№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жастар тәрбиесі – қоғамның іргетасы

Жастар тәрбиесі – қоғамның іргетасы



Жас шыбық түзу өсуі үшін оған ерекше күтім қажет. Ал жас өреннің жүрер жолын адаспай таба білуіне ата-ана тәрбиесі аз, аласапыран өмір ағымында ақиқат жолын нұсқар ортақ құндылық қажет. Бұл ата-бабадан келе жатқан асыл дінімізбен ұштасқан ұлттық ұстанымыз дей аламыз. Осы үрдісті қайткенде өз мағынасында өрістетуге болады? Жаңақорған аудандық мешінің наиб имамы Дәулет Орынбасаровпен сұқбаттастық осы тақырып төңірегінде.
– Қазіргі жастардың дінге бет бұруы, адамгершілік сипаттары қай қырынан көрініс беруде?
– Жастық кезең – тап-таза ақ парақ сияқты, оған нені таңбалайсыз, тағылымды содан алады. Сондықтан бала тәрбиесін отбасынан бастауымыз керек. Біздің кезімізде үлкендер «ұят болады», «обал болады», «қиянат қылма» деген сөзбен тәрбие бере білді. Бүгінде ақпараттар майданында аталы сөзді саралап, санаға сіңіру үлкен-кішіге бірдей оңай тиіп тұрған жоқ. Ұрпағымызды ұлттық құндылықтарымызға баули білсек рухы биік ұл-қыз өсіп шығады. Жалпы, аудан жастарының имандылыққа бет бұруы жаман емес. Мешітке келуші жамағаттың басым көпшілігі жастар деп айтса қате болмас. Барлығы дерлік ата-әже мектебінен өткен обал-сауапты білетін ойлы да, орнықты парасатымен қуантады. Десе де, кей жастарымыз дінге қатысты сауал туындағанда жергілікті имамдардын сұрағаннан көрі, қолындағы сматфоннан іздеп, ондағы ақпараттар дұрыс не бұрыстығына бас ауыртып жатпайтыны қынжылтады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының немесе Дін зерттеу орталығы мамандарының діни курстарын немесе уағыздарын тыңдаса талас жоқ. Өзі кім екені белгісіз, кез-келген аудиторияны пайдаланып елге сөз арнайтын экстремистік сипаттағы топтардың таспалары желілерде желдей есіп жүр. Солардың қармағына түскен қарғадай жастар діни білімнің аздығынан ақпаратты шынайы қабылдап, арты адасуға әкеліп соғуда. Көп жағдайда атаанасының қарауынсыз қалған немесе толық отбасынан шықпаған жастың жылулықты аңсаған көңілі көлденең көк аттыға шатылуы айтпаса да түсінікті. Ата-ана таңнан қара кешке дейін бейнетке жегіліп, баласының тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеуінен адал мен арамды, жақсы мен жаманды ажырата білмейтін жеткіншек көшедегі жат ағымның тұзағына оп-оңай тұтылары кәміл.
– Сөзіңіз өте орынды. Расымен, сіз айтып отырған мәселелер барлығымызды да алаңдатып отыр. Әсіресе қазіргі жастар шамалы қиындыққа сабыр етіп, төзімділік танытпай, сынып қалады. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Дұрыс айтасыз, санасы мығым қалыптаспаған жастардың тез күйзеліске ұшырауы кеңінен белең алып барады. Қамшының сабындай қысқа өмірде жақсыны да жаманды да қатар көресің. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп ашуланасың, енді бірде өзің қателікке ұрынасың. Әйткенмен де жаратқан Алланың пенделері басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жараннан жылылық, мейірім, көмек пен қолдау күтеді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымның мүшелері ет жақын бауыры көрсетпеген жылулықты көрсетіп, бауырмалдылық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңіліне демеу болуға барын салады. Осылайша айырылмас дос болып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Таһа» сүресінің 131-аятында: «Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршіліктің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі қайырлы да тұрақты», – деп айтқан. Осы ретте бір оқиғаны мысалға келтірейін. Баяғыда кедей тұратын, бірақ та бала тәрбиесіне, әдет-ғұрыпқа үлкен мән беретін жанұяның жас келіні қымызға жерік болыпты. Үйінде сауып ішетін биесі жоқ, көрші үйге қымыз ішкісі келіп бара қалса, есік ашық, үйде ешкім жоқ екен. Ілулі тұрған торсықтағы қымызға көзі түседі. Алып ішейін десе, бойы жетпейді, торсықтың бүйірін тесіп, түтік шимен бірер жұтып, тесікті қайта бекітіп шығып кетеді. Кейін осы келіншектің ұлы сол көрші үйдің балаларымен ойнап жүріп, әлдебір затты қолды еткені белгілі болады. Жас әйел баласын барынша жақсы тәрбиелеп жатырмын деп ойлаушы еді. Қай жерден қателескенін есіне түсіре алмайды. Сонда баяғы көрші үйдің бәйбішесі келіншекті ұлымен бірге үйіне шақырып, алдымен екеуінен кешірім сұрайды. «Осы балаға аяғың ауыр кезде қымызға жерік болып, біздің үйге қымыз ішкің келіп кірген болатынсың. Мен сыртта жүр едім, сен үйде біз жоқ болсақ та, жерік асың ұятқа жеңістік бермей торсықтағы қымызды түтікпен бірер ұрттадың. Соны мен сыртта жүріп көріп қалдым, бірақ қылмысқа баламап едім, ұялып қалар деп өтірік көрмегенсіген болдым. Сонда өзім шақырып алып, жерік асыңды сұратпай, ұрлатпай ұсынуым керек еді, кішкентай түтікпен жұтқан бір жұтым қымызың мына баланың болмашы қылығы болып шығып тұрғанын қарасайшы!..» – деген екен. Осы оқиғада айтылғандай, ата ана өзінің бой-басы, жүрістұрысына мән беруі маңызды.
– Жат ағымдардың жастар санасына ықпалы жағдайды күрделендіре түсетіні рас. Осы тақырып жөнінде әңгімелесеңіз.
– Пиғылы жат діни теріс ағымдар бүгінде ғаламдық проблемаға айналып отыр десек артық айтқандығымыз емес. Арғы-бергі, тоқсан толғаулы тарихымызды парақтар болсақ, халқымыздың қандай да бір діни алауыздықтарға жол бермегенін байқаймыз. Қазіргі ата-ана баласы Алланың атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қобалжитын жағдайға жеткен. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың қитұрқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар. Жаһандану заманындағы басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы мысықтілеу миссионерлер ұлтымызға жақын ислам діні атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда. Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап шетелге діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал, қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Дегенмен де суды бұлақтың басынан ішейік, шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған діни сауаты аз жастар заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың теріс уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келіп уағызымен жүргендері де баршылық. Алайда, біздің өңірімізде дәстүрлі емес діни ағым бағытындағы жастар жоқ деп кесіп айта аламыз. Өйткені жаңа сұхбатымның басында айтқандай барлығы дерлік ата-әже мектебінен өткен, обал-сауабын ажырата алатын жастар. Тәрбиеге берік, иманы кәміл адам адаса қоймайды. Қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты. Сондықтан әркім діни білім деңгейін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға барынша мүдделі болуы тиіс.
– Бүгінде діни білім алуға ынталы азаматтарға нендей қолдау бар?
– Мәселен, Жаңақорған ауданы Төменарық ауылының тұрғыны Досболат есімді азаматтың қолдауымен ауыл мешіті жанында КМДБ-ға қарасты дәріс беру орталығы жұмыс жасауда. Директоры Абылайхан Ермаханұлының басшылығымен шәкірттер тәрбиеленіп, олардың көпшілігі Алматы қаласындағы "Нұр Мүбарак" Египет Ислам мәдениеті университетіне білімдерін жалғауға талаптанып отыр. Жаңақорған кентінде Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының бойында Талғат Әзімханұлының қолдауымен заман талабына сай бой көтерген КМДБ-ға қарасты "Айқожа ишан" Қарилар даярлау орталығы" жұмысын бастады. Орталықта Абылайхан Нағызханұлы және Асан Мұстафаұлының алдынан 50-ге тарта шәкірт білім алып шықты. Елдің бәрі тақуа болу мүмкін емес. Бірақ діни білімсіз қараңғыда шырақсыз қалғандай боларымыз қақ.
– Қазақ халқы шын мәнінде салт-дәстүрге бай. Осы дәстүрлеріміздің дінмен байланысы жөнінде айтып өтсеңіз. Халқымыздың барлық жөн-жоралғысы мағынасын жойған жоқ.
– Бірінші: Азан шақырып ат қою. Ата-ананың баланың алдында үш міндеті бар: туғанда жақсы ат қою, жақсы тәрбие беру, үйлендіру. Бұл хадисте де айтылған. Азан шақырып ат қою – сәбиге ат қоюдың мұсылманша дәстүрі. Сәбидің бір құлағына азан шақырып, екінші құлағына қамат айтып есім қою сүннет амал болып саналады. Бұл амал нәрестенің жынысына байланысты емес: ұлға да, қызға да жасалады. Ислам дінін ұстанған қазақ халқы үшін жат емес дәстүрлердің бірі болғандықтан «азан шақырып қойған аты» деген тіркесті күнделікті қолданысқа енгізіп жіберген. Азанды білген кез келген мұсылман баланың атын қоя алады. Міндетті түрде имамның немесе молданың азан шақыруы шарт емес. Егер де жас кезінде балаға қандай да бір жағдайлармен азан шақырылмаса, есейген кезінде де шақыра беруге рұқсат. Азан шақырудағы мән-мағына – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетін орындау. Ал екіншіден перзенттің ең алғашқы естіген даусы азан даусы болғаны дұрыс. Ол сәбиге жасалатын ең алғашқы діни дәстүр болып табылады. Азанның мағынасы мен мазмұнында Алланың ұлылығы, жалғыздығы, пайғамбарлық және намаз сияқты діннің негіздері қамтылған. Сонымен қатар, халқымыздың дәстүрінде кең тараған ырым – нәрестенің, аузына түкірудің мәні не? Халқымыз ел арасында аты шыққан би-шешендер мен ақындарға, батырларға, аузы дуалы ақсақалдарға балаларын әкеліп, аузына түкіртетін болған. Мұндағы мақсат – сәби өскенде сол сияқты үлкен азамат болсын, солардың қасиеті жұқсын, өнегелі кісі болсын деген ниет. Тіпті мұны ел арасында мақтаныш етіп айтатын да болған. Перзентінің болашағына үлкен үмітпен қарайтын ата-ана баласының «аузына түкірген» адамы туралы құлағына құйып, сол азаматтай үлгілі болу керектігін үнемі айтып отырған. Халқымыз өзінің батырларын, атақты ақындарын, билерін, шешендерін өте жоғары бағалағандықтан, өз баласының да соларға ұқсағанын жақсы көрген. Бұл дәстүрде ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Баланың аузына түкіру – халқымыздың жақсы ниетінен туған әрі ел ішінде әлі жалғасын тауып келе жатқан игі дәстүр. Сондай-ақ, қазақ халқында ер баланы үш, бес, жеті не тоғыз жасында «Ашамайлы атқа міндің, мұсылмандық таққа міндің» деп сүндетке отырғызып, сүндет той жасау дәстүрге айналған. Бұл дәстүр Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) келе жатқан ханифтік діннің рәмізі. Имам Маликтің еңбегінде: Сағид ибн Мұсайабтан мынадай дерек келтіреді: «Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар ең бірінші мұртын қысқартып басқан, ең бірінші болып шашындағы ақты көріп: «Уа, Раббым! Бұл не?» – деген. Сонда Алла Тағала: «Салмақтылық, байсалдылық», – деген. Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын): «Раббым, менің байсалдылығымды арттыра гөр!» – деген екен».
– Бүгінгі ер азаматтарға тән, ер жігіттің бойында болуы тиіс қандай қасиетті атап өтер едіңіз?
– Өткенге көз жүгіртсек, қазақ тарихында қаншама текті азаматтардың болғанын көреміз, бір-бірінен асқан шешен, дана, батыр бабаларымыз өткен. Олардың бойынан тектілік, ер азаматқа тән қасиеттерді көруге болады. Демек, халық арасында текті әулеттен шыққан, текті азаматтың баласы деп бекер айтпағаны түсінікті. Қазақ ұлды әрқашан ержүрек, батыл, өнерлі болуға баулып келеді. «Еркек мінезді әйелден без, әйел мінезді еркектен без» деген халық даналығы да осындай асқар ойдан туындаса керек. Ежелден адам баласының жаратылыс мақсатына сай Алла Тағала еркек пен әйелдің орнын, жаратылыстық қабілетін және міндеттеріне сай мінездерін де бөліп жаратқан. Ұл бала үшін еңбектен кейінгі ең маңызды тәрбие қайнары ол – жеті атасын білу, тектілік әрі намысқойлық. Қазақ жеті атасын білмеген азаматқа тәрбиесіз, тексіз, білімсіз деп билік пен ел тізгінін ұстауға сенімсіздік танытқан. Себебі тегін білмеген текті әңгіме айтпайды деп санайды. Сондықтан да, бүгінгі күні әрбір отбасында өмірге келген ұлға ерекше қарап, ер азамат алға қойған мақсатына жетіп, аңсаған арманының шыңын бағындыру үшін, өзіне деген сенімділікті бойына қалыптастыру қажет.
– Келелі сұхбатыңызға рахмет, қызметіңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбатты жүргізген Әсел РЗАЕВА
21 шілде 2024 ж. 893 0