№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Кәсіпкер ана


Бүгінде өз ісін дөңгелетемін деушілерге мүмкіндік көп. Тек кез-келген істің тетігін тауып, мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек. Міне, осылай кәсібін дөңгелетіп отырған Қандөз ауылының тұрғыны Гүлзираш Абдуқалиқызы. 2015 жылы ауылдан азық-түлік дүкенін ашып, бүгінде ісін дөңгелетіп отырған ана. Нағыз еңбек адамының адал кәсібі көпке үлгі боларлықтай. Тиыннан теңге құрап, толайым табыстарға жетіп жүрген кәсіп иесінің тіршілігін көзімізбен көріп қайтқан едік.


Қазіргі нарықта әркім өз бетінше кәсіп бастап, күнкөрісін қамтамасыз етуді жөн санайды. Әсіресе, жеке кәсіпкерлігін ашып, өз ісінің өрге домалауын жолға қоюды көздейді. Мемлекет те осы бастамаға дем береді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Гүлзираш Абдуқалиқызы Бесарық ауылында өскенімен, Қандөз ауылына тұрмысқа шығып, өсіп-өніп отырған берекелі шаңырақ отанасы. Отағасы Құтымбетов Рашит екеуі шаңырақ көтеріп, үш қыз, екі ұлды өсіріп, бүгінде барлығы да бір-бір үйдің иесі. Таңмен таласа дүкенін ашып, күнделікті тұтынатын тауардың бағасын қарапайым халыққа қолжетімді етіп, жеке бастың емес, жалпы жұрттың алғысын алға қойып келеді. Ауыл халқы керек-жарағына қалаға бармай-ақ, арзан бағада Гүлзираш апайдан алуды әдетке айналдырған.
– Үлкен кісілер «Саудада береке бар» дейді ғой. Расында, адал еңбек етсең Алла өзі бәрін реттейді. Саудада жүрген адамға адалдық пен қанағатшылдық керек. Сонда ғана сауданың берекесі кіреді. Әуелі күйеу балам Қайрат осы істі қолға алып, бізге сауданың қыр-сырын үйретті. Ол әлі күнге дейін жанымызға жанашыр болып, Түркістан қаласына барып, дүкенге керекті заттарды жақсылап таңдап, сапасына ерекше мән беріп әкеліп береді. Мен осы дүкенде отырып халыққа ұсынамын. Өйткені, тауарды алған адам ренжімеуі керек. Оның үстіне, нарық заманы ешкімге оңай тиіп отырған жоқ. Сол себепті де, барға қанағат етіп, бағасын көпшілікке қолжетімді етіп қоямын. Тұрғындар өзгелерге қарағанда сәл арзандау деп маған көбірек келеді. Маған өзгемен бәсекелес болу маңызды емес, ең бастысы ел риза болса болғаны. Бағаны аспандатып көтере алмаймын, халықтың жағдайын да ойлау керек. Дүкенде тек азық-түлік қана емес, жалпы тұрмысқа қажеттінің барлығын қамтамасыз етеміз. Өйткені, шалғай ауыл болғандықтан халыққа қалаға барып келу оңай емес, – дейді кәсіпкер.
Әр келушіні жылы шыраймен қарсы алатын Гүлзираш Сұлтанмұратова кез-келген тұтынушының сұрағанын тауып беруге тырысады. Алдында тұрған әрбір заттың сапасы мен қай елден келгенін талдап көрсетіп, нәпақасын адал еңбекпен табатынын байқатты. Кейіпкеріміздің дүкеніне барып, жұмыс барысын көзімізбен көргеннен кейін апайдың бұл ісі көпке үлгі екеніне көзіміз жетті. Өйткені, азық-түлік, киім-кешек, көздің жауын алатын ыдыс-аяқтың түр-түрінен бастап, қалауыңыздағы кез келген бұйымды таба аласыз. Тұрғындар талғамы күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан тұтынушы тапсырысы көңілден шыққаны абзал.
– Адам тәуекелшіл болмаса бір орыннан жылжымайды. Мен кәсіппен айналысқалы осыны түсіндім. Біздің бойымызда бір істі бастауға қорқақтайтын қасиетіміз бар. Болашағы қалай болар екен деп ойланып, тәуекелге бармаймыз. Қазақта «Нар тәуекел» деген сөз бар ғой. Адам тәуекелшіл болу керек, сол кезде бір нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Адамның өзі еңбек етіп, өзінің жеке кәсібінен нәсібін тапқаны ең жақсы іс. Ешкімге тәуелсіз өз ісіңді
жүргізе білу де өнер, – дейді кәсіпкер.
Бір айлық табысты емес, ешкімге тәуелсіз табыс тапқанды құп санайтын кейіпкеріміз болашақта отбасылық кәсіпке ден қоятынын тілге тиек етті. Бәсекелестік қалыптасқан ортада қашан да сапалы қызмет жүреді. Халықтың көзі ашық, тыныс-тіршілігі кеңіді. Ел арасында, «Сауда әділ болмаса – нарық бұзылады», – деген тәмсіл бар. Аптасына жеті күн есігі ашық тұратын Гүлзираш апайдың дүкені бүгінде көпшіліктен оң бағасын алып, үлкен сұранысқа ие. Тәуекелге бел буып, өзін дамытқысы келетін адам ғана белгілі бір кәсіппен айналыса алады. Әрі еңбек еткен табысқа жетеді, яғни жалқаулығын жеңген адам ғана мол бақыт пен байлыққа кенеледі. Сондықтан өзі орта жастан асса да, кәсіпкерліктің көшін бастап отырған Гүлзираш Абдуқалиқызының еңбегі көпке үлгі.

Әсел Рзаева
09 қазан 2023 ж. 274 0