№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кеніш майталманы

Кеніш майталманы


Елімізде шілде айының үшінші жексенбісін металлургтер күні ретінде атап өтуге мемлекеттік деңгейде мән беріліп келеді. Өйткені металлургия саласы отандық экономиканы дамытудың ең ірі секторы. Бұл елдегі барлық индустрияның үштен бір бөлігін құрайды. Бүгінде металлургия саласы дамудың инновациялық жолына түсіп, өндірістік ұжымдарға болашаққа нық сеніммен қарауға болатынына нақты негіз қалап отыр. Әйтсе де технологияның әлеуетінен бұрын тұлғалық ерік-жігерге келіп тірелетін адам факторы әркез басты орында тұратынын кез келгеніміз мойындасақ керек.
Көне дәуірден Ұлы Дала төсінде тау-кен кәсіпшілігінің құпиясын меңгеру жаңа дәуірдің қақпасын ашып, бүгінгі жойқын жетістігімізге негіз қалап бергені белгілі. Ал Қаратау өңірінде мырыш пен қорғасынның мол қоры өткен ғасырдың жетпісінші жылдары нақты анықталып, жергілікті жерде қиындығы мен қаупі қатар жүретін мамандықты меңгерген майталман еңбек адамдарының есімін елге танытты.
Солардың қатарында зейнеттік жасқа жетіп, Шалқия кеніші өндірісінің басшылығының мақтау-марапатына ие болып отырған Мейрамбек Жақыпұлымен арнайы жолығып, еңбек жолы туралы айтып беруін сұрадық.
– Мен 1989 жылы Шалқия кенішіне бұрғылаушы болып болып жұмысқа кірдім. Тоқсан алтыншы жылдары кеніш жұмысы тоқтап, дағдарысқа тап болған кезеңдерде әр жерде жұмыс істеуге тура келді. 2001 жылы кеніш қайта ашылып шахтада маркшейдер болып жұмыс атқардым. Алты жылдан соң кеніш жұмысы қайта тоқтап, еңбек өтілімді күкірт қышқылы зауытында жалғауыма тура келді. 2014 жылы кеніш жұмысы қайта аяққа тұрып, содан бері бүгінгі уақытқа дейін маркшейдердің көмекшісі болып қызмет атқарып келемін. Маркшейдер – жер астында атқарылатын жұмыстың көлемін белгілеп, бағыт-бағдарды сызып жүйелі схема түзіп отырады. Оның есеп картасында руданың түрлері, межесі мен мөлшері жан-жақты нақтыланады. Ал кеніштегі жұмыстың көбін бүгінде машина істейді. Алғашқы кезде осы жұмыстардың барлығы қолмен атқарылатын. Кенішті алуда алдымен белгіленген аумақты қол күшімен бұрғылап, қуыстарға толтырылатын дәрінің күшімен қопарып жарылыс аумағы тазарғаннан кейін сумен шаю, осы бейнеттің барлығын кеншілер атқарды. Бір мезетте 4 учаскеде қызу жұмыс жүріп жататын. Шығарылған кеніш Кентау кен байыту фабрикасына жөнелтіліп жатты. Бұдан былай қорғасын, мырыш, тіпті белгілі көлемде алтын мөлшері де бар шикізатты өзімізде өндіреміз деген жоспар бар. Кен байыту фабрикасы құрылысы басталатын болса 1500 адамға дейін жұмыспен қамтылатын болады.
– Кеншілерге жасалған жағдай көңілден шыға ма, бұл туралы не айтасыз?
– Мен өзім алғаш кенішке жұмысқа кірген кезде кеншілердің жалақысы жоғары болатын. Жаңадан бой көтерген Шалқия қалашығы тұрғындарының жағдайы сол кезде Жаңақорған кенті орталығынан көш ілгері болды. Көп қабатты үйлер соғылып, бір орталықтан жылытылып, су кіргізілді. Мектеп пен балабақша үйі тұрғызылды. Жұмысшыларға жатақхана, асхана соғылды. Кейін шахта жұмысы тоқтап қалған жылдары осы игіліктердің көбі иесіз қалғаны рас. Өндірістің іске қосылуы тұрғылықты жердің тынысын ашып, белгілі кәсіп пен күнкөріске негіз қалап отыр. Жұмысшыларға жан-жақты жағдай жасалған. Жалақымыз уақтылы және мерекелер сайын сыйақы тағайындалып отырады. Кешегі өткен Астана күнінде арнайы көтермеақы алып, көңіліміз бір көтеріліп қалды, - деді ол. «Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп?» деген сауалымызды қойдық еңбек адамына.
– Атамыз Жұрқабай 41-жылы майданға кетіп, біраз уақыт хат келіп тұрған да содан соң хабарсыз кеткен екен. Әжеміз ерінің соңында төрт ұл-қызды өзі асырап-жетілдірген жігерлі жан еді. Балалары ол кісінің қабағына қарап тірлігін дөңгелете беретінін бала да болсам көңіліме тоқып өстім. Әйткүл әжем тұңғыш немересі – мені бауырына басып өсірді. Сондықтан мен ол кісіні ғана мойындадым.
Бір жаққа кете қалса қашан оралғанша терезе алдында жылап тұратын едім. Менің айналаға деген көзқарасымды қалыптастырған да осы бір қайратты, тағдыр сынына қайыспай қарсы тұра білген жан еді десем қателеспеймін. Мен сол кісінің сенімін ақтағым келді. Кішкентайымнан батыл шешімді, өз пікіріме жүгінетін жүрек қалауымды бірінші орынға қойғандықтан болар, жеңілді күйттемей, қандай салмақты міндетті де мінсіз атқаруға тырысып бақтым. Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деп жатады ғой, ұлым Ерлан да менің жолымды қуып, қазірде қабатымда жұмыс атқарады. Маркшейдер мамандығын игерген.
– Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? Егер қайта мүмкіндік берілсе осы жолды таңдар ма едіңіз?
– Әркімнің төл кәсібі – тағдырының бір бөлшегі болып қалады екен. Қайтадан мүмкіндік берілсе мен дәл осы жолды таңдар едім. Өйткені ол менің өмірім. Осында еңбек еткен жылдары жақынымнан да артық болып кеткен жолдастар таптым. Өмірдің өзі осынысымен қызық қой. Кеше, алпыс үш жасқа толған тойымды атап өтіп, жақын адамдардың барлығын қызықшылығыма ортақ болуға шақырдым. Қонақтарымның көпшілігі өз ұжымымдағы әріптестерім және екі жыл әскер қатарында болған жолдастарым екен. Осыдан қарапақ қоғамның ең үлкен тартуы – терең сыйластықтың аясы айналамдағы адамдар арқылы берік қамалға айналғанын түсіндім. Осының барлығына шынайы ниет, адал еңбегім арқылы қол жеткіздім ғой. Сондықта да балаларыма да осындай жолымды ұлағат еткім келеді. Рас, шахтаның астында, тіпті жазатайым құрбан болып кетуің де мүмкін кездейсоқтық оқиғаларға да тәуекел етіп тас жұтуға тура келеді. Бейнеті ауыр, қаупі де жоқ емес. «Жар үстінде жантақты жаннан безген алады» дегендей, таңдаған кәсібіне табанды талаппен ден қойған тағдырластарыңмен бір сызықта тер төге жүріп өмірлік мақсатмүддең де ортақ, бір кісідей болып кетеді екенсің. Соған көзім жетті. Мүмкін, біздің мамандығымыз сол үшін қадірлі шығар.
– Шәкірттеріңіз бар ма?
– Ия. Жолымызды қуып келген жастарға кәсіптің ұңғыл-шұңғылын түсіндіріп, үйретуден аянбаймыз. Олардың ішінде айт– қаныңның ұсақ-түйегіне дейін қызыға ден қойып қағып алатыны да бар, екі-үш күн өткен соң келгеніне өкініп, тырнақ тістейтіні де бар. Мәселе – ауыр болсын, жеңіл болсын кәсібін шын сүйе білуде. Кейде практикадан өтуге келген жастардың арасында маркшейдер мамандығын таңдаған қыз баланың кездесуі кәдімгідей толғандырады. «Басқа мамандықты неге таңдамадыңдар?» деп ескерту айтып қалатынымыз да рас. Бірақ солардың ішінде анау-мынау жігіттерден артық ерік-жігері бар қыздардың талабы таң қалдырды. Тіпті жас күнімде өзім де кентаулық Гүлжанат деген маркшейдер маманмен бір ауысымда болып, салмақтың ауырын арқалауға тырысып бақтым. Қазір осы азаматпен туғандай араласып отбасымызбен барысып-келісіп тұрамыз. Кәсібімізді қадір тұтуымыздың астарында осындай мағына бар, – дейді ол.
Бұл кісімен әңгімелесу барысында сәт сайын түйсікте тұрар сақтық, сезімталдық, ұшқырлық, жинақылық сынды жердің үстіндегі жайлы орын, жылы мекенде күн өткізіп жүрген көбіміз елеп-ескере бермейтін ерекшелікке ие кенші мамандарының қабілет-қарымына бас игендей болдым. Тасты тесіп, тау бұзған кеншінің бойында қарулылық қана аз, әмісе жүректі азықтандырып, ерік-жігерін еселер ақыл-ой байлығы қымбат. Бұл ретте жас күнінде Құттықожаның интернатында еңбектеніп, кейін келе ауыл поштасының жұмысын басқарған әке өнегесінің орны бөлек екенін айтты ол . Әкесі терең шежіреші кісі болған екен,
Елде кім бар, түп-тұқиянына дейін жіліктеп айтып бергенде көпті таң қалдырған. Содан соң қолына түскен газет-журналды түгел ақтарып, ішінен керекті мәліметтерді қағазға тізіп отыруды әдетке айналдырған, бүкіл заң-зәкүн, қаулы-қарарды жіліктеп шағып, көзіне шұқып көрсетіп отырған оның алдынан шығар бір адам болмапты ауылда. Сайып келгенде, тегін насихатшы, ауылдың бетке ұстар білімді адамы болып тұр ғой бұл кісі. Ұрпағы қалай ұлағатты болмасын.
Иә, өзінің төл кәсібіне лайық бекем мінез, сертке берік осындай азаматтарымыз аман болсын демекпіз.
Мерекелеріңіз құтты болсын!

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 шілде 2024 ж. 841 0