№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Темірбек турнирі

Темірбек турнирі

Баскетболдан білікті бапкер, ұлағатты ұстаз Темірбек Жарықбаевты еске алуға арналған облыстық турнир дәстүрлі жалғасын тапты. Осымен оныншы рет жалауы желбіреген жарысқа биыл аймақ командаларынан бөлек көршілес Түркістан облысы және Кентау қаласынан жас баскетболшылар келді. 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдерден құралған 8 команда жүлде жолында барын салды.
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов, бапкердің бауыры Анаркүл Жарықбаева мен шәкірті Қанат Айдаров ыстық ықыласын білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ағайымыздың аудан спортына қосқан үлесі өте зор. Аз ғана ғұмырында аудан ғана емес, аймақ спортының өрлеуіне өзіндік үлес қосты. Әсіресе, семсерлесу мен баскетболдың биігін тұғыр төріне орнықтырып, тарихын қалыптастырды. Ол кісінің тәрбиесін алып, көзін көрген шәкірттері бүгінде әр салада еңбек етіп жүрсе, спорт саласындағы ізбасарлары өзге өңірлердің спортын өрге сүйреп жүр. Бүгінгі жарыс дәстүрлі жалғасын тауып, келешекте бұдан да кең көлемде өткізілсе деген тілек бар, – деді шәкірті Қанат бапкер.
Иә, болашақта аудан баскетболының тарихын жазған бапкердің турнирі облыс емес, республикалық деңгейде өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы жаңақорғандық құрбыларына «Титай» есімімен танылған, тұлға туралы тереңірек тоқталсақ. Бала кезінен спортқа әуес Темірбек есейе келе қос спорттың тізгінін ұстайды. Әуелі семсерлесудің қыр-сырын үйреніп, облыстық, тіпті, республикалық турнирлерде топ жарады. Осы кезде баскетболды да қатар алып жүреді. Мектепті бітірген соң Қарағанды қаласында оқып, диплом алып, туған өлкеге қайта оралады. Алдымен заң саласында, яғни, облыстық прокуратурада еңбек етеді. Одан кейін аудан спортының өрлеуі жолында еңбек етеді.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының басы мен 90-жылдардың аяқ тұсына дейін аудан спортының өрлеуінде қызмет еткен Тәкеңнің еңбегіне ел жоғары баға берді. Әсіресе, оның ел егемендік алған жылдары тек аудан емес, аймақ баскетболының биік тұғырға көтерілуіне қызметі сіңді.
Семсерлесу спортын ауданға алып келген Жақсылық Егізбаев болса, сол спорттың одан арғы биігінде Әмір Рысбеков пен Темірбек Жарықбаевтың қолтаңбасы қалды.
– Темірбек өзімнің баламдай болды, оны үлкен спортқа мен алып келіп едім. Оның бойынан спорттық әлеуетті танып, тәрбиелеуге тырыстым. Жақсы көрсеткіш көрсетті, ол кезде бойы да кішкентай, жіптіктей еді. Кейіннен қалай мығым ер жеткенін де байқамаппыз. Иә, оның аудан спортына сіңірген еңбегі зор болды. Аудандағы спорт мектебінің директорының орынбасары болды. Қолынан келген қызметтің барлығын адал атқарды. Тағдырдың жазғаны ғой, өмірден ерте өтті. Әйтпесе, шығар биігі зор еді, – деп Жақсылық ағамыз еске алады.
Жақсылық Егізбаевты аудан спортының атасы деп те атайды. Сексен жастың сеңгіріндегі білікті бапкер, спорт жанашыры, әлі де шәкірт тәрбиелеп келеді. Міне, осындай ұстаздан тәлім алған Тәкең өмірде өз орнын қалыптастыра білді. Үйленді, үйлі болды. Бүгінде ізінде перзенті қалды. Темірбек Дүйсенбайұлының ізінен ерген бауырлары да спортқа жақын. Барлығының спорттағы биігі бір төбе. Мәселен, шәкірті, әрі қарындасы Сапаркүл Жарықбаева 2007 жылдан бастап Кентау қаласындағы Б.Саттарханов атындағы №1балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді. Темірбек Жарықбаевтың барлық еңбек жолын бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінен көре аласыздар, екеуі де «спорт шебері», Қазақстан чемпионы. Бір өкініштісі, қазір бұл спорттың оты сөнді. Ал баскетболдың бәсі биік. Тәкең салған ізбен келе жатқан шәкірттері, бүгінде республикаға танымал білікті бапкер Қанат Айдаров пен Дильяра Мұсаеваның оқушылары облыста озық. Олардың жетістігі бір төбе.
Кентау, Түркістан, Қызылорда, Шиелі мен Жаңақорғаннан келген командалар алдымен топтық кезеңнің мәселесін шешіп алды. Жартылай сында сүрінген Түркістан мен Кентау командалары қола жүлдені сарапқа салды. Ал, ақтық сынға шыққан жаңақорғандық жастар мен Түркістанның негізгі командасы ойынды тартысқа толы етті. Төрт кезең бойынша біздің оғландар 28:22 есебімен басым түсіп, көрші өңірдің
чемпиондарына күмісті ұстатты.
– Жарысқа биыл алғаш рет келдік, бұған дейін де біздің өңірдің жастары өнер көрсетіп, жүлделі орынмен оралып жүрді. Турнир жоғары деңгейде өтті, аудан баскетболшыларының болашағы бар екен. Бұйырса, келер жылы кеткен есені қайтарамыз. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, бұл жарыс бұдан да жоғары дәрежеде өтуіне тілектеспіз, – деді түркістандық бапкерлер.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің арнайы марапаттарымен награтталып, демеушілердің сыйлықтары табысталды үздік ойыншылар да құр қол қалған жоқ.

Әли ТЕМІРБЕК
22 желтоқсан 2024 ж. 27 0