№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әлеуметтік нысандар: Тәуелсіздікке тамаша тарту

Әлеуметтік нысандар: Тәуелсіздікке тамаша тарту


Соңғы екі жылда Сыр өңірінің құрылыс индустриясы үш есеге артты. Әсіресе, әлеуметтік нысандар, оның ішінде білім мен медицина саласына едәуір инвестиция құйылды. Биылдың өзінде жаңа білім ошақтары, ауылдық амбулатория, оқушылар үйі, ауруханалар мен оңалту орталықтары облыс тұрғындарының игілігіне берілді. Келер жылдың басында көптеген құрылыс нысандары аяқталуға жақын. Апта басында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорғанға іс-сапармен келіп, жаңа ғимараттардың көк желегі қиылды. Бұл тәуелсіздік мерекесіне тамаша тарту болды.

Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов бастаған топ Жаманбай батыр ауылдық округін бетке алды. Бұл ауылда №54 Ж.Қыдыров атындағы мектеп жанынан 375 орындық бастауыш сыныпқа арналған қосымша оқу ғимараты есігін айтқара ашып, балаларға базарлық жасалды.
– Биыл облыста білім саласына бөлінген қаржы 264 млрд теңгеге жетіп, аймақ бюджетінің 42,5 пайызын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артық. Соның нәтижесінде өңірдегі екі-үш ауысымдық мектептердің мәселесі шешіліп, мектеп тапшылығы толық жойылды.
Жаңақорған ауданында биыл білім саласына көп көңіл бөлінуде.
Құрылысқа 789,6 млн теңге қаржы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы бөлінді. Жаңа ғимаратта балаларымызға сапалы білім мен саналы тәрбие беріледі деп сенеміз. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Ертең елге тұтқа болар тұлғалардың тәрбиесіне бүгіннен көңіл бөлгеніміз абзал. Бұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда, – деді Ш.Байманов.
Еске салайық, өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 1 850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынғанын айта кету орынды.
Шарада құрылысты сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан азаматтар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Қазіргі таңда мектепте дайындық сыныптарын қоса алғанда 530 оқушы білім алуда екен. 65 мұғалім мен 34 техқызметкер бар, биылғы оқу жылында 31 оқушы 11 сыныпты бітіргелі тұр. Негізінен бұл мектеп ҰБТ көрсеткіші бойынша аудандағы ең үздік үштікке кіреді. Мұның өзі білім ордасы үшін үлкен жетістік. Пәндік олимпиаданың үздіктері, өнерпаздар қанат қаққан білім ордасынан әлі талай таланттардың тәрбиеленіп шығатынына сеніміміз мол.

Төменарықта аурухана ашылды

Төменарықта инфрақұрылым мәселесі толықтай дерлік шешілген, яғни, ауылда жол, жарық, ауыз су толық түйінделіп, былтыр көгілдір отын да келді. Алайда, ауыл тұрғындары қанша жылдан бері аурухана мәселесін биік мінберлерден түсірмей келген еді. Көптің талап-тілегі орындалып, 15 төсек-орынға арналған аурухана мен ауылдық амбулатория іске қосылды.
Салтанатты жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Егемен ел болу – бізге тағдыр сыйлаған бақыт әрі үлкен жауапкершілік. Ұлтымыздың қасиетті де қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Осы жылдар ішінде еліміздің жеткен жетістігі, бағындарған белесі аз емес. Өңір өндірісі өркендеп, әлеуеті артып, экономикасы орнықты дамып келеді. Облысымыздың бюджеті екі жарым жылда 206 пайызға ұлғайып, 750 млрд теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласы айрықша маңызға ие екенін айтып, медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болуы үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық ауданында 27 медициналық нысан салынуы жоспарланып, өткен жылы 16-сы іске қосылды. Оның ішінде, 1 дәрігерлік амбулатория Жаңақорғанның «Қаратөбе» ауылында ашылды. Қалған 11 нысанның құрылысы аяқталуда. Жақын күндері Бесарық, Әбдіғаппар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріледі. Ақ халатты абзал жандар – дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, науқастың дертіне дауа тауып, халық алғысына бөлене берсін! – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласында 1 медициналық бекет, 1 дәрігерлік амбулатория салынды. Жылына 10 мың адамға қызмет көрсететін «Қан орталығы» ашылып, жұмысын бастады. Жыл басында ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана құрылысы жүргізілуде. Нысан жақын күндері пайдалануға беріледі. Биыл Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы іске қосылса, жақын арада осындай орталық Арал ауданында да ашылады.
Бұдан бөлек, ұлттық жоба аясында 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салу жоспарланған. Сондай-ақ, 8 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтіп, 6 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, жабдықталу деңгейі 87,1 пайызға көтерілді. 2022 жылы халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік беріліп, елді мекендердің сұранысы толық қамтамасыз етілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өңірге бағыттаған қаржысына облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Облыстық онкология орталығына 1 млрд 100 млн теңгенің скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешені берілді. Мұндай кешен республика бойынша 3 облыста ғана бар.
Құттықтау лебізінен кейін еңбек ардагерлері мен құрылысшылар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді. Келген қонақтар аурухана ішін аралап, жаңа нысанның әлеуетімен танысты. Ауылдық аурухана тек Төменарық тұрғындарына ғана қызмет етіп қоймайды, іргелес жатқан Қожамберді, Сүттіқұдық, Екпінді және Сунақата сынды ауылдардағы ағайынға есігін айқара ашады. Амбулатория мен аурухана жаңа жабдықтармен жабдықталған, құрылыс сапасына көпшіліктің көңілі толды, заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Енді тек елге сапалы қызмет ету – басты міндет.
– Шыны керек, аурухананың қажеттігі көптен бері көпшіліктің аузынан түспей келді. Енді елдің атынан аймақ басшысына, депутаттарға, осы іске мұрындық болған жандарға үлкен алғыс айтамыз. Тәуелсіздікке тартылып жатқан тартуға алғысымыз зор. Расында құрылыстың сапасы көңіл қуантады, жұрт болып жұмылып жүріп, жауапты сала басшылары да бірге болып, сапасына бақылау жасадық. Ауыл тұрғындарының атынан айтар алғысымыз зор, – деп ауыл ақсақалы Темірбек қария ақ батасын берді.

«Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі»

Аймақ басшысы бастаған делегация құрамында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен аудан тұрғындары кенттегі 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын еліміздің ұлық мерекесімен, жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, әлеуметтік - экономикалық дамудағы жетістіктерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деген болатын. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика мектеп-интернаты, «Шығармашылық- инновациялық орталығы», «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Қазан айында елімізде алғашқылардың бірі болып ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 900 орындық білім ошағын табыстадық. Бүгінде 9 мектеп салынуда, жыл соңына дейін 4-еуі іске қосылады. Білім, ғылым, мәдениет және өнер саласының дамуы – өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Өңір мектептерінде оқитын 184 мың оқушының 168 мыңнан астамы спорттық секциялар мен үйірмелерге қатысады.
Бүгін балаларымыздың игілігіне берілген аудандық «Оқушылар үйінде» 19 үйірме бар. Бұл жаңа ғимарат балаларымызға бос уақытын пайдалы өткізуге, түрлі жаңалықтар ашуға мүмкіндік беретін екінші үйіндей болады деп сенеміз. Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда қаржы саласының ардагері Қалхазбек Әжібеков батасын берді. Еңбек ардагерлері мен құрылысшылар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Айта кету керек, үнемделген қаржыға өткен жылы қаржы үнемделіп, үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесі шешілді. Былтыр 1 170 орындық 4, осы жылдың басында 550 орындық 2 мектеп қолданысқа берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында Шиелі ауданында 100 орындық, Жаңақорған ауданында 150 орындық мектеп шәкірттерді қабылдады, 5 мектептің жанынан қосымша құрылыс салынды, 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Қызылорда қаласында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық «Оқушылар сарайы» ашылды. Бұл саладағы қолға алынған бастамалардың бір бөлігі ғана.
Бүгінде қос білім ұясында қаншама талантты шәкірттер тәрбиеленуде. Өнерпаздар мен ғылыми жұмыстармен айналысатын оқушыларға жасалынып жатқан қамқорлық бұл болашаққа деген биік баспалдақ. Осы орталықтардан ауданның ғана емес, аймақтың, қазақ елінің атын әлем алдында тұғыр төріне қондыратын оғландар шығатынына күмән жоқ.
Міне, мереке қарсаңында ауданда үш бірдей нысанның лентасы қиылды. Жыл соңында тағы да бірнеше ғимарат ашылады деп күтілуде. Келер жылдан да күтер үміт көп, ең бастысы, қазынамыз ортаймасын, қалғаны уақыттың еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

21 желтоқсан 2024 ж. 48 0