы: «Өткен жылдың бағасы мен биылғы бағаны салыстыруға болмайды. Айтпағым, барлық тауар түрлері қымбаттауда. Нан 10 теңгеге, қоғамдық көлік 20 теңгеге көтерілді. Сол секілді киім бағасы да өзгерді. Халық мектеп формасына мұқтаж болмасын деп көктемнен бастап Бішкек, Қорғас, Анталия асып, тауарларды серия бойынша жинақтадым. Міне, сол жиған киімкешегімді саудаға шығардым», – деді.

Ата-ананың әмиянын жұқартатын дүние – мектеп формасы. Әр ата-ана баласына қалтасындағы қаражатқа қарай таңдау жасайтынын ескерсек, Қытай мен Қырғызстаннан келетін мектеп формаларын алады. Аңғарсаңыз, олар отандық өндірушілердің шығарған киімінен арзанырақ. Осы жайды көзбен көру үшін біз Жаңақорған кентіндегі сауда орындарын аралап көрдік. «АлиХан» сауда орталығының маңындағы дүңгіршекте адам қарасы мол. Мұнда балаларға тиімді бағада киімдер сатылуда. Ұл балаға қажетті түрлі деңгейдегі ақ көйлек – 3000-6000 теңге аралығында сатылуда. Қырлы шалбар – 4000-10000 теңге, галстук – 500 теңге, туфли – 8000-15000 теңгеге дейін. Сумка – 3500-7500 теңге, трико – 3500 теңге, красовка – 6500-18000 теңге, шұлық 250 теңгеге сатылымда. Жалпы, орта есеппен бір ұл балаға мектеп формасы мен денешынықтыру киіміне 20 000 теңге жұмсадық.

Ал, қыз баланың ер балаға қарағанда қажеттілігі көптігінен қаржы да көп жұмсалатыны белгілі. Оның үстіне, қыз балаларға арналған киімдер қымбатырақ. Мектеп костюмдері «Асем» 8000 теңге. Ал, жоғары сыныптағылар үшін мұндай костюмдер – 12-15 000 теңге. Бұның бәрін бөлек-бөлек алсаң, тіпті қымбатқа түседі екен. Мәселен, костюм – 3-4500 теңге, ақ көйлек – 2200-5500 теңге, юбка мен шалбар – 5000, жилет – 4000, жәкет – 3000 теңге. Рюкзак – 3500-10000 теңге, бантик екі парымен – 800 теңге тұрады.

«Нұрасыл» сауда орталығында заман талғамына сай тренд пен бредтің түр-түрін кезіктірдік. Мұнда көбіне тұрмысы тәуір, тұрақты айлығы бар отбасылар сауда жасауға ыңғайлы. Сауда сөрелеріндегі қазақстандық өндіруші, «Стандарт» 15-20000 теңге (өлшеміне байланысты). Бөлек пиджак 10000-13000 болса, шалбар 5000-7000, жилет – 4500-5500 теңге, галстук 1000 теңгеден. Ұлдарға арналған «Винни» мектеп формасы 18500-22000 теңге.

ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС БАР

  Аудан орталығында мектеп формасын тігетін «Паки» тігін шеберханасын білмейтін тұрғын жоқ шығар. Шеберхана баланың сахналық киімі мен мектеп формасын көңіл қалауындағыдай, әдемі әрі қонымды бағада ұсынады. Дайын тігілген қыздарға арналған мектеп формасын 8500-10000 теңге жобасында табуға болады. Тігіске кететін материалды өзіңіз алып барып, үлгісін таңдайтын болсаңыз тігу ақысына 3500 теңге алады екен. Бұл ісін түсіндірген Пакизат Баязитова:

– Тапсырыс көбейгені жасырын емес. Бізге келген әрбір оқушының қалауындағы форманы жасап беруге тырысамыз. Тамыз айы басталған тұста шеберханаға келушілер жиіледі. Біз Шымкенттің техстильінен өзімізге қажетті материалдар алып келіп, тігінге пайдаланудамыз. Шымкенттің матасы тігуге де, киюге де ыңғайлы. Осы қасиетін өз пайдамызға жаратудамыз, – деді.

 Бүгінде сауда сөрелерінде мектеп формасын тігетін отандық киім фабрикаларының өнімі артуда. Атап айтсақ, «Сымбат» сән академиясы, «Гаухар» тiгiн фабрикасы, «Большевичка» фабрикасы, «Казлегпром-Алматы» ЖШС, «Жiбек Н.М.», «Алтекс» ЖШС, «Веста» тiгiн салоны, «Ақ бота» өндiрiстiк кооперативi, «Angelher», «Glasman» ЖШС», «Textline» компаниясы мен Шымкент қаласынан шығатын «Алтын адам» киім фабрикасы өз өнiмдерiн ұсынуда. Алайда маусым кезінде жұрттың жаппай сатып алуын «көтере» алмаған аталмыш киім фабрикасы мектеп формасының бағасын да жыл өткен сайын шарықтатудан жалығар емес. Неге?

Жасыратын несі бар, жыл сайын сапалы мектеп формасын іздеп шарқ ұратындар көп. Сондай кезде «Glasman» ЖШС» киім фабрикасының өнімі сапалы деген сөз жиі естіледі. Бағасының қымбаттығына қарамастан, сатып алушылар аз емес. Бізді базардағы Гүлнар есімді келіншектің әңгімесі елең еткізді: « Осыдан екі жыл бұрын костюм мен шалбардың өзі 18 мың теңге тұрды. Кейбір фирманың мектеп формасының бір оқу жылына жетпей қалғанын ескеріп, сапасына ден қойдық. Алайда ақшасына қарамай алған мектеп формасының өңі тозып, костюмнің жағасы ағарып, шалбарының тізесі бозарып шыға келді. Әу баста жұрт мақтаған мектеп формасының сапасы онша емес деген сөз. Биыл бұл киім фабрикасының мектеп формасы 20 мың теңгеге бағаланыпты. Бірақ «отандық өнім» дегенді желеу етіп, сапасынан гөрі, баға саясатына мән берген киім фабрикасының бұл әрекеті жөнсіз ғой. Бір ғажабы, Алматы қаласында дәл осы «Glasman» ЖШС» мектеп формасын киюді талап ететін мектептер көп екен. Егер сапасы бағасына сай болса, әңгіме басқа. Бұл сонда қарапайым халықтың қалтасын қағудың бір жолы емес пе?!».

Саудагерлер тек ғана табысты ғана көздемей, сапалы тауар ұсынуды ойласқаны жөн-ақ. Әйтпесе, онсыз да қымбатшылық қамытын киген қарабайыр елдің еңсесін езеді. Бұны бір мәселе деп түртіп қойыңыз.

ҚАЛАМ-ҚАҒАЗ ҚАЛТАНЫ ҚАҒЫП ТҰР

Киім-кешегін түгендеп, аяқ киімін алдық делік. Енді екінші өзекті мәселе, оқу құрал-жабдықтары. Білетінім, мектеп құралдарына аз қаражат жұмсамайды екенбіз. Сауда сөресіндегі ең керекті дүниенің құнына көз жүгіртсек, қарандаш 30- 50 теңге, қалам (ручка) 20-150 теңге, дәптер 15 теңге, қалың дәптер 50- 150 теңге, «Балапан» дәптері 200 теңге, пәндік дәптер 800 теңге, сурет дәптер 80-300 теңге, фломастер 400 ден басталып, 1300 теңгеге, сызғыш 30-50 теңге, құрастырғыш 1000-3000 теңге, желім 150-300 теңге, сазбалшық 200-400 теңге, өшіргіш 30 теңге, ұштағыш 50 теңге, өшіргіш+ұштағыш 150 теңге, күнделік 350 теңге, қайшы 200 теңге, санағыш 300 теңге, интерактивті тақта "Сөйлейтін Әліппе" 2500 теңге, дәптер қап 10 талы 100 теңге, кітап қап 10 талы 200 теңге, мед книжка мен бала паспорты әр қайсысы 200 теңгеден, файл 120 теңге. Ең қажеттісін есептегенде жобамен 10 000 теңгені жуықтайды.

Міне, біз бірінші сыныпқа енді аяқ басқалы тұрған ұлымызға мектеп қажеттілігі үшін арзан заттар сатып алып бергеннің өзінде 65510 теңге жұмсадық. Бәлкім, Түркістан базарына барғанда, бұдан арзанырақ шығындалар ма едік? Бір үйде үш-төрт баласы оқитын ата-ана қаржысын қалай жеткізіп жүр екен?

Мақпал Патенова


07 тамыз 2023 ж. 229 0