№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бала еңбегіне бақылау керек

Бала еңбегіне бақылау керек

Кәмелет жасына толмаған балалардың еркінен тыс жұмысқа жегілуі әлем бойынша ең өзекті мәселеге айналып отыр. Тіпті бұл біздің елде де белең алып, жиі көрініс табуда. Жалпы баланы шектен тыс еңбекке тарту оның әлеуметтік жағынан дамуына айтарлықтай әсер етіп, тұлға болып қалыптасуына кері ықпалын тигізері сөзсіз. Еліміздің әлеуметтік зерттеу орталықтарының мәліметтеріне сенсек, бүгінде ашық базарларда жұмыс істейтін балалардың қарасы қалыңдап, саны артып келеді. Осы тұрғыда өзіміз көріп жүрген жағдайлардан түйген ойымызды сараптап талдап жазуды жөн көрдік.
Кеше орталық базарға көкөніс алуға барғанмын. Базар маңын жағалап келе жатып 11-12 жас шамасындағы балаға көзім түсті. Анасына қолғабыс етіп, жемісжидек пен көкөніс сатып отыр екен. Жанына жақындап: «Қияр, қызанағың қаншадан болып жатыр, балақай» дедім. «200 теңгеден ғой. Қанша келі аласыз? Өлшейін бе?» деген балақанның елгезек әрекетіне еріксіз тұсалып біраз саудасын жүргіздім.
Ата-анасына жәрдемші болып жүрген өрен өзгеге үлгі етуге тұрарлықақ. Бірақ жас өркеннің балалығын ұрлап жатқан жоқпыз ба? деген сауал көсекөлденеңдеп көңілімнен кетпей қойды. Ендеше тақырыпты осы мәселе төңірегінде өрбітсек. Оқу жылының соңында осы тақырып жөнінде мұғалім құрбыммен сырласқан едім. Өзі сабақ беретін сыныптардың бірінде апалы-сіңлілі екі қыздың аналарымен бірге асханада еңбек ететінін айтты ол. Түнімен ұйықтамаған қыздар сабақта қалғып отырады екен. Тіпті, кейде қатты ұйықтап кете ме қорылға ұласып, күлкіге қалыпты. Бір емес, бірнеше мәрте ата-анасына ескерту жасалған. Бірақ оқу жылын ұйықтап өткізіпті бойжеткендер.
Әсіресе, жазғы демалысқа шыққан жасөспірімдер екі қолға бір күрек табылса еңбек етуден қашпайтыны құптарлық. Алайда, заң бойынша кәмелетке толмаған жеткіншек кез келген жерде жұмыс істей алмайды. Еңбек етуіне арналған уақыт та шектеулі. Бірақ күнделікті өмірде заң талаптары сақталып жүрген жоқ. Кәмелеттік жасқа толмағандармен еңбек келісімшарты жасалып, ата-анасының жазбаша рұқсаты рәсімделуі керек. Жұмыс беруші тараптың өкілдері бұғанасы бекімеген жасөспірімді жұмысқа алмас бұрын облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының келісімін алуы керек. Жазғы демалысты өспірімдердің қалай өткізетініне ата-ананың ықпалы өте зор. Ауылдық жерлерде баланың егін мен мал шаруашылығына жегілуі бәлкім бір жағынан оны болашақ өмірге бейімдеудің таптырмас тәсілі де болуы мүмкін бір жағынан балаға үлкен салмақ та болып табылады. Айтайын дегенім, бала еңбегін заңсыз пайдалану мәселесі біздің қоғамда әлі де болса өзекті болып отыр. Өйткені, кейбір отбасылар қабырғасы қатпаған ұл-қызға шамадан тыс жүк арқалатып жүргені ащы да болса шындық. Мұның ақыры баланың денсаулығына нұқсан келтіріп, болашақта білім алу құштарлығын жояды. Бала еңбегіне қатысты еңбек заңына сүйенсек, 18 жасқа толмаған балаға жұмыс істеуге тыйым салынған. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай күніне 2 жарым сағаттан 4 сағатқа дейін ғана еңбек етуге рұқсат етілген.
Ал біздің елде жеткіншекті 12 сағаттан аса жұмысқа жегу деректері кездеседі. Бұл дегеніміз бала еңбегінің уақыт мөлшері сақтала бермейтінін көрсетеді. Балаларды көбінесе садақа сұрауға, мақта теруге, құрылыс жұмыстарына, саудасаттыққа жұмсау көріністері аз емес. Бұл өз кезегінде баланың құқығын шектеп, денсаулығына зиянын тигізеді. Ерте бастан еңбекке араласу, олардың психикасы пен физиологиясына кері әсерін тигізетіні дәлелденген. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 5-17 жас аралығындағы 152 миллионнан астам бала жұмыс істеуге мәжбүр. Осы балалардың жартысына жуығы денсаулығына қауіпті жерде еңбек етеді. Біздің елде бұл бағытта мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін жедел қорғау мақсатында құрылған мобильдік топтар жеткіншектердің еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында түрлі шаралар атқарып келеді. Сайып келгенде, баланың дене бітімі, ақыл-ойы дұрыс қалыптасуы отбасы үшін де, еліміз үшін де маңызды екенін естен шығармағанымыз жөн.
Осы ретте ауданымыздағы тәуелсіз заңгер Дәулет Тұрабаевпен пікір бөлісуді жөн көрдік.
– Баланы жұмысқа жегу – баланың құқығын бұзумен тең. Жаз маусымында кәмелет жасына жетпеген көптеген ұлқыздар бос сенделмеу үшін асхана, кафе, мейрамханада даяшы, ыдыс жуушы ретінде жұмысқа орналасып, табыс тауып жүр. Кафе, мейрамханалалар балалар үшін қауіпті деуге болады. Өйткені, егде кісілер ішімдік ішіп немесе бейәдеп сөздер айтуы мүмкін. Бұл баланың психикасына кері әсер ететіні ақиқат. Негізі, заң бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына – 24, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл еліміздің Еңбек кодексінің 69-бабында көрсетілген. Сондай-ақ аталмыш кодекстің 31-бабына сәйкес 14-16 жасқа толған жасөспірімдер ата-анасының келісімімен кинематография ұйымдарында, театрда, циркте жұмыс істеуге құқылы. Кәмелеттік жасқа толмаған жұмыскерлердің өздерiне белгiленген шектi нормаларынан артық жүктердi тасуына және қозғалтуына тыйым салынады. Он сегiз жасқа толмаған жасөспірімдермен еңбек шарттары алдын ала мiндеттi медициналық тексеруден кейiн ғана жасалады. Одан әрi қызметкерлер он сегiз жасқа толғанға дейiн жыл сайын мiндеттi медициналық тексеруден өтуге тиiс. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбегiн ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауiптi жұмыстарда, сондайақ орындалуы олардың денсаулығы мен рухани дамуына зиян келтiруi мүмкiн жұмыстарда қолдануға тыйым салынады, – дейді ол.
Психолог Ақтолқын Төлеубекованың да пікірі көңілге қонды.
– Қылмыс жасауға бейім балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру дағдысы, психологиясы мен мінез-құлқын саралар болсақ, менің тәжірибемде көбіне тұрмысы жұтаң, күйсіз немесе бала тәрбиесіне селқос, толық емес отбасында өскен балалар қия басып, қатеге ұрынып жатады. Қаржылай қысым не жоқшылық көрмесе де, жас жеткіншектер отбасындағы тәрбиенің кемшін түсуінен жаза басып жатыр. Ата-ана тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаса, бала үнемі назарда болса, өзара сыйластық пен құрметке негізделген қарым-қатынас орнаса, әке балаға үлгі, ана бала жанына серік бола білсе, мүмкін мұндай өрескел жайттар орын алмас па еді?! Ерте жастан ақшаға әуестену бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені жасөспірім адами құндылықтарды байлықпен алмастырып, соның салдарынан оның мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Әрине, бұл үшін балаларды кінәлауға болмайды. Себебі барлығымыз нарық заңына тәуелдіміз. Мұны бір деңіз. Екіншіден, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген жасөспірімдер еңбекке ерте араласады. Бұл отбасындағы қаражат тапшылығына байланысты болуы мүмкін. Десе де, екі жас шаңырақ көтерер кезде болашағын ойлауы тиіс. Егер жас жұбайлардың алға қойған мақсаты дұрыс болса, келешекте балалары еш қиналмастан өмір сүреді. Қорыта айтқанда, кәмелеттік жасқа толмаған балалар Еңбек кодексін дұрыс білмегендіктен, алдау мен арбауға жиі түсіп қалады. Соның салдарынан олардың қоғамға деген пікірі өзгеріп, ашушаң болып кетеді. Сондай-ақ бұғанасы бекімеген балалардың ерте бастан жұмыс істеуі олардың физиологиялық тұрғыда өсіпжетілуіне де зиян келтіруі мүмкін, – дейді ол.
Ал көпбалалы ана Әлия Нұрғали бала еңбегін қанау сынды қоғамдық мәселеге бейжай қарауға болмайды деп есептейді.
– Баланы ерте жастан жұмысқа итермелеу көбіне ата-ананың шарасыздығын не заңдық тұрғыда сауатсыз екендігін байқатады. Оның үстіне, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың дұрыс орнықпағаны, ата-ана өз баласының алдындағы міндеттемелерін дұрыс орындамауы да осыған себеп. Айтылған дүниелердің кемшіндігі салдарынан бала еңбегі қаналып жатыр. Қоғамда жиі орын алып жатқан осындай келеңсіз оқиғаларды айналып өтпей, оның алдын алуға баршамыз атсалысуымыз керек, – дейді ол.
Ал, ашық базарда алдындағы жемісжидек сатып отырған Жәмила апаның пікірі назар аудартты:
– Қазақ халқы, ерте кезден-ақ жас баланы еңбексүйгіштікке үйреткен ғой. Байқасаңыздар, 90-жылдары базарда қап арқалағанның дені аналар еді. Бүгінде титімдей балалар тырбанып, жүк тасып, тиын тауып жүргені ойландырмай қоймайды. Өзімнің де балаларым бар, бірде-бірін әзір базар тірлігіне араластырғаным жоқ. Алдымен білім алып, өз-өзін жетілдіруі керек деп есептеймін. Не де болса оқушы жасындағы балалардың мектеп партасында отырғандары дұрыс. Оны жақындары қадағалауы керек, – дегенді алға тартты.
Бала – адамның бауыр еті, өмірінің жалғасы, көрер қызығы, артына қалдырар ұрпағы, сондықтан қабырғасы қатпаған, буыны бекімеген жастың еңбек құқығын сақтауға қатысты заңнаманың мүлтіксіз орындалуы – заман талабы. Бұл жас ұрпақтың алдындағы асыл міндетіміз де. Ел ертеңі – жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Бала еңбегін пайдалану көріністерімен күресті ұдайы жүргізуіміз қажет. Балалар еңбегіне қатысты дау бір демде шешілер мәселе емес. Оны болдырмас үшін әуелі әрбір атаана бала алдындағы міндеттерін айқындап, өзара қарым-қатынасты бекемдеуге дағдылануы қажет. Сондай-ақ өз отбасын әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге маңыз беруі керек. Сонда ғана қоғамда тұрмыстың тауқыметінен тарыққан отбасы, еңбегі қаналған бала деген ұғым болмайды.

Әсел РЗАЕВА

11 тамыз 2024 ж. 150 0