№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кәсібінен нәсіп терген келіншек

Кәсібінен нәсіп терген келіншек


Біз өмір сүріп жатқан уақытты мүмкіндіктер дәуірі деуге болады. Білек сыбанып, көзін тапқанға тірліктің түрі көп. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өз үйінен кәсіп ашып, өрісін кеңейте алған еңбек адамының өнегесі көпке үлгі. Бүгінде Бесарық ауылында үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп, қабатында қаранар талапты арқалап, ойдағы кәсібін жолға қойған Сәуле Исмаиловамен еменжарқын сұхбатымызда бұған толық көзіміз жетті.
Алматы шаһарында өссе де Сәуле әпкеміздің қаланың қызымын деп ауыл тірлігіне астамсып қараған кезі жоқ. «Болмасаң да ұқсап бақ», – дегендей, алдыңғы буын апаларынан көргенін көкейіне түйіп, қолынан өткізуге талаптанып, ауыл өміріне тез икемделе түсті.
– Қалада өсіп-жетілсек те шыр етіп дүниеге келгенде кіндігімді кескен атамекен топырағына келін болуды жазыпты. Үй шаруасына икемім аз, орысшалау ортада өсіпқалыптасқандықтан біраз нәрседен мақұрым қалған жерім көп. Бірақ келген жерімдегі анам мені өзінің қамқор да, мейірім мектебінен өткізді. Оның үстіне, ата-әжемнің тәрбиесінің де өзіндік өрнегі бар. Бала күнімде ауылдағы ата-әжеме жиі келетінмін. Өзімнің Салаш әжем де өте еңбекқор кісі еді. Сол кездерде әжеміз үлкен қазанға көже пісіріп, ыдыстарға құйып алып, базарға сатуға шығаратын. Бойымдағы еңбек етуден қажымайтын қасиет осы кісіден дарыған шығар. Салаш апам мен үйдегі апамның ұқсас тұстары өте көп. Екеуі де еңбексүйгіш адамдар. Кейде апамды көргенде әжемді көргендей күй кешемін. Біздің бүгінгідей өсіпөнуіміз осы кісілердің өнегесі мен ақ батасының арқасында деп білемін, – дейді ол.
Сәуле Серікқызы әжеден көрген кәсіпті заманауи тұрғыда түрлендіре біліпті. Қораға мал ұстап, сиыр сауып, құрты мен майын, сүтін игілігіне икемдеді. Тіпті, «Сәуленің ням-ням көжесі» атауымен айран мен сүзбе қатқан көженің суы аудан дүкендері мұздатқыштарында қатар түзеді. Ол күніне 200 литрден аса көже шығарып отырғанын айтты. Бұл кәсіпті бастауының сыры жоқ емес. Ауылдан дүкен ашқан бұған сатуға бір кісі үнемі салқын көже әкеліп өткізеді екен. Үйде мал ұстап, айран-сүтін алып отырған соң «осы көжені өзім неге жасамаймын» деген ойға келеді. Бастамасын жолдасы да қолдай кетіпті.
Өзі ол туралы былай дейді:
– Алғашқы бөтелкелерді Алматыдан алдыртып, сыртқы жапсырмасын жасаттым. Атауын қою қызық болды. Бесарық ауылы тұрғындары мен қайныларым әзілдеп маған «ням-ням» деген ат қойған. Сол есіме түсіп, «Сәуленің ням-ням көжесі» деген ат қойдық. Қазір маркетингтің заманы ғой. Дереу көпшіліктің есінде қалып, сұраныс арта берді. Одан әрі апамнан көженің қалай жасалатынын сұрап, дереу іске кірістім. Бірінші кесесін апама апардым. Бірден «Мынаның тұзы аз!» деген ескерту берді. Уақыт өте оны да дұрыс жасауды үйрендім. Алғашында тек ауылда сататынбыз. Кейіннен ауданнан келген қонақтар бізге де жеткіз деген ұсыныс айтты. Осылай көптеп шығара бердім, - дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде ауданның барлық дүкендері мен наубайханалардан табылатын Сәуленің ням-ням көжесі сұранысқа ие. Сұраныс көбейген сайын еңбектің де артатыны түсінікті. Осыны ескерген кәсіпкер қарамағында бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
-Ауылда қарап отырмай бір тірлікпен айналысқан жақсы ғой. Сәуле екеуміз таңғы сағат 4-тен бастап іске кірісеміз. Сиыр сауып, сүт пісіріп, айран ұйытамыз. Көженің жүгерісі мен бидайын баппен пісіріп, құрт жайып, күбі пісіп жүргенде кештің батқанын да аңғармай қаламыз. Күбіні аппаратпен емес, баяғы қол күбімен пісіп май аламыз. Содан болар тұрғындар Сәуленің қолынан шыққан өнімдерді көп сұрайды, - дейді көмекшісі Анар Ақпанбетова.
Бүгінде Бесарықтың бетке тұтар келініне айналып отырған кейіпкеріміз Алматыдағы орта мектепті бітірген соң Кеңес Одағының Маршалы Иван Конев атындағы Алматы жоғары құрама әскери командалық училищесіне (қазіргі атауы Құрлық әскерлерінің әскери институты) оқуға түседі. «Планшет байланысшы» мамндығын ойдағыдай тәмамдап, алғашқы еңбек жолын осы саладан бастап, нәзікжанды болса да, бойындағы ер жігітке бергісіз қайсарлығының арқасында әскери өмірдің қыр-сырын меңгереді. Бойындағы батылдығынан болар, 300 метрден аса жер астындығы тереңдікте әскери қызметін 11 жылға жуық атқарып, абройлы еңбек етеді. Кейіннен жұмысын ауыстырып, Алматы қаласындағы үлкен мейрамхананың жұмысын дөңгелетеді. Иә, темірдей тәртіпке бағынатын әскери қызметтен үй шаруасын дөңгелеткен биязы келінге дейін тағдыр жолында Сәуле Серікқызының еңбексүйгіштігі мен алғырлығы замандастары мен артынан ерген сіңілдеріне үлгі болары сөзсіз.
Бүгінде жолдасы Жәнібек Сыздықов екеуі 8 бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасы. Отбасы мен кәсіпті қатар дөңгелетіп отырған кейіпкеріміздің бастамасына тек қана сәттілік тілейміз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
27 шілде 2024 ж. 218 0